Логистика енді смартфонға көшті. Қазақстандық Relog компаниясы жүктерді өнеркәсіптік ауқымда жеткізу процестерін телефон немесе планшет арқылы басқаруға мүмкіндік беретін TMS жүйесінің мобильді нұсқасын іске қосты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жаңа шешім Қазақстандағы электрондық коммерция қарқынды өсіп, әр тапсырыстың «соңғы милясын» жылдам басқару логистикалық компаниялар үшін барған сайын өзекті болып отырған кезеңде ұсынылды.
1,7 трлн теңгелік e-commerce логистикаға қысымды күшейтті
Қазақстандағы онлайн сауданың көлемі өсіп қана қойған жоқ, сатып алу жиілігі де артты.
PwC деректеріне сәйкес, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандағы бөлшек электрондық коммерция нарығы 19%-ға өсіп, 1,7 трлн теңгеге жетті. Транзакциялық белсенділік бір жылда 27%-ға артқан.
Орташа чек төмендеп жатқанымен, сатып алушылар онлайн тапсырысты жиірек рәсімдей бастаған. Бұл логистика үшін қарапайым салдарға әкеледі: өңделетін тапсырыстар мен жеткізілімдер саны көбейеді.
Дәл осы жағдайда қазақстандық әзірлеушілер Transportation Management System — TMS диспетчерлік жүйесінің мобильді нұсқасын іске қосты.
Маршрутты енді компьютерсіз өзгертуге болады
Мобильді нұсқада TMS жүйесінің негізгі функциялары сақталған.
Логист смартфон немесе планшет арқылы тапсырыстарды тағайындап және жоспарлап, карталармен жұмыс істей алады. Сондай-ақ маршруттарды нақты уақыт режимінде басқарып, операцияларды бақылауға мүмкіндік бар.
«Барлық негізгі функциялар толық көлемде қолжетімді: тапсырыстарды тағайындау мен жоспарлау, карталармен жұмыс істеу, маршруттарды нақты уақыт режимінде басқару, сондай-ақ операцияларды бақылау. Мобильді нұсқа смартфондарда да, планшеттерде де бірдей тиімді жұмыс істейді», — деді Relog компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Бауыржан Рустемов.
Бұл жерде негізгі өзгеріс құрылғының өзінде емес. Бұған дейін диспетчерлік басқару жұмыс компьютерімен тығыз байланысты болса, мобильді нұсқа логистке операцияларға орналасқан жеріне қарамастан араласуға мүмкіндік береді.
«Соңғы миляны» кез келген жерден басқаруға болады
Жүйеде «соңғы миляға» ерекше назар аударылған. Бұл — тауардың ең жақын қоймадан тікелей сатып алушыға дейін жететін соңғы кезеңі.
Дәл осы учаскеде маршрут, уақыт және тапсырысты орындау барысын жедел бақылау қажет. Relog шешімі осы процестерді смартфонға шығарған.
«Логист енді кеңсеге немесе компьютерге тәуелді емес. Яғни, ол “соңғы милядағы” күрделі операцияларды кез келген жерден басқара алады. Бұл жайт жылдам әрі сапалы жеткізу негізгі бәсекелік артықшылыққа айналып отырған Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан электрондық коммерция нарығы үшін аса маңызды», — деді Бауыржан Рустемов.
Мобильді форматтың практикалық мәні де осында: маршруттағы өзгерісті бақылау немесе операцияға араласу үшін логистке кеңсеге оралып, компьютерге отырудың қажеті жоқ.
Relog жүйесін 500-ден астам компания пайдаланады
Relog — қазақстандық IT-компания. Оның негізін Бауыржан Рүстемов 2016 жылы қалаған.
Компания көлік логистикасын автоматтандыруға арналған бағдарламалық жасақтама әзірлейді. Негізгі өнімі — Relog TMS, ал экожүйесіне Census және Relog BI аналитикалық шешімдері кіреді.
Компанияның мәліметінше, оның клиенттік базасы Орталық Азия, Еуропа және Еуразия кеңістігіндегі 500-ден астам компанияны қамтиды.
«TMS логистикалық қосымшасының жаңартылған нұсқасы саланың нарықтағы жаңа сын-қатерлерге жауап беруіне көмектесіп, тиімді әрі бәсекеге қабілетті болуға ұмтылатын компаниялар үшін заманауи құралға айналады», — деп атап өтті компания өкілі.
Қазақстандағы e-commerce көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, транзакциялар 27%-ға артқан жағдайда логистикаға түсетін жүктеменің сипаты да өзгеріп келеді: мәселе бір ғана ірі тапсырысты жеткізуде емес, күн сайын көбейіп жатқан операцияларды жылдам басқаруда.
Бұған дейін біз Қазақстандағы электрондық сауда мен логистиканы цифрландыру қалай жүріп жатқаны туралы жазған едік. Енді цифрландыру қойма мен жеткізу инфрақұрылымынан логистің смартфонына дейін жетіп отыр.