Қазақстанда жаңа саяси кезең басталады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауында дауыс беріп, Вице-Президенттің кім болатыны 7–10 күн ішінде белгілі болатынын, Үкімет құрамында өзгерістер жасалатынын және Ұлттық қор қаражатын әлеуметтік нысандар салуға пайдалануға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мемлекет басшысы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде дауыс берді. Бұдан кейін журналистермен брифинг өткізіп, Құрылтайдың міндеттері, 2029 жылғы президент сайлауы, жаңа Үкімет, жастар, жасанды интеллект және елдегі қоғамдық мәдениет туралы сұрақтарға жауап берді.

Тоқаев: бүгін – еліміз үшін тарихи күн
Президент Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын Қазақстандағы ауқымды реформалардың жаңа кезеңінің бастауы деп атады.

«Шын мәнінде, бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Мұны бәріңіз білесіздер, куә болып отырсыздар. Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Вице-Президенттің есімі 7–10 күн ішінде белгілі болады
Президенттен конституциялық реформадан кейін елде қандай өзгерістер болатыны сұралды.

Мемлекет басшысы Вице-Президент лауазымын маңызды өзгерістердің бірі деп атады. Оның айтуынша, жаңа қызметке кім тағайындалатыны келесі аптада немесе он күн ішінде белгілі болады.
«Жұрттың бәрі Вице-Президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды арнайы енгіздік. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет. Келесі аптада немесе он күн ішінде Вице-Президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын. Тағы басқа реформаларды іске асырамыз. Мысалы, Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысын жандандыру қажет. Халық Кеңесі дегеніміз – жаңа орган. Кейбір азаматтар Ассамблея туралы сұрап жатыр екен. Халық Кеңесі Ассамблеяның атқарған қызметін одан әрі күшейтеді деп ойлаймын. Бұл көпфункционалды, жаңа саяси тетік деп айтуға болады. Сондықтан Кеңестің жұмысы жемісті болатынына кәміл сенемін. Жалпы, жоспарымыз өте ауқымды. Осыған дейін айтқанымдай, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек. Әр облыс орталығында немесе аудандар мен қалаларда ірі құрылыстар жүргізіледі. Емханалар, балаларға арналған оңалту орталықтары, басқа да нысандар салынады. Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы, Су ресурстарын зерттеу орталығы секілді маңызды нысандар бой көтереді. Қалаларды абаттандыру керек. «Таза Қазақстан» акциясын ойдағыдай жалғастыру қажет. Сондықтан қол қусырып отыруға болмайды. Бәріміз бір ел болып іске кіріскеніміз жөн. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, Отан үшін бәріміз күш салуымыз керек. Жалпы, саяси науқан жақсы өтті. Себебі жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды идеялар айтылды. Бұл Құрылтай еліміздің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын».
Ұлттық қор қаражаты әлеуметтік нысандарға жұмсалуы мүмкін
Журналистер Президенттен 2029 жылғы президент сайлауына қатысу жоспары туралы да сұрады.

Тоқаев Конституциялық сот шешіміне сәйкес заң жүзінде қайта сайлануға құқығы бар екенін растады. Бірақ сайлауға қатысу туралы айтуға әлі ерте екенін жеткізді.
Сонымен қатар Президент Ұлттық қор қаржысына қатысты маңызды мәлімдеме жасады.
«Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек. Әрине, әлемдегі жағдайға баса назар аударуымыз, жан-жақты талдауымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз. Экономикалық өсім анық байқалады. Мұны негізгі халықаралық қаржы институттарының бағасы да растады. Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы... Сол кезде сізге нақты жауап беремін».
Құрылтай депутаттарына үш негізгі талап қойылды
Президент жаңа заң шығарушы органның депутаттарына үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты.

Оның сөзінше, депутаттар заңдардың сапасына жауап беріп, сайлау кезінде берген уәделері мен бағдарламаларын орындауы керек.
«Әлгінде ғана айтқанымдай, алғашқы бір палаталы Парламент сайлауының тарихи мәні зор. Құрылтай сайлауына үлкен үміт артамын. Еліміздің дамуына тың серпін береді деп санаймын. Жаңа тұлғалар мен жаңа идеялар пайда болды. Жастардың ой-пікірін еркін жеткізуін, мемлекетіміздің қалыптасуына үлес қосуын әрдайым қолдаймын. Депутаттар, ең алдымен, заңның сапасына жауап береді деп сенемін. Екіншіден, олар берген уәделерін немесе бағдарламаларын орындауға тиіс. Үшіншіден, ел дамуына ықпал ететін заңдар қабылдануы керек. Қазір заман күрделі. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Сондықтан туған елімізді озық, заманауи мемлекетке айналдыру жолында күш-жігерімізді біріктіру керек. Бұл ретте Конституция бізге мол мүмкіндік береді. Біртұтас ел болып қабылдаған Жаңа Конституциямыз өте озық, мазмұнды құжат деп айтсақ, қателеспейміз. Сондықтан Ата Заң бізге, әсіресе, жастарға жарқын жол нұсқайды. Келешегіміз – жастардың қолында. Оған күмән жоқ».
Үкімет отставкаға кетеді, құрамында өзгерістер болады
Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет жұмысын тоқтатып, Министрлер кабинетінің жаңа құрамы жасақталуы тиіс.

Тоқаев Үкіметтің қазіргі жұмысына сын айтуға негіз жоқ екенін айтты. Дегенмен оның құрамында кадрлық өзгерістер болатынын растады.
«Жалпы, Үкімет барынша табанды, жедел жұмыс атқарып, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындап отыр. Дүние жүзіндегі бәсекелестік күшейіп келеді. Нарықтың сын-қатерлеріне мұқият назар аударып, ең бастысы, тиісті деңгейде төтеп беруіміз керек. Әлбетте, Үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ. Министрлер де, Үкімет жетекшісі де қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр. Бірақ кадрлық өзгерістер әрдайым болады. Өйткені бұл Үкіметтің жұмысына қан жүгіртеді. Мәселе біреуді орнынан босатуда емес. Мен жай сылтаумен жұмыстан шығаруға қашанда қарсымын. Әсіресе, қазіргі тілмен айтқанда, медиадағы контент немесе мазмұн үшін ауыс-түйіс жасаудың қажеті жоқ. Кадрлық шешім шын мәнінде жұмысқа тың серпін беруі керек. Бәріміз айтып жүрген жаңғыру үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс. Өйткені бұл күрделі процесті алға жетелеп отыру қажет. Бұл істе Үкімет маңызды рөл атқарады».
Тоқаев партиялар арасындағы бәсекені бағалады
Президент сайлау алдындағы саяси науқанға оң баға берді. Оның айтуынша, теледебаттар мазмұнды өтіп, жастар тарапынан қызығушылық тудырған.
«Мен бұл мәселеге оң баға берсем, қателеспеймін. Меніңше, саяси науқан жақсы өтті. Өте ұтымды, мазмұнды теледебаттар болды. Жастарымыз пікірталастарды зор ықыласпен тамашалады. Оған бәріміз де куә болдық. Бұл жаңғыруымыздың жаңа кезеңі әрі қарышты қадам болды деп айта аламын».
Президент жастарға жауапкершілік жүктеу керек екенін айтты
Құрылтай депутаттығына үміткерлер арасында жастардың болуы туралы сұраққа жауап берген Мемлекет басшысы жас буынға сенім білдіру қажеттігін айтты.
Сонымен бірге ол жоғары қызметке келген әрбір жас маман бірдей нәтижелі жұмыс істей бермейтінін де жасырмады.

«Оны көре жатармыз. Біз жастарға сенім артамыз. Оларды кезінде түрлі лауазымдарға тағайындадық. Үкіметте жоғары қызмет атқарған жастардың бәрі өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындады деп айта алмаймын. Әрине, түрлі кедергі мен себеп кезігіп жатады. Дегенмен жастарға сенім артып, жауапкершілік жүктеу керек. Онсыз болмайды. Қазақстан – демография тұрғысынан жас мемлекет. Сондықтан жастарға зор сенім артамыз. Олар да бұған дайын болуға тиіс. Әйтпесе, кезінде министр болып, Үкіметке келген соң жұмыстың берекесін кетіргендер де болды. Бұған жол бермеуіміз керек».
Тоқаев жаңа қоғамдық әдеп туралы айтты
Президент қоғамдағы жүріс-тұрыс мәдениеті мен ұлттық дәстүрлер мәселесіне де тоқталды.
Ол тазалық пен тәртіп мәдениетін кең мағынада қалыптастыру қажет екенін айтты.
«Білсеңіз, бұл іске өзім бастамашы болдым. Науқан емес, нақты іске. Өйткені жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келдім. Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмаған. Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара? Кеңес Одағы маршалының, Дүниежүзілік соғыста, Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен маршалдардың осындай қылық көрсеткенін елестете аласыздар ма? Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек. Сәл жымиса ғана жеткілікті. Әрқашан солай болған. Тіпті, осы адамды көргеніңізге шын мәнінде қуанышты болсаңыз, оң қолыңызды кеудеңізге қойып амандасыңыз. Өмірде мұндай жайт жиі кездеседі. Сондықтан мен жаңа жүріс-тұрыс әдебі туралы мәселе көтердім. Жалпы, бізге тазалық, тәртіп мәдениетін дәріптеу керек. Қолымыздан келмейді деп кім айтты?! Біз де жасыл желекті жақсы көреміз. Қазір Астанада, басқа қалаларда, аудандар мен облыстық маңызы бар шаһарларда оң өзгерістерге куә болып жүрсіздер. Біз өңір басшыларына жоғары талап қойдық. Осы іспен түпкілікті айналысамыз. Өйткені тазалық дегенді тура мағынасында ғана емес, ой-сананың, жан дүниенің тазалығы деп түсінген жөн. Белгілі тұлғалардың бірі айтқандай, ой тазалығы бой тазалығымен де ұштасқаны жөн. Яғни біз мәдениетті, таза ұлтқа айналуымыз керек. Сонда ғана күллі әлемге таныламыз».
Жасанды интеллект халыққа қызмет етуі керек
2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланған. Президент бұл бағыттағы келесі міндеттерді алдағы Жолдауында қозғайтынын айтты.
Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан цифрлық мемлекеттік қызметтердің алғашқы кезеңінен өтіп, енді технологияларды азаматтардың табыс табуы мен кәсіп жүргізуіне кеңінен пайдалану кезеңіне қадам басуы керек.

«Өте орынды сұрақ. Өйткені, 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Жолдауда осы тақырыпты қозғаймын. Біз цифрлық мемлекет құрудың, яғни цифрлық қызметтер ұсына алатын мемлекет болудың алғашқы кезеңінен өттік. Өзге елдермен салыстырғанда өміріміз әлдеқайда жеңілдеді. Мұны өздеріңіз де көріп, байқап жүрсіздер. Қазір көп шаруаны үйден шықпай-ақ шеше аласыздар. Бұрын мұның бәрін реттеуге уақыт жұмсап, табан тоздыруға тура келетін. Сондықтан цифрлық сервис көрсететін мемлекет ретінде қалыптасу қажет болды. Қазір келесі кезеңге қадам бастық. Үкіметке алғашқы сатыда қалып қоймай, халықаралық келіссөздер жүргізу жөнінде тапсырма бердім. Цифрландыру мен жасанды интеллект халыққа, еліміздің барша азаматына қызмет етуі керек. Қарапайым тілмен айтқанда, смартфон – ермек үшін ұстап, ертеден кешке дейін TikTok-қа телміретін құрал емес. Смартфонмен ақша табуға болады. Мәселені осылай төтесінен қойған жөн. Әсіресе, бұл шаруаларға керек. Олар ауыл-аймақтан шықпай-ақ кәсібін жүргізуге заманауи технологияны пайдалана алады. Алдағы уақытта Үкімет дәл осы міндетті орындайды».
Не өзгереді
Президенттің сайлау учаскесіндегі мәлімдемелерінен алдағы саяси және экономикалық күн тәртібінің бірнеше бағыты көрінді:
- Вице-Президенттің кім екені 7–10 күн ішінде белгілі болады;
- Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысы жандандырылады;
- Құрылтай жаңа бір палаталы заң шығарушы орган ретінде жұмысқа кіріседі;
- Үкімет отставкаға кетіп, құрамында бірқатар өзгеріс болады;
- әлеуметтік инфрақұрылым құрылысына басымдық беріледі;
- Ұлттық қор қаражатын халыққа арналған әлеуметтік нысандарға пайдалану мүмкіндігі қарастырылады;
- цифрландыру мен жасанды интеллектіні азаматтардың нақты қажетіне бағыттау жалғасады;
- қалаларды абаттандыру және «Таза Қазақстан» бастамасы жалғасады.