Іссапарды енді ЖИ рәсімдейді. Freedom Business Travel қызметкердің сұранысына қарай билет, қонақүй және басқа да қажетті қызметтерді іріктеп, компанияның лимиттері мен іссапар ережелерін ескеретін AI Travel Agent сервисін іске қосты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Freedom Travel-дың B2B бағыты саналатын Freedom Business Travel бұл өнімді Орталық Азияда көпшілікке таныстырылған алғашқы іссапарға арналған ЖИ-агент деп атап отыр. Сервис қазір бета-нұсқада Telegram мен Slack арқылы қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Компанияның мәліметінше, сапарға қажетті нұсқаларды іріктеу екі минуттан аспайды.
Бір іссапар үшін ұзақ хат алмасудың қажеті жоқ
Бұған дейін корпоративтік сапарды ұйымдастыру бірнеше кезеңнен өтетін.
Қызметкер қайда және қашан баратынын тревел-менеджерге жолдайды. Менеджер рейстер мен қонақүйлерді іздеп, олардың компанияның іссапар саясаты мен белгіленген бюджетіне сәйкестігін тексереді. Содан кейін ғана нұсқалар қызметкермен келісіліп, төлем расталып, билет пен ваучер рәсімделетін.
Енді осы процестің басым бөлігі мессенджердегі қысқа диалогқа сыйып отыр.
Қызметкер AI Travel Agent-ке сапарын қарапайым тілмен жазып береді. ЖИ сұранысты талдайды, қажет болса қосымша мәлімет сұрайды және белгіленген корпоративтік талаптарға сай нұсқаларды ұсынады.
Агент ұшақ пен пойыз билетін, қонақүйді, трансфер мен таксиді де іріктей алады. Ал тревел-менеджерге төлемді мақұлдау қалады.

ЖИ тек арзан билетті іздеумен шектелмейді
Freedom Business Travel жаңа агентті қарапайым билет іздеу сервисі ретінде емес, іссапардың бірнеше параметрін қатар есепке алатын құрал ретінде ұсынып отыр.
Мәселен, қонақүй таңдағанда оның рейтингімен бірге әуежайдан және іскерлік кездесу өтетін жерден қаншалықты алыс екені ескеріледі.
Агент әуе компаниялары мен қонақүйлер ұсынатын корпоративтік тарифтер мен арнайы шарттарды да есепке алады.
Халықаралық сапарларда тағы бір маңызды мәселе бар — виза.
AI Travel Agent баратын елдің кіру талаптарын тексереді. Компания мысал ретінде Черногорияны келтіреді: Қазақстан азаматтары 2026 жылғы 1 мамыр мен 1 қазан аралығында бұл елге визасыз кіріп, 30 күнге дейін бола алады.
Мұндай талаптарды қызметкер билетті өзі брондаған кезде естен шығарып алуы мүмкін. Корпоративтік сапарда оның салдары билет ауыстыруға, маршрутты қайта құруға немесе сапар мерзімін өзгертуге әкелуі ықтимал.
Агент ауа райы мен әуежайдағы жағдайды да ескертеді
ЖИ-агент сапарды жоспарлап қана қоймай, жолға әсер етуі мүмкін жағдайлар туралы алдын ала ақпарат береді.
Мысалы, баратын қалада аптап ыстық немесе нөсер жауын күтілсе, агент бұл туралы ескертеді. Сондай-ақ ұшатын әуежайда қауіпсіздік тексерісіне көбірек уақыт кетуі мүмкін екенін хабарлай алады.
Қызметкер бастапқы сұранысында қажетті мәліметтің бәрін көрсетпесе, агент нақтылайтын сұрақтар қояды.
Ал белгіленген күнге немесе бағытқа қолайлы нұсқа табылмаса, басқа күндер мен балама маршруттарды ұсынады.
Соңғы шешімді адам қабылдайды
ЖИ сапарды толығымен өз бетімен басқаратын жүйеге айналмайды.
Freedom Business Travel мәліметінше, әр диалогты компания маманы қадағалайды. Билетті ауыстыру, қайтару немесе стандартты сценарийге сыймайтын басқа мәселе туындаса, әңгімені кез келген сәтте адамға беруге болады.
Бұл тәсілде күнделікті қайталанатын іздеу мен іріктеу жұмысын алгоритм атқарады. Ал күрделі жағдайлар мен төлемді мақұлдау компания бақылауында қалады.
Компанияларға жаңа бағдарлама орнатудың қажеті жоқ
Freedom Business Travel ЖИ-агентті қызметкерлер бұрыннан қолданатын мессенджерлерге енгізуге басымдық берген.
Қазір сервис Telegram мен Slack-та бар. Кейін WhatsApp пен Microsoft Teams платформаларына қосу жоспарланған.
Компанияның мәліметінше, AI Travel Agent-ті жұмыс процесіне енгізу бір күнге дейін уақыт алады және күрделі техникалық интеграцияны қажет етпейді.
Қазақстан үшін тағы бір ерекшелік бар: өнім бета-нұсқасының өзінде қазақ тілінде жұмыс істейді.
«Біз іссапар ұйымдастыру әріптеске хабарлама жібергендей оңай болуы керек дейміз. Компанияңыздың іссапарға қатысты қағидалары, лимиттері, келісімдері мен тарифтері сияқты бар күрделі процесті Freedom Business Travel ұсынған AI Travel Agent өз мойнына алады, ал сіздің компания тек процесті бақылайды», – деді Freedom Travel компаниясының бас директоры Игорь Бойко.
Freedom Business Travel — Freedom Holding Corp. экожүйесіндегі корпоративтік travel-сервис. Компания бизнес клиенттерге ұшақ пен пойыз билеттерін, қонақүйлерді брондауға және іссапарларды толық циклмен ұйымдастыруға көмектеседі.
AI Travel Agent үшін ендігі негізгі сынақ — екі минутта нұсқа табу ғана емес. Нақты іссапарда бір мезетте бағаны, компания лимитін, виза талабын, маршрутты және күтпеген өзгерістерді дұрыс үйлестіру қажет.