Баршаға қолжетімді тегін өнер: Almaty Museum of Arts не ұсынады

836
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: ALMA

Şeberhana-ның тұңғыш серіктесі белгілі болды. Chevron компаниясы Almaty Museum of Arts музейінің тегін білім беру бағдарламаларын сақтауға және өнер, технология мен инклюзияны ұштастыратын жаңа бағыттарды дамытуға қолдау көрсетеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

2026 жылғы 24 тамызда Almaty Museum of Arts (ALMA) пен Chevron музейдің өнер, дизайн, қолөнер және шығармашылық ойлауды дамыту тәжірибелерін бір арнаға тоғыстырған Şeberhana білім беру платформасын қолдау жөніндегі серіктестік туралы жариялады. Серіктестік аясында тегін білім беру бағдарламаларына, мәдениетке инклюзив қолжетімділікке және STEAM тәсілін дамытуға ерекше мән беріледі.

Жеті айда Şeberhana-ға 3 700 адам қатысты

ALMA Şeberhana білім беру бағдарламасы 2025 жылдың желтоқсанында ашылды. Мұнда өнер, дизайн, қолөнер және баспа графикасы бойынша бір реттік шеберлік сабақтарынан бастап тұтас семестрге созылатын курстарға дейін өткізіледі.

Алғашқы жеті айдың ішінде Şeberhana 83 сессия өткізіп, 3 700 адамды қамтыды. Қатысушылардың 77%-дан астамы тегін іс-шараларға келген.

Chevron-мен серіктестік осы тегін және жеңілдетілген бағдарламаларды сақтап қана қоймай, оларды одан әрі дамытуға мүмкіндік бермек. 2026 жылы заманауи өнермен танысу мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жаңа бағыттарды іске қосу да жоспарланған.

Тегін бағдарламалар сақталып, жаңа бағыттар қосылады

Серіктестік аясында Şeberhana-ның төрт негізгі бағдарламасы дамытылады.

Aşyq Şeberhana — музей атриумында апта сайын өткізілетін тегін өнер сабақтары. Оған кез келген жастағы және дайындық деңгейіндегі адам қатыса алады.

Nobai — музей галереяларында өтетін тегін сурет салу клубы. Қатысушылар бақылау мен сурет салу арқылы музей кеңістігі мен өнер туындыларын жаңа қырынан зерттейді.

ALMA Makes! — 7–11 жастағы балаларға арналған шығармашылық курс. Әр модуль өнердің жаңа бағытын таныстырып, балаларға өз жобаларын жасап, тәжірибе жүргізуге мүмкіндік береді.

Artist Workshop бағдарламасы түрлі жастағы қатысушыларды арнайы шақырылған суретшілермен кездестіреді. Практикалық сабақтар музей қорындағы туындылар мен суретшілердің жеке шығармашылық тәжірибесіне негізделеді.

Өнер ғылым және технологиямен ұштасады

Серіктестіктің тағы бір басым бағыты — STEAM ортаны дамыту.

Бұл тәсілде өнер ғылымды, технологияны, материалды, дизайн мен мәдениетті зерттеуге бастайтын арна ретінде қарастырылады. Қатысушылар сурет салу, мүсіндеу, керамика және граттаж сияқты түрлі көркемдік тәсілдерді меңгеріп, материалдар мен дизайнды зерттейді, сәулет өнерімен танысады және заманауи суретшілермен жұмыс істейді.

Almaty Museum of Arts директоры Татьяна Ходжаева музей үшін білім берудің негізгі қызметтердің бірі екенін атап өтті.

«Біз үшін білім беру музейдің негізгі қызметтерінің бірі саналады. Біз өнермен жүздесудің музейдегі экспонатты тамашалаумен ғана шектелмей, әр адамның өз бетінше ізденуіне, тәжірибе алмасып, жаңа дүние жасауына бастау болғанын қалаймыз. Chevron компаниясымен орнатылған осы серіктестік музейдегі тегін бағдарламалардың едәуір бөлігін сақтап қалуымызға сеп болып қана қоймай, өнерді дизайн, материалдар, технологиялар һәм әлемді танудың өзге де тәсілдерімен ұштастыратын бағытты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Chevron-ның тұрақты даму бағытындағы жүйелі ұстанымын біздің әдістемелік тәжірибемізбен, өнер арқылы білім берудің қыр-сырын түсінетін кәсіби біліктілігімізбен ұштастыра отырып, баршаға қолжетімді әрі инклюзив мәдени-ағартушылық институттың тиімді үлгісін қалыптастырып келеміз», – дейді Татьяна Ходжаева.

Кеңістік әртүрлі аудиторияға бейімделген

Şeberhana кеңістігінде қимыл-қозғалысы шектеулі келушілерге арналған жеке кіреберіс пен көтергіш жүйе қарастырылған.

Үш тілдегі навигация жүйесі де бар. Сабақтар мен іс-шаралар аудиторияның сенсорлық және психикалық ерекшеліктерін ескере отырып бейімделген.

Бағдарламаларды дамыту барысында музей Chevron көп жылдан бері қолдау көрсетіп келе жатқан ұйымдармен де жұмыс істейді. Олардың қатарында «Мама Про» қоры, Қолөнершілер одағы және басқа ұйымдар бар.

Chevron Қазақстандағы әлеуметтік жобаларды 30 жылдан астам қолдап келеді

Chevron Eurasia компаниясының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі аға кеңесшісі Лейла Айтмұханова жаңа серіктестікті компанияның Қазақстандағы ұзақ мерзімді әлеуметтік бастамаларының жалғасы деп сипаттады.

«Өнер адамға жаңа мүмкіндіктерді көруге, көкейінде сауал туып, соның жолында ізденуге, шабыт сыйлар дүние тауып, өз күшіне сенуге жол ашады. Сондықтан балалар, жастар мен отбасыларға шығармашылық білім алуға мүмкіндік беретін Şeberhana-мен орнатып отырған серіктестігіміз біз үшін айрықша маңызды. Chevron компаниясы Қазақстандағы адам әлеуетін дамытуға 30 жылдан астам уақыт бойы білім беру және әлеуметтік бастамаларды қолдау арқылы өз үлесін қосып келеді. Біз білімге, шығармашылыққа және өзін-өзі дамытуға қолжетімділік адамның өз мүмкіндігін толық ашуына, сондай-ақ өзі өмір сүретін ортаға оң өзгерістер әкелуіне ықпал етеді деп сенеміз», – дейді Лейла Айтмұханова.

Almaty Museum of Arts пен Chevron арасындағы серіктестік алты айға есептелген. Осы кезеңде тараптар бірлескен жұмыстың нәтижесін саралап, ынтымақтастықтың келесі бағыттарын айқындайды.

Almaty Museum of Arts 2025 жылдың күзінде ашылды. Музей қорында қазақстандық және әлемдік суретшілердің 700-ден астам туындысы бар.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -