QazTech, eGov 3.0 және AI-офистер: Қазақстанның цифрлық жоспары қандай

737
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: primeminister.kz

Жыл соңына дейін eGov GPT арқылы 150 мемлекеттік қызмет қолжетімді болмақ. Қазір жасанды интеллект негізіндегі цифрлық ассистент 50 қызмет көрсетеді, оны 150 мыңнан астам қазақстандық пайдаланып үлгерген, деп хабарлайды DKNews.kz.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жасанды интеллект негізінде мемлекеттік қызметтердің жаңа экожүйесін қалыптастыру мәселелері қаралды. Үкімет мемлекеттік сервистерді проактивті модельге көшіру, eGov-ты жаңғырту және ХҚКО-ларды AI-офистерге айналдыру міндетін қойды.

eGov 3.0 іске қосылып, өткізу қабілеті 2,5 есе артады

Қазақстанда мемлекеттік ақпараттық жүйелерді QazTech бірыңғай платформасына көшіру жоспарланып отыр.

Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, электрондық үкімет порталы eGov 3.0 деңгейіне дейін жаңғыртылады. Оның шлюзінің өткізу қабілеті 2,5 есе артпақ.

Қазір eGov GPT арқылы 50 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Цифрлық ассистентті 150 мыңнан астам азамат пайдаланған.

Ал eGov Business жүйесіне ай сайын 35 мыңға жуық кәсіпкер кіреді.

Сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы ХҚКО-ларға түсетін өтініштер санын 30%-ға азайтқан.

Үкімет басшысы жыл соңына дейін eGov GPT арқылы көрсетілетін қызметтер санын 150-ге жеткізуді тапсырды.

Бектенов: толыққанды цифрлық экожүйе қалыптасуға тиіс

Қазақстанда цифрландыру жұмыстары биылғы Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы аясында күшейтіліп отыр. Маусымда бекітілген «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіленген.

«Мемлекет басшысы ел өмірінің әр саласына, бірінші кезекте, азаматтарға және бизнеске мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде озық технологиялар мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу міндетін қойды. Жасанды интеллект құралдарын шешім қабылдау үдерістерімен ықпалдастырып қана қоймай, олардың көмегімен мемлекеттік қызметтер көрсетудің толыққанды цифрлық экожүйесі қалыптасуға тиіс. Бұл ретте мемлекет пен азаматтың өзара іс-қимыл моделі одан әрі де шешімдерді проактивті түрде қабылдау қағидатына негізделуі қажет», — деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.

Мұндай модельде азамат белгілі бір мемлекеттік қызметке өзі өтініш беріп қана қоймай, жүйе қолда бар деректер негізінде оның қандай қызметке құқығы бар екенін анықтап, тиісті сервисті ұсына алады.

Әлеуметтік салада 28 қызмет проактивті көрсетіледі

Әлеуметтік-еңбек саласында зейнетақы мен жәрдемақы тағайындаудан бастап жұмысқа орналасу және әлеуметтік қолдау шараларына дейінгі қызметтер цифрландырылған.

Бірыңғай цифрлық платформада:

  • 49 мемлекеттік қызмет электрондық форматта көрсетіледі;
  • 28 қызмет проактивті форматта ұсынылады;
  • АӘК тағайындау кезінде 99 мың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайды бағалауға ЖИ қолданылған;
  • мүгедектікті белгілеу кезінде 151 мың жағдай қамтылған;
  • мемлекеттік қызметтерді автоматты көрсету кезінде 12 мың жағдай өңделген.

Жасанды интеллект осылайша ақпарат іздеу құралынан мемлекеттік шешім қабылдау процестеріне қолданылатын технологияға айналып келеді.

«Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» бүкіл Қазақстанға таратылады

Шілдеде Павлодар облысында «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» іске қосылды.

Жаңа сервис арқылы азаматтар онлайн:

  • жұмыс іздей алады;
  • оқудан өте алады;
  • мемлекеттік қолдау шараларын ала алады.

Қыркүйекте осындай тетікті Маңғыстау облысында іске қосу жоспарланған.

Еңбек министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп жыл соңына дейін сервисті Қазақстанның барлық өңіріне тарату тапсырылды.

2,5 млн-нан астам атқарушылық жазба цифрландырылды

Әділет саласында атқарушылық жазбаны цифрландыру негізгі рәсімдерді eGov Mobile арқылы жүргізуге мүмкіндік берді.

Бүгінде 2,5 млн-нан астам атқарушылық жазба жасалған. Оның шамамен 700 мыңына онлайн режимде қарсылық берілген.

Жыл соңына дейін нотариаттық әрекеттерді цифрлық тіркеуді қарастыратын e-Notary 2.0 жүйесін іске қосу жоспарланып отыр.

Бизнеске арналған 150 қолдау шарасының 63-і цифрландырылды

Кәсіпкерлерді қолдау саласында қолданыстағы 150 шараның 63-і цифрлық форматқа көшірілген.

Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жыл соңына дейін қолдау шараларын қайта қарап, оларды eGov Business жүйесіне шығару тапсырылды.

Сонымен қатар «электрондық лицензиялау» порталын жаңғырту көзделген.

Жасанды интеллект министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп рұқсат беру рәсімдерін заманауи цифрлық форматқа көшіру жұмысын алты ай ішінде аяқтауы тиіс.

Blockchain арқылы 254 мың тұрғын үй операциясы жүргізілді

Тұрғын үймен қамтамасыз ету саласында Blockchain технологиясының көмегімен 254 мыңнан астам операция жасалған.

Нәтижесінде қызмет көрсету мерзімі 10-15 минутқа дейін қысқарған. Азаматтарға бұл қызметтерді алу үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ.

Үкімет отырысында Aitu отандық цифрлық платформасының дамуы да қаралды.

Қазір платформаны 6,8 млн пайдаланушы қолданады, ал ай сайынғы аудиториясы 1 млн адамнан асады. Онда білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және басқа салалардағы сервистердің қолжетімділігі кеңейтіліп жатыр.

Қазақстандағы ХҚКО-лар AI-офистерге айналады

Үкіметтің маңызды тапсырмаларының бірі Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс форматын өзгертуге қатысты.

2026 жылдың соңына дейін барлық өңірдегі ХҚКО-ларды AI-офистерге трансформациялау тапсырылды.

Мұндай орталықтарда:

  • өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған экспресс-аймақтар;
  • сараптамалық аймақтар;
  • азаматтарды цифрлық сервистермен жұмыс істеуге үйрететін аймақтар болуы тиіс.

Жұмысты әкімдіктер Жасанды интеллект министрлігі және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп жүргізеді.

Кейбір мемлекеттік қызметтер бірден көрсетілуі мүмкін

Үкімет енді цифрлық қызметтердің санын ғана емес, оларды көрсету жылдамдығын да арттыруды көздеп отыр.

«Бүгінде азаматтар үшін цифрлық қызметтер санын көбейтіп қана қою жеткіліксіз. Олар қажетті нәтижені жылдам әрі еш кедергісіз алғысы келеді. Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биыл бірден көрсетілетін форматқа көшіруге болатын қызметтердің тізбесін айқындауды тапсырамын. Бұл ретте көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау немесе соттылығының бар-жоғы туралы анықтама беру сияқты қызметтерді үлгі етіп алуға болады», — деп атап өтті Премьер-министр.

Яғни кейбір қызметтер бойынша өтінішті ұзақ қарау кезеңінен бас тартып, нәтиже автоматты түрде немесе барынша қысқа уақытта берілуі мүмкін.

Коммуналдық желілерге қосылу да цифрландырылады

Ұлттық экономика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп екі ай ішінде табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін цифрлық форматқа көшіру тапсырылды.

Бұл жұмыс бизнес нысандарын:

  • электр желілеріне;
  • су жүйелеріне;
  • жылу желілеріне;
  • басқа коммуналдық инфрақұрылымға қосу рәсімдерін қамтуы тиіс.

Сонымен қатар коммуналдық қызметтер бойынша азаматтармен шарттарды проактивті түрде жасасу тетігін барлық өңірге тарату жоспарланған.

Қазақстандықтар үшін не өзгереді

Үкімет белгілеген міндеттер орындалса, мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы жаңа кезеңге өтеді. Бұған дейін негізгі мақсат қызметті онлайн форматқа шығару болса, ендігі бағыт – азаматтың өтініш беру қажеттілігін барынша азайту.

eGov GPT-тағы қызметтер санын 50-ден 150-ге дейін жеткізу, ХҚКО-ларды AI-офистерге айналдыру, QazTech платформасына көшу және проактивті сервистерді кеңейту осы модельдің негізгі элементтері болмақ.

Жасанды интеллект министрлігіне «Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын келісуді аяқтап, бір апта ішінде Үкіметке тиісті қаулы жобасын енгізу тапсырылды.

Барлық тапсырманың орындалуын бақылау және үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жүктелді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -