Қазақстанда жастарға арналған қандай тұрғын үй бағдарламалары бар?

638
Фотосурет: Максим Золотухин/DKNews.kz

Жастар — ұлттың өскелең ұрпағы, қоғам дамуына серпін беріп, әлемнің болашағын айқындайтын буын. Жастарға жататын жас санаты әр елде әртүрлі. Мәселен, БҰҰ 15 пен 24 жас аралығындағы адамдарды жастар қатарына жатқызады. ДДҰ түрлі зерттеулерінде жастар санатына 24 жасқа дейінгі, ал кей жағдайда зерттеу бағытына қарай 29 немесе 34 жасқа дейінгі адамдарды да жатқызады.

ТМД, Азия, Африка және әлемнің басқа да көптеген елдері сияқты Қазақстанда да 14 пен 34 жас аралығындағы азаматтар жастар санатына жатады. Айта кетерлігі, Қазақстанда бұл жас санаты 2022 жылы кеңейтілді, соның арқасында жастарға арналған мемлекеттік қолдау бағдарламаларына бұрынғыдан әлдеқайда көп қазақстандық қатыса алатын болды. Мұны әлеуметтік мемлекеттің дамуын көрсететін оң қадам деп бағалауға болады.

2026 жылдың басында Қазақстандағы жастар саны 5,89 млн адамға жетіп, бір жылда 69,4 мың адамға немесе 1,2%-ға артты. Ал олардың жалпы халық санындағы үлесі өзгерген жоқ — 28,7%. Жас ерлердің саны 3,01 млн адамды құрады, бұл 2025 жылдың басындағы көрсеткіштен 38,6 мың адамға немесе 1,3%-ға көп. Олардың еліміздегі барлық ерлер арасындағы үлесі 30% деңгейінде сақталды. Жас әйелдердің саны 30,8 мың адамға немесе 1,1%-ға артып, 2,88 млн адамға жетті. Олардың елдегі барлық әйелдер арасындағы үлесі де өзгеріссіз қалды — 27,5%.

Жастар санының жалпы өсімі қала тұрғындарының есебінен құралды. Қалада тұратын жастардың саны бір жылда 91,4 мың адамға немесе 2,5%-ға артып, 3,76 млн адамға жетті. Олардың қала халқының жалпы санындағы үлесі 28,7% деңгейінде қалды. Ал ауылдық жерлерде, керісінше, жастар саны 22 мың адамға немесе 1%-ға азайып, 2,13 млн адамды құрады.

Айта кетерлігі, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) басым бөлігінде жастар мәселесіне ерекше мән берілген. Жастар үшін сапалы білім алу (ТДМ 4), лайықты жұмыс және экономика тұрғысынан өсу (ТДМ 8), қолжетімді баспанасы мен инфрақұрылымы бар тұрақты қалалар мен елді мекендер (ТДМ 9 және 11) және басқа да бағыттар аса маңызды.

Қазақстанда жастар үшін аса маңызды мәселелердің бірі — баспана, сондықтан Отбасы банк жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Олардың қатарында «Жас отбасы», «Жас ғалымдарға арналған бағдарлама», «Дипломмен — ауылға» және өңірлік жастар бағдарламалары бар. Жастар арасында 2017 жылдан бері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асырылып келе жатқан өңірлік тұрғын үй бағдарламаларына сұраныс жоғары.

Осындай алғашқы бағдарлама «Алматы жастары» болды. 2026 жылы бағдарламаның жүзеге асырылып жатқанына он жыл толады. Осы уақыт ішінде оның ауқымы едәуір кеңейді: алғашқы жылы небәрі 100 адам қарыз алса, 2025 жылы «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша 2 276 қарыз берілді. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы 8 326 жас алматылық баспаналы болды. Жуырда өтінім қабылдау бойынша кезекті кезең аяқталды. Қала әкімдігі қатысушылардың тізімін жасайды, содан кейін Отбасы банк олардың төлем қабілетін тексеріп, қолжетімді шарттармен қарыз береді. Сондай-ақ «Атырау қала жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасына қатысушыларды іріктеу басталады деп күтілуде.

Өңірлік бағдарламалардың шарттары қарапайым: бастапқы жарна 10%-дан, кредит мөлшерлемесі 5%-дан (СЖТМ — 5,2%-дан 5,7%-ға дейін) басталады. Бастапқы және қайталама нарықтан пәтер сатып алуға болады. Жастарға арналған бағдарламалар Қазақстанның барлық өңірін қамтиды (Түркістан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарынан басқа). Осы бағдарламалардың арқасында еліміз бойынша 12 480 жас отбасы баспанамен қамтылды. Тек 2025 жылдың өзінде жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламалары бойынша 3 605 қарыз берілді.

Отбасы банктің осы және басқа да бағдарламаларының арқасында 35 жасқа дейінгі 283,4 мың адам өз баспанасына қол жеткізді. Бұл — банк қарыз алушыларының 42,5%-ы. Тек соңғы екі жарым жылдың өзінде 71 мыңға жуық жас қазақстандық баспаналы болды.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанды жалпы алғанда халқы «жас» мемлекет деуге болады, ал кейбір өңірлерде жастар халықтың 30%-дан астамын құрайды. Енді өңірлердегі жағдайға тоқталайық.

2026 жылдың басында жастардың ең көп саны Алматыда (729,2 мың адам), Түркістан облысында (675,6 мың адам) және Астанада (516 мың адам) тіркелді. Одан кейін Алматы облысы (447,2 мың адам), Шымкент (409,2 мың адам) және Жамбыл облысы (357,1 мың адам) орналасты. Ал жастар саны бойынша ең төмен көрсеткіш Ұлытау (59,7 мың адам), Солтүстік Қазақстан (125,2 мың адам) және Абай (148 мың адам) облыстарында тіркелді.

Жастар санының ең жоғары жылдық өсімі Астанада тіркеліп, 7,1%-ды құрады. Шымкентте көрсеткіш 3%-ға, Алматы облысында 2,5%-ға, Алматыда 2,4%-ға, Маңғыстау облысында 1,9%-ға артты. Ал жастар саны Солтүстік Қазақстан (2,3%-ға), Абай (1,5%-ға), Шығыс Қазақстан (1,4%-ға) және Қостанай (1,3%-ға) облыстарында айтарлықтай азайды.

2026 жылдың басында халық құрамындағы жастардың ең жоғары үлесі Шымкентте (31,6%), Астанада (31,5%), Түркістан облысында (31,4%) және Алматыда (31,1%) тіркелді. Облыстар арасында Маңғыстауда (29,8%), Қызылордада (29,5%), Атырау және Жамбылда (әрқайсысында 29,4%) жастардың үлесі жоғары болды. Ең төмен көрсеткіш Шығыс Қазақстан (23,4%), Солтүстік Қазақстан (24,4%) және Абай (24,8%) облыстарында тіркелді.

Осылайша, Қазақстан үшін жастарды лайықты баспанамен қамтамасыз ету аса маңызды, өйткені өңірге қарай әрбір төртінші, тіпті әрбір үшінші тұрғын жастар санатына жатады, ал олардың баспаналы болуы халықтың әл-ауқатына, экономиканың дамуына және елдің қазіргі әрі болашақтағы демографиялық жағдайына тікелей әсер етеді, бұл — бүгінде бүкіл әлем үшін өзекті әрі Қазақстанда да жиі көтеріліп жүрген мәселе.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -