Шымкентте прокуратураның араласуынан кейін «YUG PLASTIC KZ» ЖШС-нің құны 1,4 млрд теңгелік инвестициялық жобасын жалғастыруға қажетті шарттар рәсімделді. «Жұлдыз» индустриялық аймағында жүзеге асырылып жатқан жоба аясында 100 жұмыс орнын құру көзделген, деп хабарлайды прокуратураға сілтеме жасаған DKNews.kz.
Кедергілерді инвестициялық жобаны сүйемелдеу барысында Еңбекші ауданының прокуратурасы анықтаған. Мәселе дайын өнім қоймасын салуға берілген қосымша жер учаскесінің құжаттарын рәсімдеуге қатысты болған.
Жер бөлінгенімен, шарттар уақытында рәсімделмеген
2026 жылғы 22 сәуірде «Бизнес Шымкент» өңірлік үйлестіру кеңесі компанияға қойма салу үшін қосымша бір гектар жер бөлу туралы шешім қабылдаған.
Алайда прокуратураның мәліметінше, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ қажетті шарттарды уақытында рәсімдемеген. Әңгіме индустриялық аймақ қатысушысы ретінде қызмет жүргізу және жер учаскесін уақытша пайдалану шарттары туралы болып отыр.
Осы құжаттардың болмауы инвесторға жобаны одан әрі толық көлемде іске асыруға кірісуге кедергі келтірген.
Қажетті құжаттар рәсімделді
Прокуратураның араласуынан кейін компаниямен тиісті шарттар рәсімделіп, анықталған кедергілер жойылған. Қадағалау органы инвесторлардың құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді жою жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.
Нәтижесінде дайын өнім қоймасына арналған қосымша жер учаскесін пайдалануға қатысты мәселе шешілді.
Құрылыс кезінде әкімшілік кідіріске Семейдегі инвестор да тап болған. Прокуратураның компанияға өндірістік-қойма кешенін кәріз жүйесіне қосуға рұқсат алуға қалай көмектескені туралы бұған дейін жазған едік.