Қазақстан жастары шетелге шықпай-ақ заманауи технологиялар, жасанды интеллект және цифрлық трансформация салаларында білім алуда. Мұндай мүмкіндік Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында ашылған Лу Бань шеберханасында ұсынылған.
Шеберхана цехтарында өнеркәсіптік роботтар бар. Инженер Нұрболат Ахметжановтың айтуынша, қондырғылар күрделі операцияларды орындайды: мысалы, олардың көмегімен автомобильдің қанаты сияқты бөлшектер кесіледі. Автоматтандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Роботтандырылған желілер флеш-жинақтауышты 4 минутта құрастырады: бөлшектер корпусқа орналастырылады, жады орнатылады, қақпағы жабылады және бекіткіштері бұралады. Барлық операциялар автономды түрде, белгіленген алгоритм бойынша және қатаң реттілікпен орындалады.
Студенттер жабдықтардың жұмысын жай ғана бақыламайды. 30-ға жуық білім алушы өз жобаларын әзірлеп үлгерді. Олардың қатарында қашықтан басқарылатын роботтар да бар. «Ол қашықтан жұмыс істейтіндіктен, оған кибершабуыл жасалуы мүмкін», — деп түсіндіреді тілші Ануар Карбозов. Мұндай құрылғыларды қорғау үшін студенттер арнайы қауіпсіздік бағдарламаларын әзірледі. Сонымен қатар шеберханада дрондарды басқару бойынша оқыту жүргізіледі. Болашақта олар медицинада, тасымалдау, жеткізу және ауыл шаруашылығы салаларында қолданылады.
ЕҰУ-дың цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова тәсілдердің айырмашылығына тоқталды: «IT мамандықтарында негізінен компьютерлік бағдарламалаумен айналысады. Ал мұнда студенттер әртүрлі жабдықтарды бағдарламалауды, оларды өндірісте қалай қолдану керектігін түсінуді және олармен жұмыс істеуді үйренеді».
Шеберхана ашылғаннан бері онда 4 мыңнан астам студент практикадан өтті. Бүгінде техникалық кадрлар еліміздің бірден үш өңірінде даярлануда: Лу Бань шеберханалары Өскемен, Астана және Алматы қалаларында табысты жұмыс істеп, Қазақстанды жаңа буын инженерлерімен қамтамасыз етуде.