ЖКО-дан кейінгі төлем: «көмекшілерге» сенудің қандай қаупі бар

803
Арман Қоржымбаев Бас редактор

Делдалдың көмегі қымбатқа түсуі мүмкін. Жол-көлік оқиғасынан кейін құжат рәсімдеуді және сақтандыру төлемін алуды тексерілмеген автозаңгерлерге немесе басқа делдалдарға тапсырған жүргізуші өзіне тиесілі ақшаның бір бөлігінен айырылып қалуы ықтимал, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұдан да күрделі тәуекел бар: жеке құжаттар мен банк деректемелеріне қол жеткізген бөгде адам бұл мәліметтерді автокөлік иесінің өзіне қарсы пайдалануы мүмкін. Мұндай қауіптер туралы «Freedom Insurance» СК» АҚ Басқарма төрағасы Азамат Керімбаев айтып берді.

Жүргізуші өзіне қанша төлем тиесілі екенін білмей қалуы мүмкін

ЖКО-дан кейін кейбір жүргізушілер құжат жинаумен айналыспай, бүкіл процесті автозаңгерлерге немесе делдалдарға тапсырады.

Тәуекел жүргізуші сенімхат рәсімдегенде немесе сақтандыру төлемін алу құқығын басқа адамға бергенде артады. Мұндай жағдайда делдал сақтандыру компаниясымен өзі байланысып, ал көлік иесі қанша ақша есептелгенін және қызмет ақысы ретінде қанша сома ұсталғанын толық білмеуі мүмкін.

«Қаржылық және құқықтық сауаттылық деңгейінің жеткіліксіздігі, сондай-ақ автокөлік иелерінің бір бөлігінің сақтандыру компанияларына сенімсіздік танытуы салдарынан кейбір делдалдар өз көмегін ұсынады. Алайда олар әрдайым процестің ашықтығын және нәтижеге кепілдік беруді қамтамасыз ете бермейді», — деп атап өтті сарапшы.

Азамат Керімбаевтың айтуынша, кей жағдайда делдалдар келтірілген залалды жоғары көрсетіп, кейін сақтандыру төлемінің бір бөлігін сараптама, құжат жинау немесе істі сүйемелдеу ақысы ретінде ұстап қалады.

«Кейде сенімсіз делдалдар келтірілген залалдың мөлшерін негізсіз арттырып көрсетіп, сақтандыру компаниясына жоғары талаптар қояды. Кейін төлемнің бір бөлігін сараптама жүргізу, құжаттарды жинау, істі сүйемелдеу және басқа да қызметтері үшін ақы ретінде ұстап қалады. Нәтижесінде автокөлік иесі өзіне тиесілі сақтандыру төлемінен аз сома алуы мүмкін», — деді сақтандырушы.

Бөгде қолға түскен құжатпен несие рәсімделуі мүмкін

Мәселе делдалдың комиссиясымен ғана шектелмеуі мүмкін.

Жеке құжаттарды және банк деректемелерін бөгде адамға берген жүргізуші қаржылық ақпаратына да қолжетімділік береді. Азамат Керімбаев мұндай деректерді автокөлік иесінің атына несие рәсімдеу үшін пайдаланған жағдайлар белгілі екенін айтады.

«Клиенттердің құжаттары мен банк деректемелеріне қол жеткізген сенімсіз тұлғалардың автокөлік иелерінің атына несие рәсімдеген жағдайлары белгілі. Нәтижесінде тексерілмеген делдалға өз мәселесін шешуді сеніп тапсырған клиенттің өзі зардап шегеді», — деп бөлісті Азамат Керімбаев.

Мұнда тағы бір ерекшелік бар. Мұндай делдалдар сақтандыру нарығының қатысушылары саналмайды және олардың қызметі қаржы ұйымдары сияқты реттелмейді.

«Егер делдал қателік жіберсе немесе келісімдерін бұзса, клиент өз құқықтарын қорғау үшін қаржы ұйымдарының қызметін бақылайтын уәкілетті органға жүгіне алмайды. Өкінішке қарай, мұндай компаниялармен жұмыс істеуге байланысты барлық тәуекелді автокөлік иесінің өзі көтереді», — деп атап өтті ол.

100 АЕК-ке дейінгі ЖКО-ны полициясыз рәсімдеуге болады

Белгілі бір талаптар сақталса, жүргізушілер жол-көлік оқиғасын делдалсыз әрі полиция шақырмай-ақ рәсімдей алады.

Егер оқиғаға тек екі көлік қатысса, зардап шеккендер болмаса, жүргізушілер ЖКО мән-жайларымен келіссе және залал көлемі 100 АЕК-тен, яғни 2026 жылы 432 500 теңгеден аспаса, Еуропротокол тетігін қолдануға болады.

Оқиға орнында көліктердің орналасуын, зақымданған жерлерді және маңайдағы жол белгілерін фото мен видеоға түсіріп алған жөн.

Еуропротоколды толтырғанда күнін, уақытын, оқиға орнын, қатысушылар туралы мәліметтерді және зақымдардың сипаттамасын мұқият тексеру қажет.

Одан кейін сақтандыру төлемін алу туралы өтінішті қажетті материалдармен бірге сақтандыру компаниясына тікелей жіберуге болады.

ЖКО-ны рәсімдеуге орта есеппен 15–20 минут кетеді

Сақтандыру компаниялары ЖКО-дан кейінгі рәсімдерді цифрлық форматқа көшіріп жатыр. Клиент құжаттарын өзі тапсырып, өтініштің қаралу барысын бақылап, төлем көлемін делдалсыз біле алады.

Freedom Insurance осы бағытта DTP.kz сервисін қолданатынын хабарлады.

«Біздің компания екі жылдан астам уақыт бойы Еуропротокол тетігі арқылы жол-көлік оқиғаларын рәсімдеуге арналған жеке цифрлық DTP.kz сервисін әзірлеп, қолданып келеді. Мемлекеттік деректер базаларымен интеграцияның арқасында қосымша арқылы ЖКО-ны рәсімдеу орта есеппен 15-20 минутты алады, ал сақтандыру төлемі автокөлік иесінің шотына 5 жұмыс күні ішінде түседі», — деп атап өтті сақтандырушы.

Компания мәліметінше, сервисті Freedom Insurance клиенттері ғана емес, жағдайы Еуропротокол талаптарына сәйкес келетін кез келген автокөлік иесі пайдалана алады.

ЖКО-дан кейін төлемді бақылауды қолдан шығармаған дұрыс

Жүргізуші сақтандыру компаниясына өзі жүгінсе, процестің қай кезеңде тұрғанын және өзіне нақты қанша төлем есептелгенін тікелей бақылай алады.

Сондықтан сенімхат беруге, банк деректемелерін тапсыруға немесе «бәрін өзіміз шешеміз» деген ұсыныспен бүкіл рәсімді бөгде адамға жүктеуге асықпаған жөн.

«Жол-көлік оқиғасы - әрдайым күйзеліс тудыратын жағдай. Алайда жүргізуші барлық рәсімді заң талаптарына сай дұрыс орындау тәртібін білсе, сақтандыру төлемі толық көлемде, тікелей өз шотына және уақытылы түседі», — деп қорытындылады Азамат Керімбаев.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -