Қазақстандағы сайлауды 777 шетелдік байқаушы бақылап отыр. Астанадағы №341 сайлау учаскесіне Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаев келіп, дауыс беру барысымен танысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ол сайлау учаскесіндегі ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалап, сайлаушылардың белсенділігіне және комиссия мүшелерінің кәсібилігіне назар аударды.
№341 сайлау учаскесі театр ғимаратында орналасқан
Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры ғимаратында орналасқан №341 сайлау учаскесі 23 тамыз күні таңғы сағат 07:00-де жұмысын бастады.
Таңертеңнен бері елорда тұрғындары учаскеге келіп, Құрылтай депутаттарын сайлауда өз таңдауын жасап жатыр.
Учаскеде:
- сайлаушыларды қабылдау және тіркеу;
- бюллетеньдерді беру;
- дауыс беруді ұйымдастыру;
- азаматтардың еркін таңдау жасауына қажетті жағдайды қамтамасыз ету белгіленген тәртіп бойынша жүргізілуде.
Сайлауды 42 мемлекеттен келген байқаушылар бақылап отыр
Құрылтай сайлауының өту барысын Қазақстан бойынша 42 мемлекет пен 13 халықаралық ұйымнан келген 777 шетелдік байқаушы қадағалап отыр.
Солардың бірі — Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаев.
Ол №341 сайлау учаскесіне келіп, комиссия мүшелерінің жұмысымен және дауыс беру барысымен танысты.
«Адамдардың кезекте тұрғанын көрдік»
Зайниддин Низамходжаев Қазақстандағы сайлауға дайындық жұмыстарымен бір күн бұрын таныса бастағанын айтты.
Оның сөзінше, №341 учаскеде сайлаушылардың белсенділігі жоғары болған және дауыс беруге келген адамдардың кезегі байқалған.
«Кешеден бері дайындық жұмысының барлық кезеңімен таныстық. Бүгін сайлаудың өту барысымен танысудамыз. Барлық процесс заңдық нормаларға сай өтіп жатқаны анық. Сайлаушылардың белсенділігі өте жоғары болды. Адамдар сайлаудың кезегінде тұрғанын көрдік. Бұл – қазақстандықтардың өз болашағына бейжай қарамайтындығының белгісі ғой. Сайлау комиссиясының басшысы, хатшысынан бастап, барлық комиссия мүшелерінің кәсібилігіне тәнті болғанымды ризашылықпен атап өткім келеді. Олар барлық сұрақтарға тиянақты жауап берді. Ешқандай тәртіп бұзушылықтар байқалған жоқ. Бұл ҚР ОСК-інің тиянақты жұмысының жемісі деп білемін. Бауырлас қазақ халқына өз болашағы үшін ақылды шешім қабылдауын тілеймін!» – деді Зайниддин Низамходжаев.
Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасына тоқталды
Өзбекстан ОСК төрағасы екі ел арасындағы байланыстар туралы да пікір білдірді.
Ол Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық, гуманитарлық және саяси ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті.
«Қазақстан мен Өзбекстан арасында экономикалық, гуманитарлық және саяси тамаша ынтымақтастық қарым-қатынас жолға қойылған. Біздің ашық шекарамыздан қазақ пен өзбек халқы еркін өтіп жатады. Қазақстандық туристер де біздің елімізге көп сапарлайды. Біздің Президентіміз айтқанындай, дініміз бір, тіліміз бір, дініміз бір, базарымыз бір, мазарымыз бір халықпыз. Біздің тату көршілік қарым-қатынасымыз мәңгілік болсын!» – деді Өзбекстан ОСК төрағасы.
Құрылтайда 145 депутаттық мандат болады
Бұл — Қазақстанда 1991 жылдан бері өткізіліп отырған оныншы парламенттік сайлау.
Дауыс беру пропорционалды жүйе бойынша өтіп жатыр. Сайлаушылар бюллетеньде көрсетілген саяси партиялардың бірін таңдайды.
Сайлау қорытындысы бойынша:
- бір палаталы заң шығарушы орган — Құрылтайдың жаңа құрамы қалыптасады;
- Құрылтайда 145 депутаттық мандат болады;
- мандаттар дауыс беру нәтижесіне қарай партиялар арасында бөлінеді.
Бұл неге маңызды
Алғашқы Құрылтай сайлауына халықаралық қызығушылықтың ауқымын 777 шетелдік байқаушының қатысуынан көруге болады. Олар 42 мемлекет пен 13 халықаралық ұйымның атынан келген.
Байқаушылар сайлау учаскелеріндегі дауыс беру тәртібін, комиссиялардың жұмысын және сайлаушылар үшін жасалған жағдайды тікелей бақылап отыр.
Ал дауыс беру қорытындысында Қазақстанның жаңа бір палаталы заң шығарушы органы қалыптасып, 145 депутаттық мандат партиялар арасында бөлінеді.