Қазақстандық дзюдо тарихи межеге жетті. Эквадордың Гуаякиль қаласындағы әлем чемпионатында 4 алтын, 3 күміс және 4 қола жеңіп алған жас дзюдошылар мен олардың жаттықтырушылары салтанатты түрде марапатталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Марапаттау рәсіміне Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев, спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты. Бұған дейін Туризм және спорт министрлігі Гуаякильдегі нәтижені отандық дзюдо тарихындағы рекордтық көрсеткіш ретінде бағалаған.

4 алтын және 11 медаль – Қазақстан үшін рекордтық нәтиже
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын 11 жүлдемен аяқтады:
- 4 алтын медаль;
- 3 күміс медаль;
- 4 қола медаль.
Оның ішінде жекелей жарыстарда қазақстандықтар үш алтын, үш күміс және төрт қола жеңіп алды. Тағы бір алтын аралас командалық жарыста келді — Қазақстан бұл бәсекеде әлем чемпионы атанды.

Жекелей сында Ғабит Расулхан, Фатима Сұпығалиева және Әділжан Жаудинов әлем чемпионы атанды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас спортшыларды және аралас командалық жарыста жеңіске жеткен Қазақстан құрамасын арнайы құттықтаған болатын.

Мырзабосынов жас чемпиондарға қандай міндет жүктелетінін айтты
Марапаттау кезінде Ербол Мырзабосынов жас дзюдошылардың нәтижесін спортшыларды даярлау мен қолдаудың нәтижесі деп бағалады.
«Бүгінде елімізде дзюдоға ерекше көңіл бөлініп, жас спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Сіздердің әлем чемпионатындағы тарихи нәтижелеріңіз – осы жұмыстың нақты жемісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлем чемпионатында топ жарған жас дзюдошыларды арнайы құттықтауы – сіздер үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұл – еңбектеріңізге берілген жоғары баға. Алда бұдан да биік белестер бар. Ел намысын абыроймен қорғап, көк Туымызды талай халықаралық додада көкке көтере берулеріңізге тілектеспін», – деді Ербол Мырзабосынов.
Министрлік бұған дейін жасөспірімдерден ұлттық құрамаға дейінгі спортшыларды даярлаудың бірыңғай моделін қалыптастыру жүріп жатқанын мәлімдеген. Гуаякильдегі командалық алтын мен жекелей сындағы он медаль осы жүйенің нәтижесі ретінде бағаланды.

15 спортшыға Алғыс хат табысталды
Әлем чемпионатында жүлде алған 15 спортшы Туризм және спорт министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Олардың арасында 60 келі салмақта және командалық жарыста алтын алған Ғабит Расулхан, +90 келіде және командалық сында топ жарған Әділжан Жаудинов, сондай-ақ 52 келіде әлем чемпионы атанған Фатима Сұпығалиева бар.
Фатима Сұпығалиеваның жеңісі жеке тарихи көрсеткішке айналды: ол жасөспірім қыздар арасында әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық дзюдошы болды.
Жаттықтырушылардың еңбегі де марапатталды
Спортшылармен бірге чемпиондарды дайындаған мамандарға да ведомстволық марапаттар берілді.
Жаттықтырушы-кеңесші Седрик Пол Р. Тайманс «Дене шынықтыру және спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін алды.
Мейрлан Баймаханбетов, Талғат Тұрсынов, Сұлтан Өтешов, Бағдат Ерғазы, Алтынбек Сұпығалиев және Алмас Несіпберлинов «Спорт саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Дзюдо федерациясының вице-президенттері Серікбол Уразалин мен Ержан Зейндиновке Туризм және спорт министрлігінің Құрмет грамоталары табысталды.
Командалық алтын үшін арнайы жүлде берілді
Қазақстан құрамасының аралас командалық жарыстағы жеңісі бөлек аталып өтті. Бұл — ел дзюдосының әлем чемпионатындағы алғашқы командалық алтыны.
Команданы осы нәтижеге жеткізген аға жаттықтырушы Мейрлан Баймаханбетовке арнайы жүлде қоры табысталды.
Жеке бапкерлер Саламат Отарбаев, Айбек Садықов және Берік Жетпісбаев Туризм және спорт министрлігінің Құрмет грамоталарын және Қазақстан дзюдо федерациясының ақшалай сыйлығын алды.
Гуаякильдегі нәтиже Қазақстан үшін медаль санымен ғана ерекшеленген жоқ. Ұлттық құрама аралас командалық жарыста алғаш рет әлем чемпионы атанып, жекелей сындарда бірден он медаль жинады.
Осы әлем чемпионаты басталған кезде біз Ғабит Расулханның 60 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанып, Қазақстанның алғашқы алтынын жеңіп алғаны туралы жазған едік. Кейін бұл жеңіс Қазақстан дзюдосы тарихындағы рекордтық әлем чемпионатының бастамасына айналды.