200-ге жуық жас шахматшы жеңіс үшін таласады.
Іле Алатауының бөктерінде әлем чемпионы Флюра Хасанованың кубогына арналған «Маралсай – 2026» халықаралық балалар шахмат турнирі басталды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Биыл 20-шы рет ұйымдастырылған жарыс Қазақстан балалар кубогы – 2026 додасының алтыншы кезеңі саналады. Турнирдің жалпы жүлде қоры — 3 млн теңге.

Турнирге төрт елден жас шахматшылар келді
«Маралсай – 2026» турнирі 18–24 тамыз аралығында Алматы маңындағы «Маралсай» демалыс үйінде өтеді.

Жарысқа 6 мен 14 жас аралығындағы 200-ге жуық шахматшы қатысып жатыр. Қазақстандық спортшылармен бірге Өзбекстан, Қырғызстан, Латвия және Тәжікстаннан келген жас шахматшылар да бақ сынайды.
Турнир швейцариялық жүйе бойынша тоғыз турдан тұрады. Партиялар «жылдам классика» форматында 60+30 уақыт бақылауымен өтеді: әр ойыншыға 60 минут беріледі және бірінші жүрістен бастап әр қадамға 30 секунд қосылады.
Жарыс екі санатқа бөлінген:
- А турнирі — 14 жасқа дейінгі, 2012 жылы туған және одан кіші шахматшылар
- Б турнирі — 10 жасқа дейінгі, 2016 жылы туған және одан кіші шахматшылар
А турниріне бірінші және екінші разрядтағы шахматшылар қатысады. Үшінші және төртінші разряд иелері аға жаттықтырушылардың өтініші бойынша жіберіледі.

Б турниріне шахматшылар разрядына қарамастан қатыса алады.
Флюра Хасанова турнирдің бас төрешісі болды
Турнир 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы 1983 жылғы әлем чемпионы Флюра Хасанованың есімімен аталады.

Ол — әйелдер арасындағы гроссмейстер және FIDE халықаралық төрешісі. Қазақстан құрамасы сапында 1992, 1994, 1996, 2000 және 2004 жылдары бес рет Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасына қатысқан.
2001 жылы FIDE халықаралық төрешісі атағын алған. Биыл Флюра Хасанова Қазақстан балалар кубогының алтыншы кезеңінде бас төреші қызметін атқарады.
«Маралсай» турнирінің өткізіліп келе жатқанына көп жыл болды. Күндердің бір күнінде турнирдің негізін қалаушылардың бірі Марзия Ысқақова маған: «Флюра, турнирді сенің атыңмен атау керек», – деді. Мен ол кезде ыңғайсызданып, ұялатынымды айттым. Бұл, бәлкім, біздің кеңестік кезден қалған менталитетіміз шығар. Ал ол болса: «Қалайша ұяласың? Сен әлем чемпионысың, бұл энергияны балаларға беру керек», – деді. Тәуекел етіп, шешім қабылдадық. Бүгінде турнирге қатысушылар мен оның түлектері арасынан қаншама әлем және Азия чемпиондары шыққанын көргенде, мұның қаншалықты маңызды болғанын түсінесің. Мен «Маралсайдың» бай тарихын мақтан тұтамын. Биыл турнир 20-шы рет өтуде. Биз бұл жолды бастағанда бәрі де тек азаматтық ынта-жігерге сүйенген еді. Бүгінде Қазақстанда күшті әрі мықты шахматшылардың көптігін көріп, ерекше қуанамын. Қазіргі таңда, көбіне Тимур Турловтың қолдауының арқасында, өте көп турнирлер өткізіліп, жаңа чемпиондар шығып жатыр», – дейді турнирдің бас төрешісі Флюра Хасанова.
Жеңімпаздарға 3 млн теңге бөлінді
Жарыста жекелей нәтижелермен қатар командалық есеп те жүргізіледі.

Команда құрамына бір өңірден төрт шахматшы кіреді: А және Б турнирлерінің әрқайсысынан бір ұл және бір қыз.
Әр жас санатында абсолютті жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Сонымен бірге қыздар арасында үздік үштік жеке марапатталады.

Кезеңнің жалпы жүлде қоры 3 млн теңгені құрайды.

«Балалар бір уақытта демалып, бақ сынай алады»
«Маралсайдың» ерекшеліктерінің бірі — шахмат жарысының табиғат аясындағы демалыспен ұштасуы.
Классикалық шахматтан әйелдер арасындағы Қазақстанның 2025 жылғы чемпионы Елназ Қалиахметтің әкесі Ақын Қалиахметұлы отбасының бұл турнирге бірнеше жылдан бері қатысып келе жатқанын айтты.
«Біз үшін бұл – ерекше турнир. Біз бұған бірінші жыл қатысып отырған жоқпыз. Мұнда таза ауа, әдемі табиғат, ал атмосфераның өзі балаларға бір уақытта демалуға да, бақ сынауға да, яғни пайдалыны сүйікті іспен ұштастыруға мүмкіндік береді. Меңің балаларым бұл турнирге алғаш қатысқанда, ұлым 6 жасқа дейінгі санатта, ал қызым 8 жасқа дейінгі санатта чемпион атанған еді. 2018 жылдан бері олар жыл сайын осы жерге келеді. Қазір ұлым 14 жасқа дейінгі санатта өнер көрсетіп жатса, қызым Қазақстан құрамасына енді және дәл қазір Венгриядағы Open турнирінде ойнауда», – деді Ақын Қалиахметұлы.
Freedom шахматқа 13 млрд теңгеден астам қаржы бағыттаған
Турнирді Қазақстан шахмат федерациясы Алматы қаласы әкімдігінің, Freedom компаниялар тобының және бірқатар қазақстандық компаниялардың қолдауымен өткізіп жатыр.
Freedom Bank атқарушы директоры Ялкунчан Ганиевтің айтуынша, соңғы бірнеше жылда шахматты қолдауға 13 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған.

«Freedom-да біз шахматты дамытуға және цифрландыруға үлкен көңіл бөлеміз, бұған көп уақыт, күш пен қаражат жұмсаймыз. Соңғы бірнеше жылда шахматты қолдауға 13 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. Бұл біз үшін, ең алдымен, жастарға, интеллектуалды спортқа салынған инвестиция, балалардың дамуына және Қазақстанды әлемдік ареналарда лайықты деңгейде танылуына берілген мүмкіндік. Мұндай турнирлер мен іс-шаралар шахматтың дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін. Біз Freedom атынан осы үдерістің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз және шахматтың тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде дамуы үшін, ал жас чемпиондарымыздың есімдері танымал бола түсуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – дейді Ялкунчан Ганиев.
Неліктен «Маралсай» маңызды
Қазақстан балалар кубогы төртінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. 2026 жылғы маусым алты кезеңнен және финалдан тұрады.

«Маралсай – 2026» — биылғы серияның алтыншы кезеңі. Кубоктың шешуші финалы 1–13 желтоқсан аралығында Астанада өтеді.
20 жылдық тарихы бар «Маралсай» бұл жүйеде жас шахматшылар үшін тәжірибе жинайтын және республикалық деңгейде өзін көрсетуге мүмкіндік беретін алаңға айналды.

Халықаралық қатысушылардың қосылуы бәсекені күшейтеді. Ал балалар кубогының кезеңдік форматы жас спортшыларға бір ғана жарыстың нәтижесіне тәуелді болмай, маусым бойы тұрақты тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.