Түнгі сапар қайғылы аяқталды.
Алматыда 44 жастағы ер адам электросамокаттан құлап, өмірге қауіпті ауыр жарақат алды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам қорғаныш шлемін және басқа да жеке қорғаныс құралдарын тақпаған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Самокат бордюрге соғылған
Қайғылы жағдай түнде Варламов көшесінде, Төле би даңғылына жақын жерде болған.
Алдын ала дерекке сәйкес, электросамокатпен келе жатқан ер адам көлікті басқара алмай, бордюрге соғылып, құлап кеткен.
Құлау салдарынан алған жарақаттары оның өміріне қауіп төндірген.
Оқиға орнына жедел жәрдем дәрігерлері жетті. Олар бірнеше минут бойы ер адамды аман алып қалуға тырысып, реанимациялық шаралар жүргізгенімен, нәтиже болмады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ер адам қорғаныш шлемін тақпаған
Алдын ала ақпарат бойынша, оқиға болған сәтте ер адамның басында шлем болмаған. Сондай-ақ ол басқа да жеке қорғаныс құралдарын пайдаланбаған.
Бұл жайт Алматыда [электросамокаттарға қатысты жаңа талаптар]электросамокаттарға қатысты жаңа талаптар күшіне енген тұста ерекше назар аудартады.
Жаңа талаптарға сәйкес, электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен қозғалуына тыйым салынған. Ал жолдың көлік жүретін бөлігіне шыққан жүргізуші 18 жастан асқан болуы, жүргізуші куәлігіне ие болуы және қорғаныш шлемін тағуы керек.
Қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын кеудеше немесе жарық қайтарғыш элементтерді пайдалану да талап етіледі.
Электросамокат жүргізушілеріне қойылатын талап күшейді
Веложол немесе велосипед жолағы бар жерде электросамокат жүргізушілері солармен қозғалуға тиіс.
Мұндай жолақтар болмаған жағдайда жол қозғалысы ережелеріне сәйкес жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.
Кәмелетке толмағандарға және жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға көлік жүретін бөлікке шығуға болмайды. Жолға шыққан кезде қорғаныш шлемін тағу талабы Қазақстанның [Жол қозғалысы ережелерінде]Жол қозғалысы ережелерінде де қарастырылған.
Алматыда электросамокат жүргізушілерінің қауіпсіздігі мәселесі бірнеше жылдан бері өзекті. Полиция самокат пайдаланушыларын жол ережелерін сақтауға және жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін қауіпті әрекеттерден бас тартуға шақырып келеді.
Варламов көшесіндегі оқиғаның нақты мән-жайы әзірге анықталып жатыр. Белгілісі, бордюрге соғылғаннан кейін ер адам ауыр жарақат алып, көз жұмған. Алдын ала мәлімет бойынша, оның үстінде қорғаныш құралдары болмаған.