Қазіргі уақытта сақтандыру нарығында толыққанды цифрлық инфрақұрылым қалыптасты. Бірыңғай сақтандыру дерекқоры (БСДҚ) құрылды — ол сақтандыру саласындағы шынайы статистиканың орталықтандырылған көзі. Міндетті сақтандыру сыныптары бойынша қызмет көрсетудің толық циклі цифрландырылды — шарт жасасудан бастап сақтандыру төлемін алуға дейін.
2024 жылдан бастап «Еурохаттама» цифрлық сервисі жұмыс істейді, ол елеусіз жол-көлік оқиғалары кезінде жол полициясын шақырмай және сотқа жүгінбей-ақ сақтандыру төлемін жеңілдетілген тәртіппен алуға өтініш беруге мүмкіндік береді. Бұл реттеу мерзімдерін қысқартуға және тұтынушылардың әкімшілік шығындарын азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар ерікті сақтандыру саласында онлайн-сату мен цифрлық реттеу әзірге кеңінен қолданылмайды.

Цифрландырудың келесі кезеңі клиенттің сақтандыруды сатып алудан бастап төлемді алуға дейінгі бірыңғай цифрлық жолын құру болмақ. Бұл бастамалар «Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» жобасында қамтылған. Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен нарық қатысушылары және сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп әзірленді.
Электрондық құжаттарға бірыңғай талаптар белгіленеді. Электрондық шарт жаппай сақтандыру түрлері үшін негізгі форматқа айналады. Тұтынушы үшін бұл сақтандыруға қатысты көптеген мәселені сақтандыру ұйымының кеңсесіне бармай-ақ және көп көлемде қағаз құжат жинамай-ақ онлайн шешуге мүмкіндік береді дегенді білдіреді. Полисті сатып алу, сақтандыру жағдайы туралы хабарлау, қажетті құжаттарды беру және төлемді алу жеңіл әрі жылдам болады.
Сонымен қатар БСДҚ бұдан былай тек дерекқор ретінде емес, сақтандыру ақпаратымен қауіпсіз алмасуға арналған бірыңғай инфрақұрылым ретінде дамытылады. БСДҚ міндетті сақтандыру бойынша барлық шарттарға бірегей нөмірлер береді. Бұл сақтандыру жағдайларын реттеу процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бірыңғай стандарттар мен API-ді (қолданбалы бағдарламалау интерфейсін) пайдалану деректер сапасын арттыруға және нарық қатысушылары арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Осы негізде күмәнді сақтандыру жағдайлары мен қалыптан тыс мінез-құлықты автоматты түрде анықтайтын құралдарды енгізу жоспарланып отыр.

Алдағы уақытта клиенттің келісімімен сақтандыру ұйымдары, банктер, делдалдар және цифрлық платформалар өзара әрекеттесе алатын ашық цифрлық сақтандыру экожүйесін құру жоспарланып отыр. Сақтандыру маркетплейстері мен цифрлық платформалар үшін бірыңғай қағидалар енгізіледі. Олардың көмегімен тұтынушы сақтандыру талаптары мен құнын салыстырып, өз сұранысына барынша сәйкес келетін сақтандыру шешімін таңдай алады.
Цифрлық трансформация сақтандыру өнімдерін сатып алуға қолжетімділікті жеңілдетуге тиіс. Тұтынушылар сақтандыру қызметтерін бір түсінікті цифрлық процесс аясында — полисті таңдау мен сатып алудан бастап сақтандыру жағдайын реттеуге және төлемді алуға дейін пайдалана алады. Бұл мерзімдер мен шығындарды қысқартуға, процесті ашық етуге және жаңа цифрлық сақтандыру өнімдерінің пайда болуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.