Павлодардағы 5512 және 6679 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері шахматтан сынға түсті. 5512 әскери бөлімінде өткен сайыс көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, прокуратура органдарының ардагері Юрий Хитринді еске алуға арналды. Іс-шараның өткізілуіне мұрындық болған Павлодар гарнизонының әскери прокуратурасы.

- Прокуратура органдарында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, жоғары лауазымдарды абыроймен атқарған заң саласының заңғар маманы Юрий Александрович тірі болса биыл сексен жасқа толар еді. Көрнекті тұлғаның есімі Отан алдындағы мерзімді қызметін атқарып жүрген сарбаздар арасында жаңғырсын деп Ұлттық ұлан жауынгерлері арасында шахматтан турнир ұйымдастырдық. Шахмат ойыны Отан алдындағы борышын өткерушілердің ерік-жігерін арттырып, зейіндерін дамытады. Биыл қолға алған бұл бастаманы алдағы уақытта ізін суытпай, дәстүрге айналдыру біздің жоспарымызда бар, - дейді Павлодар гарнизонының әскери прокуроры әділет подполковнигі Ғалымжан Серім.
Тақта үстіндегі тартысқа толы ойынға жалпы саны он сарбаз қатысты. Швейцарлық жүйе бойынша өткен турнирдің нәтижесі бойынша үшінші орынды 5512 әскери бөлімінің намысын қорғаған мерзімді әскери қызметші иеленсе, бірінші және екінші орынды 6679 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қанжығаларына байлады. Ұлттық ұлан сапына Астана қаласынан шақыртылған қатардағы жауынгер Марат Абылайхан сайыста қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырына көтерілді.
- Мен бұл сайыста жеңімпаз атанатыныма бек сенімді болдым. Менің мақсатым – халықаралық деңгейдегі гроссмейстер атанып, Қазақстанның көк туын әлемдік ареналарда желбірету. Шахмат адамды сабырлыққа, терең ойлауға және қарсыластың әрекетін алдын ала болжауға үйретеді. Бұл қасиеттер әскери қызметте де аса маңызды, – дейді қатардағы жауынгер Марат Абылайхан.
Марат шахматпен үшінші сыныптан бастап айналысыпты. Интеллектуалды ойынға деген қызығушылығы оны түрлі республикалық жарыстардың жеңіс тұғырына шығарып, бүгінде спорт шеберіне үміткер деңгейіне жеткізген. Әскерге дейін Марат Астанадағы шахмат мектептерінің бірінде жаттықтырушы болып еңбек еткен. Ол жасөспірімдерге шахматтың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, елордадағы кіші буын арасында түрлі турнирлер ұйымдастырған. Сайыс қорытындысы бойынша жүлдегерлерге мадақтама қағаздары мен сыйлықтар табысталды.
Лейтенет Рүстем Мұхаметрақым