Astana Motors компаниясы Changan брендімен бірге Қазақстан нарығына UNI-S шағын кроссоверін шығарады. Компания ұсынған мәліметке сәйкес, модельдің алдыңғы және толық жетекті нұсқалары болады, ал мультимедиа жүйесінің интерфейсі қазақ тілін қолдайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Екі нұсқаға да қуаты 181 ат күшіне, айналу моменті 280 Н·м-ге тең 1,5 литрлік бензинді турбоқозғалтқыш орнатылған. Ол майлы ортада жұмыс істейтін қос іліністі жеті сатылы роботтандырылған 7DCT беріліс қорабымен үйлеседі.

Алдыңғы және толық жетекті нұсқалардың айырмашылығы
Компания дерегінше, алдыңғы жетекті UNI-S сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 8,3 секундта, ал толық жетекті нұсқа 9,5 секундта жетеді.
Кроссовердің ұзындығы — 4550 мм, ені — 1868 мм, биіктігі — 1680 мм. Дөңгелек базасында аздаған айырмашылық бар: алдыңғы жетекті нұсқада ол 2656 мм, толық жетекті нұсқада 2650 мм болады.
Жүріс режимдерінің тізімінде Eco, Normal және Sport, сондай-ақ қарға, балшыққа және құмға арналған Snow, Mud және Sand көрсетілген. Ұсынылған сипаттамада бұл режимдердің қай нұсқаларда қолжетімді екені нақтыланбаған.

Қазақша мультимедиа және жылытылатын руль
UNI-S моделіне диагоналі 14,6 дюймдік орталық экран және 10,25 дюймдік цифрлық аспаптар панелі қарастырылған. Мультимедиа жүйесі Apple CarPlay, Android Auto және дауыспен басқаруды қолдайды. Аудиожүйеде сегіз динамик бар.
Жабдықтар тізіміне жылытылатын көпфункциялы руль, экобылғарымен қапталған орындықтар және салонның көптүсті көмескі жарығы кіреді. Сондай-ақ электр жетегімен ашылатын люгі бар панорамалық төбе, рейлингтер және жүксалғыш пердесі қарастырылған.

Жүргізушіге қандай жүйелер көмектеседі
Мәлімделген электрондық көмекшілер кешеніне бейімделетін круиз-бақылау, алдыңғы жақтағы соқтығысу қаупі туралы ескерту және жаяу жүргіншілерді танитын автоматты шұғыл тежеу жүйесі кіреді.
Бұған қоса, жолақтан шығып кету туралы ескерту, көлікті жолақта ұстап тұру және кептелісте қозғалу көмекшісі бар. Автокөлік айналасын бақылау үшін 360 градустық шолу камералары қолданылады.

Ұсынылған материалдарда баға, сатылымның нақты басталу күні және жабдықтардың жинақтамалар бойынша бөлінісі көрсетілмеген. Сондықтан сатып алушы нұсқаны таңдамас бұрын оның құны мен жабдықтар тізімін нақтылауы қажет.
Astana Motors Қазақстандағы өндірістік жобаларын да кеңейтіп жатыр. Компания зауытында OMODA және JAECOO шығаруға арналған келісімде қандай кроссоверлер қарастырылғанын орыс тіліндегі материалымыздан оқуға болады.