Қордың қаржылық көрсеткіштері жоспардан жоғары шықты. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында «Самұрық-Қазынаның» кірісі 12,5 трлн теңгеге, ал таза пайдасы 1,2 трлн теңгеге жетті. Сонымен бірге отандық өндірушілермен жасалған келісімшарттар көлемі бір жылда 32%-ға өсті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл көрсеткіштер Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің отырысында жарияланды. Үкіметтің ресми мәліметіне сәйкес, жиында Қордың өндірістік және қаржылық нәтижелерімен қатар, қазақстандық кәсіпорындарды сатып алу жүйесі арқылы қолдау мәселесі қаралды.

Таза пайда 1,2 трлн теңгеден асты
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов ұсынған мәлімет бойынша, жеті айдағы негізгі қаржылық көрсеткіштердің барлығы жоспардан жоғары қалыптасты.
- кіріс – 12,5 трлн теңге, жоспардан 5% жоғары;
- EBITDA – 3,4 трлн теңгеден астам, жоспардан 7% жоғары;
- таза пайда – 1,2 трлн теңгеден астам, жоспардан 4% жоғары.
Бұл жерде тек кірістің өсуі емес, операциялық тиімділікті көрсететін EBITDA мен таза пайданың да жоспардан асып түсуі назар аударады. Қордың ауқымын ескерсек, бірнеше пайыздық ауытқудың өзі жүздеген миллиард теңгелік қаржы ағынымен байланысты.
Қазақстандық өндірушілер 694 млрд теңгенің тапсырысын алды
Екінші ірі көрсеткіш Қордың сатып алу жүйесіне қатысты. Жыл басынан бері «Самұрық-Қазына» тобының компаниялары отандық тауар өндірушілермен 694 млрд теңгеге келісімшарт жасады.
Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 32%-ға жоғары.
Отандық кәсіпорындар үшін сатып алу жүйесінде 16-дан астам қолдау шарасы қарастырылған. Олардың арасында:
- қазақстандық тауарларға басымдық беру;
- ұзақмерзімді келісімшарттар жасау;
- 30% көлемінде міндетті аванс төлеу;
- жеткізілген өнім үшін төлемді жеделдету бар.
Бұл тетіктер өндіруші үшін тікелей қаржылық мәнге ие. Ұзақмерзімді тапсырыс өндірісті жоспарлауға мүмкіндік берсе, 30 пайыздық аванс кәсіпорынның айналым қаражатына түсетін жүктемені азайтады.
Офтейк-келісімшарттар 52,8 млрд теңгеге жетті
2026 жылдың қаңтар–шілде айларында Қор компаниялары 52,8 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар жасады.
Офтейк тетігінің ерекшелігі – кәсіпорын болашақта өндірілетін өнімге алдын ала тапсырыс ала алады. Бұл жаңа өндірісті іске қосу немесе бұрын импортталған тауарды Қазақстанда шығаруды бастау кезінде бизнес үшін өткізу нарығына қатысты тәуекелді төмендетеді.
Бұған дейін 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қор компаниялары отандық өндірушілермен 594 млрд теңгеге 3,8 мыңнан астам шарт жасағаны хабарланған еді. Енді жеті айдың қорытындысында келісімдердің сомасы 694 млрд теңгеге жетті.
Ғылым мен инновация портфелінде 55 жоба бар
«Самұрық-Қазына» тобы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды да қаржыландырып отыр.
Қазіргі портфель:
- 55 жобаны;
- 13,9 млрд теңгені қамтиды;
- 7 жоба аяқталған.
Бұл бағыт Қор компаниялары үшін технологиялық шешімдерді сырттан сатып алумен ғана шектелмей, зерттеу мен тәжірибелік әзірлемелерді өз өндірістік міндеттеріне бейімдеуге мүмкіндік береді.
Бектенов инвестициялық жобалар бойынша тапсырма берді
Директорлар кеңесінің қорытындысында Олжас Бектенов инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде жүзеге асыруды және «Самұрық-Қазына» тобының сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіруді тапсырды.
Қор үшін ендігі негізгі көрсеткіштердің бірі сатып алуға бағытталған қаржының қаншалықты отандық өндірістің өсуіне айналатыны болмақ. Жеті айдың өзінде қазақстандық өндірушілермен жасалған келісімдер 694 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 32%-ға артты.
Жақында біз Қазақстанда отандық өндірісті қолдауға триллиондаған теңге бағытталғаны және «Самұрық-Қазына» сатып алуындағы жергілікті өндірушілердің үлесі қалай өсіп жатқаны туралы жазған едік.