Қазақстанда 2026 жылы ішкі сауданы қолдауға 10 млрд теңге қарастырылған. Мемлекет кәсіпкерлердің кредиті бойынша пайыздың бір бөлігін субсидиялайды, ал қолдау алған бизнес отандық тауарлардың үлесін қамтамасыз етіп, бір жыл бойы жалдау ақысын көтермеуге міндетті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бағдарламаның талаптары мен нәтижелері туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді. Қаржыландыру сауда нысандарын дамытуға, бизнесті кеңейтуге және айналым қаражатын толықтыруға арналған.
Қолдау алған кәсіпкер қандай міндеттеме алады
Бағдарламаға қатысатын сауда нысандарында азық-түлік тауарларының кемінде 50%-ы, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлардың кемінде 30%-ы отандық өнім болуы тиіс.
Айналым қаражатын толықтыруға қаржы алған кәсіпкер тауарларды, шикізат пен материалдарды тиісті тізілімге енгізілген қазақстандық өндірушілерден сатып алуға міндетті.
Өндірісін енді бастаған отандық кәсіпкерлерге де мүмкіндік қарастырылған. Олардың өтінімі бойынша бағдарламаға қатысушы сауда нысандары өнімдерін орналастыруға кемінде үш айға жеңілдікті шарттармен орын ұсынуы керек.
Жалға алушыларға қатысты бөлек талап бар: мемлекеттік қолдау алушыларға субсидиялау немесе кепілдік беру шарты жасалған күннен бастап бір жыл ішінде жалдау ақысын көтеруге тыйым салынады.
Қандай кредиттер субсидияланады
Кредиттің ең жоғары сомасы жоба іске асырылатын елді мекенге байланысты:
- облыс орталықтарында — 3 млрд теңгеге дейін;
- шағын және моноқалаларда, ауылдық елді мекендерде — 1,5 млрд теңгеге дейін.
Инвестициялық жобалар бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігі бес жылға дейін, айналым қаражатын толықтыруға алынған кредиттер бойынша үш жылға дейін субсидияланады.
Бұл тетік кәсіпкердің пайыз төлеуге жұмсайтын шығынын азайтады. Кредиттің негізгі сомасын қайтару міндеті кәсіпкердің өзінде қалады.
15 өңірде 41 жоба мақұлданды
2026 жылдың басынан бері жалпы сомасы 11,9 млрд теңге болатын 41 жоба мақұлданған. Оның 12-сі инвестициялық мақсаттарға, қалған 29-ы айналым қаражатын толықтыруға арналған.
Қолдау алған жобалар 15 өңірде іске асырылып жатыр. Ақтөбе облысындағы жобалардың көлемі 3,1 млрд теңгені, Қарағанды облысында 2,3 млрд теңгені құрайды. Абай және Алматы облыстарында бұл көрсеткіш — әрқайсысында 1 млрд теңге.
Бағдарламаға қарастырылған 10 млрд теңге кредиттер бойынша пайыздың бір бөлігін субсидиялауға жұмсалады. Ал жобаларды қаржыландыру көлемі бөлек есептеледі.
Бағдарлама аясында 1 710 жұмыс орны ашылды
Министрлік мәліметінше, 2025 жылы жалпы кредит сомасы 67,5 млрд теңге болатын 458 жоба субсидияланған. Қолдау алған жобалар аясында 1 710 жұмыс орны құрылған.
Кәсіпорындардың жиынтық жылдық табысы 358,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,2%-ға көп.
Қаржының бір бөлігі базарларды жаңғыртуға бағытталған. Олардың қатарында Шығыс Қазақстан облысындағы «Заречный» мен «Заря», Түркістан облысындағы «Grand Park Zhetysai», Батыс Қазақстан облысындағы «Ашык жол», Ақтөбе облысындағы «Шыгыс» және Қызылорда облысындағы «Сыбаға» бар. Осы нысандарды жаңғыртуға 4,2 млрд теңге кредит қаражаты жұмсалған.
Кредит пайызының бір бөлігін субсидиялау тетігі өнеркәсіптік кооперацияда да қолданылады. Қазақстандық компаниялардың ЕАЭО аясындағы қолдау көрсетілетін өндірістік жобаларға қатысуы туралы бөлек материалымыздан оқуға болады.