NVIDIA негізін қалаушы Қазақстанды жаңа жаһандық AI-инфрақұрылымның бір бөлігі деп атады

1430
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстан жаһандық AI-инфрақұрылым нарығына шығып келеді.

Екібастұзда Firebird пен «Қазақтелеком» қуаты 125 МВт болатын Data Center Valley жобасын дамытып жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Арменияның Раздан қаласында Firebird компаниясының AI-кампусының бірінші кезеңінің ресми ашылуына қатысты.

Қазақстан Firebird AI компаниясы үшін негізгі нарықтардың біріне айналды: Екібастұзда қуаты 125 МВт болатын AI-инфрақұрылым дамып келеді

Іс-шараға Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян, NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг, NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредян, АҚШ Үкіметінің, халықаралық технологиялық компаниялардың өкілдері, инвесторлар мен сарапшылар қатысты.

Қазақстан Firebird AI компаниясы үшін негізгі нарықтардың біріне айналды: Екібастұзда қуаты 125 МВт болатын AI-инфрақұрылым дамып келеді

NVIDIA DSX негізіндегі ірі AI-фабрика ашылды

Firebird-тің Армениядағы жаңа нысаны NVIDIA DSX архитектурасы негізінде жұмыс істейтін өңірдегі ең ірі AI-фабрикаға айналды.

Компания 2027 жылдың соңына қарай Армениядағы инфрақұрылымын NVIDIA Rubin және Blackwell GPU-ларының 70 мыңнан астамына дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Есептеу қуаты 300 МВт-қа дейін өсуі тиіс.

Қазақстан Firebird AI компаниясы үшін негізгі нарықтардың біріне айналды: Екібастұзда қуаты 125 МВт болатын AI-инфрақұрылым дамып келеді

Қазақстан Firebird компаниясының екінші нарығына айналды.

Қазір компания Екібастұзда жобаның операторы – «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп Data Center Valley жобасын іске асырып жатыр. Оның жоспарланған қуаты – 125 МВт.

Жоба қажетті рұқсаттарды алды

Қазақстандағы жоба Үкімет тарапынан қажетті келісімдерді алған.

Сонымен бірге тиісті технологияларды жеткізу үшін АҚШ Сауда министрлігінің Өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросынан – BIS-тен экспорттық рұқсат берілген.

Бұл жоғары өнімді GPU жабдықтарын Қазақстанға жеткізу және халықаралық технологиялық инфрақұрылымды орналастыру үшін негізгі шарттардың бірі.

Дженсен Хуанг Қазақстанды жеке атады

NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг өз сөзінде Қазақстан мен Армениядағы AI-инфрақұрылымның маңызына тоқталды.

«Firebird компаниясымен бірлесіп, Армения мен Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту үшін зерттеушілерге, стартаптар мен индустрияға қажетті есептеу базасын ұсынатын, елдердің ішінде жасанды интеллект әзірлеуге, халықаралық инноваторларды тартуға және жаһандық AI-экономикаға қатысуға мүмкіндік беретін AI-инфрақұрылым құрып жатырмыз».

Қазақстан өзінің AI-инфрақұрылымын құрып жатыр

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, ірі есептеу орталықтарын дамыту Қазақстанның дербес AI-инфрақұрылымын қалыптастыру стратегиясының бір бөлігі.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз өзіміздің AI-инфрақұрылымымызды кезең-кезеңімен қалыптастырып келеміз. Қазақстанда ірі есептеу қуаттарын орналастыруға қажетті энергетикалық база, аумақ және дамыған цифрлық экожүйе бар. Біздің міндетіміз – жаһандық технологиялық серіктестерді тартумен қатар, ел ішінде жасанды интеллектіні, зерттеулерді, стартаптарды және жаңа цифрлық сервистерді дамыту үшін толыққанды орта қалыптастыру», – деді Жаслан Мәдиев.

Екібастұздың таңдалуы да кездейсоқ емес. Өңірде ірі есептеу орталықтарына қажетті энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік бар.

«Қазақтелеком»: Қазақстан өңірлік есептеу орталығына айнала алады

«Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин Data Center Valley жобасы Қазақстанның халықаралық AI-нарығындағы позициясын күшейте алатынын айтты.

«Екібастұздағы Data Center Valley — Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ЖИ инфрақұрылымын құруға қабілетті екенін дәлелдейтін жоба. Мұндай жобалар Қазақстанның өңірлік есептеу қуаттарының орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтып, отандық экономикаға жаһандық ЖИ индустриясына тікелей шығуға мүмкіндік береді», — деді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.

Транскаспий желісі AI-жобаларға не береді

Қазақстан AI-инфрақұрылымды тек дата-орталықтар мен есептеу қуаттарын салумен шектемек емес.

Ел халықаралық цифрлық байланыстарды да кеңейтіп жатыр. Соның бірі – Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі.

Жоба:

  • Еуропа бағытына деректерді жеткізудің жаңа жоғары жылдамдықты маршрутын қалыптастыруға;
  • ірі дата-орталықтардың сыртқы байланысын күшейтуге;
  • AI-жобалары үшін қажетті халықаралық инфрақұрылымды дамытуға;
  • Қазақстанның цифрлық транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар халықаралық компаниялардың деректері мен цифрлық инфрақұрылымын Қазақстанда қауіпсіз орналастыру үшін жағдай жасалып, технологиялық бизнеске арналған реттеуші орта жетілдіріліп жатыр.

Firebird қуатын 2 ГВт-қа жеткізбек

Firebird халықаралық нарықтағы экспансиясын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Компания 2028 жылдың соңына қарай Армения, Қазақстан және басқа нарықтардағы AI-инфрақұрылымының жалпы қуатын 2 ГВт-қа дейін жеткізуді көздейді.

Firebird NVIDIA компаниясының да инвестиция салуға ниетті екенін хабарлады. Бұған дейін компания инвесторларының бірі CoreWeave болған.

Тартылған қаржы жаһандық GPU және AI-инфрақұрылымды жедел кеңейтуге бағытталмақ.

Бұл Қазақстан үшін нені білдіреді

125 МВт қуатты Data Center Valley – жай ғана жаңа дата-орталық емес. Ол Қазақстанды жоғары өнімді есептеу қуаттарының халықаралық тізбегіне қосатын инфрақұрылымдық жоба.

Мұндай орталықтар отандық AI-модельдерді оқытуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге, стартаптарға есептеу ресурсын ұсынуға және халықаралық технологиялық компанияларды елге тартуға мүмкіндік береді.

Энергетикалық база, халықаралық деректер арналары және қолайлы реттеу қатар дамыса, Қазақстан Орталық Азиядағы AI-есептеу қуаттарының негізгі хабтарының біріне айнала алады.

Firebird Inc. – AI бұлтты шешімдері мен инфрақұрылымы саласында жұмыс істейтін, халықаралық нарықтарда масштабталатын GPU-инфрақұрылымды дамытатын америкалық компания.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -