Айыппұл көлемі 22,2 млн теңгеге жетті. Жыл басынан бері Астанада мемлекеттік еңбек инспекторлары 271 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, еңбек заңнамасын бұзған 114 заңды және жеке тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Исмағұлов мәлім етті.
Жыл басынан бері 10 мыңнан астам өтініш қаралды
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік еңбек инспекторлары бақылайды. Тексерулер Кәсіпкерлік кодексінде көзделген негіздер мен растайтын дәлелдер болған жағдайда жүргізіледі.
Ерлан Исмағұловтың айтуынша, тексерулер нәтижесінде жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, орындауға міндетті нұсқамалар енгізілген. Сонымен қатар тиісті материалдар мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот орындаушыларына жолданған.
«Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 10 202 өтінішті қарап, 271 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Анықталған бұзушылықтар бойынша оларды жою туралы 125 нұсқама беріліп, 114 заңды және жеке тұлға жалпы сомасы 22,2 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – дейді спикер.
Тәуекелі жоғары жұмыс берушілер бақылауға алынды
Еңбек жанжалдарының алдын алу үшін мемлекеттік еңбек инспекциясы прокуратурамен бірлесіп, тәуекел деңгейі жоғары тізімге енгізілген жұмыс берушілермен кездесулер өткізіп жатыр.
Профилактикалық жұмыс аясында инспекторлар Астана қаласының прокуратурасы және Кәсіподақтар орталығымен бірге 30 көшпелі іс-шара өткізген.
Олар 2 870-тен астам жұмыскерді қамтыды.
Негізгі назар:
- қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарын сақтауға;
- жұмыскерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге;
- өндірістік жарақаттануды төмендетуге;
- жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға аударылды.
Астанада құрылыс нысандарын дронмен тексере бастады
Елордадағы құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігін бақылаудың жаңа тәсілі қолданыла бастады. Инспекторлар қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарының сақталуын енді ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен де бақылайды.
Жұмыс прокуратура және Астана қаласының полиция департаментімен бірлесіп жүргізіліп жатыр.
«Құрылыс объектілерінде қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарының сақталуын бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары да қолданыла бастады. Жұмыс прокуратура және қала полиция департаментімен бірлесіп жүргізілуде. Жыл басынан бері 13 жұмыс беруші жалпы сомасы 1,1 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әуеден мониторинг жүргізу қарапайым тексеру барысында анықтау қиын болатын бұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді», – деп департамент басшысы сөзін қорытындылады.
Дронмен бақылау не үшін қажет
Әуеден мониторинг жүргізу инспекторларға құрылыс алаңының қарапайым тексеру кезінде көру қиын бөліктеріндегі ықтимал бұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді.
Бұл тәсілдің негізгі мақсаты – тек заң бұзушылықты анықтау емес, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу және жұмыс берушілердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуіне бақылауды күшейту.
Жыл басынан бері тек дрон арқылы жүргізілген бақылау нәтижелері бойынша 13 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 1,1 млн теңгені құрады.