Мерзім жақындады. Қазақстанда инвестициямен айналысатын кейбір азаматтар 2025 жылғы кірістері мен активтері бойынша салық декларациясын 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін тапсыруы керек. Бірақ брокерлік шоттың болуының өзі барлық инвесторға автоматты түрде осындай міндет жүктемейді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Halyk Finance Басқарма Төрағасының орынбасары Бауржан Тулепов инвесторға декларацияны толтырудан бұрын оның нақты қандай міндеттемесі бар екенін анықтап, брокерлік құжаттарды жинап алуға кеңес береді.
Бұл мәселе биыл ерекше өзекті: Мемлекеттік кірістер органдары 15 қыркүйекте 250.00 және 2025 жылға арналған 270.00 нысандарын тапсыру мерзімі аяқталатынын еске салды.
Брокерлік шот бар болса, декларация міндетті ме?
Әрдайым емес.
Инвестор үшін бірінші сұрақ — брокерлік шоттың бар-жоғы емес, активтердің қайда орналасқаны, қандай кіріс алынғаны және заңнамада декларация тапсыруға негіз бар-жоғы.
Қазақстанда тіркелген брокердегі қарапайым брокерлік шоттың өзі автоматты түрде декларация тапсыру міндетін білдірмейді. Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, Қазақстандағы брокерлік шоттар туралы мәліметтерді салық органдарына отандық брокерлер береді.
Ал шетелдегі активтер, шетелдік эмитенттердің бағалы қағаздары, шетелдік брокерлік шоттар және жеке тұлға өзі салық төлеуге тиіс кейбір кірістер жағдайды өзгертуі мүмкін.
«Декларацияны дайындар алдында инвесторға бірінші кеңес беретінім – бірден нысанды толтырудан бастамау. Алдымен оны тапсыру міндеті сізде туындай ма, соны түсініп алу қажет. Бұл брокерлік шоттың болуына ғана емес, активтердің түріне, кіріс көзіне және басқа да мән-жайларға байланысты», – деп атап өтті Бауржан Тулепов.
250.00 мен 270.00: айырмашылығы қандай
Инвестор шатастырмауы тиіс екі негізгі нысан бар.
250.00 — активтер мен міндеттемелер туралы декларация. Ол заңда көзделген жағдайда активтер мен міндеттемелерді декларациялау міндеті алғаш туындаған кезде ұсынылады.
2026 жылы бұл нысанды, соның ішінде, шетелде заңда көрсетілген активтері бар Қазақстан азаматтары мен резиденттері, цифрлық актив иелері және заңда белгіленген басқа санаттар тапсырады. Шетелдік активтер қатарына шетелдік эмитенттердің бағалы қағаздары мен туынды қаржы құралдары және шетелдік брокерлік шоттардағы ақша да кіреді.
270.00 — кірістер мен мүлік туралы декларация. 2026 жылы ол 2025 жылғы есепті кезең үшін ұсынылады.
Оны тапсыруға негіздердің қатарында:
- дербес салық салынатын кірістер алу;
- шетелде активтердің болуы;
- шетелдік банктердегі қаражаттың белгіленген шектен асуы;
- цифрлық активтарға иелік ету;
- есепті кезеңде заңда белгіленген шектен асатын ірі мүлік сатып алу;
- заңда тікелей көрсетілген тұлғалар санатына жату бар.
Сондықтан «инвестормын — демек 270.00 тапсырамын» деген әмбебап ереже жоқ.
Шетелдік акциялары бар инвесторлар ерекше назар аударуы керек
Инвестор үшін активтің қай жерде есепке алынатыны және эмитенттің қайда тіркелгені маңызды болуы мүмкін.
Қаржы министрлігінің ресми түсіндірмесінде 270.00 нысанын тапсыруға негіз болатын шетелдік активтер қатарында бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, инвестициялық алтын және шетелдік компаниялардағы үлестер көрсетілген.
250.00 нысаны бойынша да шетелде тіркелген эмитенттердің бағалы қағаздары мен шетелдік брокерлік шоттардағы ақша жеке көрсетілген.
Сондықтан шетелдік акциялармен, шетелдік брокермен немесе шетелден алынған инвестициялық кірістермен жұмыс істеген адам өз жағдайын жеке тексергені дұрыс.
15 қыркүйек — негізгі мерзім
2025 жылғы есепті кезең үшін 270.00 декларациясын 2026 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру қажет.
250.00 нысаны да оны тапсыру міндеті туындаған жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей ұсынылады. Бұл мерзімдерді Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер органдарының биылғы ресми түсіндірмелері растайды.
Сондықтан декларацияны соңғы күнге қалдырмау маңызды.
Алдымен брокерлік үзінді-көшірмелерді жинаңыз
Егер декларация тапсыру қажет екені анықталса, келесі қадам — құжаттарды жүйелеу.
Инвестор үшін негізгі ақпарат көзі — брокерлік есептер мен үзінді-көшірмелер.
Қажет болуы мүмкін құжаттар:
- жасалған мәмілелер туралы есеп;
- брокерлік шот бойынша үзінді-көшірме;
- ақша қозғалысы туралы мәліметтер;
- бағалы қағаздарды сатып алу және сату деректері;
- дивидендтер туралы ақпарат;
- купондық төлемдер;
- ұсталған салықтар туралы мәліметтер;
- ақша мен активтердің қалдықтары.
Егер жыл ішінде бірнеше брокер пайдаланылса, әрқайсысынан қажетті кезеңді толық қамтитын құжаттарды алған жөн.
«Брокерлік үзінді-көшірме – іс жүзінде инвестордың декларациясын дайындаудың негізі. Сондықтан алдымен барлық құжатты жинап, содан кейін ғана нысанды толтыруға кіріскен жөн деп кеңес берер едім. Бұл, әсіресе, жыл ішінде көп операция жасағандар немесе бірнеше брокердің қызметін пайдаланғандар үшін маңызды», – деп түсіндіреді Бауржан Тулепов.
Бірнеше брокер болса, бір есеп жеткіліксіз болуы мүмкін
Мысалы, инвестор жылдың басында қазақстандық брокер арқылы сауда жасап, кейін шетелдік брокерде шот ашып, шетелдік акциялардан дивиденд алуы мүмкін.
Мұндай жағдайда портфельдің қазіргі құнына қарап декларация толтыру жеткіліксіз.
Операциялардың:
- нақты күні;
- сатып алу құны;
- сату құны;
- алынған кіріс;
- дивидендтер;
- купондар;
- ұсталған салықтар;
- пайдаланылған валюта туралы бастапқы мәліметтер қажет болуы мүмкін.
Сондықтан жыл ішінде көп мәміле жасаған инвестор үшін барлық операцияны жадыдан қалпына келтіруге тырысу тәуекелді.
Декларацияны онлайн тапсыруға болады
250.00 және 270.00 нысандарын электронды түрде тапсыру мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік кірістер органдары декларацияны Салық төлеушінің кабинеті, eGov және e-Salyq Azamat арқылы, сондай-ақ бірқатар банктердің мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болатынын көрсетеді. Қағаз нұсқасы да сақталған.
Салық төлеушінің кабинеті туралы ресми ақпарат
Өз бетінше тапсыратын инвестор үшін негізгі алгоритм қарапайым: қажетті құжаттарды жинау, дұрыс декларация нысанын анықтау, 2025 жылғы есепті кезеңді таңдау, деректерді брокерлік есептермен салыстырып енгізу және жіберер алдында бәрін қайта тексеру.
Ең жиі тексеретін алты нәрсе
Декларацияны жібермес бұрын техникалық қателерді де тексерген жөн.
Инвестор есепті жылды дұрыс таңдағанына, барлық брокерлер бойынша мәлімет енгізілгеніне, қажетті кірістердің қалып қоймағанына, сомалар мен валюталардың дұрыс көрсетілгеніне және бір операцияның екі рет енгізілмегеніне көз жеткізуі керек.
Декларация жіберілгеннен кейін жүйеде оның қабылданғанын тексеріп, растайтын құжатты сақтау да маңызды.
Автоматтандырылған сервистер көмектесе алады
Белсенді инвестор үшін ондаған немесе жүздеген мәмілені қолмен өңдеу көп уақыт алады.
Мұндай жағдайда салық декларациясын дайындауға көмектесетін мамандандырылған сервистерді пайдалануға болады. Әдетте инвестор брокерлік үзінді-көшірмелерді жүктейді, ал жүйе операцияларды жүйелеуге және қажетті деректерді дайындауға көмектеседі.
Бірақ автоматтандыру жауапкершілікті толығымен сервиске бермейді.
«Белсенді инвестор үшін автоматтандыру процесті айтарлықтай жеңілдетуі мүмкін. Егер брокер мұндай сервис ұсынса, кем дегенде оның шарттарымен танысуға кеңес берер едім. Ал брокеріңізде ондай мүмкіндік болмаса, басқа мамандандырылған сервистердің ұсыныстарын қарауға болады. Ең бастысы – толық брокерлік үзінді-көшірмелерді пайдаланып, қалыптастырылған деректерді тапсырар алдында тексеру», – деп атап өтті Бауржан Тулепов.
Шетелдік брокерлік шотқа қатысты маңызды нюанс
Қазақстандағы және шетелдегі брокерлік шоттарға көзқарас бірдей емес.
Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндірмесінде Қазақстанда тіркелген брокерлердегі шоттар туралы мәліметті брокерлердің өздері мемлекеттік кірістер органдарына беретіні айтылған. Сондықтан отандық брокерлік шоттағы ақшаны осы себептің өзімен жеке декларациялау талап етілмейді.
Ал шетелдік брокерлік шоттар бойынша ақпараттың салық органдарына түсу тәртібі өзгеше. Оның үстіне 2026 жылға арналған ресми түсіндірмеде шетелдік брокерлік шоттардағы ақша 250.00 нысаны бойынша декларацияланатын активтердің қатарында тікелей көрсетілген.
Сондықтан инвестор үшін «брокерлік шотым бар ма?» дегеннен гөрі «ол қай юрисдикцияда орналасқан және онда қандай активтер бар?» деген сұрақ маңыздырақ.
Декларациядан кейін салық міндеттемесін тексеріңіз
Декларация тапсыру мен салық төлеу — екі бөлек процесс.
Инвестор декларацияны уақытында жібергеннен кейін оның қорытындысы бойынша жеке табыс салығы бойынша міндеттеме туындаған-туындамағанын тексеруі қажет.
Сондай-ақ брокерлік есептерді, үзінді-көшірмелерді, салықтың ұсталғанын растайтын құжаттарды, есептеулерді және декларацияның қабылданғаны туралы растауды сақтап қойған дұрыс.
Инвестор қазір нені тексеруі керек
15 қыркүйекке аз уақыт қалғандықтан, инвесторға ең алдымен өзінің нақты жағдайын тексерген жөн.
Негізгі сұрақтар: 250.00 немесе 270.00 нысанын тапсыруға заңдық негіз бар ма, 2025 жылы шетелдік активтер болды ма, дербес салық салынатын кіріс алынды ма, шетелдік брокерлік шот пайдаланылды ма және барлық брокерден қажетті құжаттар жиналды ма.
«Салық декларациясы – соңғы күнге дейін қалдыруға болатын рәсім емес. Инвестор өз міндеттерін неғұрлым ерте түсініп, қажетті үзінді-көшірмелерді алып, деректерді тексерсе, бүкіл процесс соғұрлым жайлы өтеді. Ал операциялар көп болғанда, қолмен жасалатын жұмысты қысқартуға көмектесетін автоматтандырылған шешімдерді қарастырған жөн», – деп түйіндейді сарапшы.
Бұған дейін біз 2026 жылы декларацияны кімдер тапсыруы керектігін, шетелдік активтер мен ірі сатып алулардың қандай жағдайда міндеттеме туғызатынын егжей-тегжейлі түсіндірген едік. Декларация-2026 бойынша толық нұсқаулық