Кеңес құрамы қайта жасақталады. Қыркүйектің соңына дейін мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы Үйлестіру кеңесінің жаңа құрамын қалыптастыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Жаңартылған форматта практикалық жұмысқа, өзекті мәселелерді жедел қарауға және нақты шешімдерді қоғам өкілдерімен бірлесіп әзірлеуге басымдық берілмек.

Жаңа құрамға практикалық тәжірибесі бар сарапшылар тартылмақ
Министрлік жанындағы Үйлестіру кеңесінің қазіргі құрамы 2023 жылы бекітілген. Енді оның орнына мүгедектігі бар адамдар күнделікті кездесетін мәселелерді тікелей білетін белсенді қоғам өкілдері мен сарапшыларды енгізу жоспарланып отыр.
Негізгі талаптардың бірі — практикалық тәжірибе. Кеңес мүшелері тек мәселелерді талқылап қана қоймай, жүйелі проблемаларды анықтауға, нақты ұсыныстар әзірлеуге және шешім қабылдау процесіне қатысуға тиіс.
Өңірлерден келіп түсетін мәселелерге де ерекше назар аударылады. Бұл әлеуметтік қорғау саласындағы шешімдерді тек орталық деңгейдегі талқылаумен шектемей, жергілікті жердегі нақты жағдаймен байланыстыруға мүмкіндік береді.
Тоғыз айда 25 отырыс өткізілген
2026 жылы Үйлестіру кеңесінің жұмысы айтарлықтай жиілеген. Тоғыз айдың ішінде 25 отырыс өткізілді.
Оларда:
- әлеуметтік қызметтер порталын жетілдіру;
- арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін дамыту;
- әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру;
- үкіметтік емес ұйымдардың қызметі;
- білім беру мен денсаулық сақтау;
- жоғары білімнің қолжетімділігі;
- кедергісіз орта қалыптастыру;
- мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды қолдау мәселелері қаралды.
Кеңес мемлекет, азаматтық қоғам және сарапшылар қауымдастығы арасындағы диалог алаңы ретінде жұмыс істейді. Оның аясында мүгедектігі бар адамдардың, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың, ҮЕҰ мен әлеуметтік сала мамандарының ұсыныстары мемлекеттік саясатты жетілдіру кезінде қаралады.
Кеңестің жаңаруы қатысушылар санын қысқартпайды
Жұмыс форматының өзгеруі Кеңес жұмысына қатысатын адамдар қатарын шектеуді білдірмейді.
Қаралатын мәселенің сипатына қарай мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар мен бейінді мамандар шақырылады.
Мұндағы өзгеріс тұрақты құрамның санында емес, қажетті сарапшыны нақты мәселені шешуге жедел тарту тәсілінде. Егер белгілі бір проблема медицинаға, білімге, инфрақұрылымға немесе өңірдегі әлеуметтік қызметке қатысты болса, талқылауға сол салада құзыреті мен практикалық тәжірибесі бар мамандар қатыса алады.
Қазақстан халықаралық міндеттемелер аясында заңнаманы жетілдіріп келеді
Кеңестің жұмысы Қазақстанның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция және оған Факультативтік хаттама аясындағы міндеттемелерімен де байланысты.
Осы бағытта мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қорғау тетіктерін және тиісті заңнаманы жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілген.
Қазіргі құрамның қорытынды отырысында жинақталған тәжірибені жаңа форматта жалғастыру мәселесіне назар аударылды.

«Үйлестіру кеңесінің әрбір мүшесіне белсенді жұмысы, кәсібилігі, азаматтық ұстанымы және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін шынайы алғысымды білдіремін. Осы уақыт ішінде жинақталған тәжірибе мен бірлескен жұмыстарымыз алдағы қызметіміз үшін жақсы негіз болады деп сенемін. Біз өзара іс-қимылды одан әрі нығайтып, қоғам өкілдерінің ұсыныстарын тыңдап, тиімді шешімдерді бірлесіп іздеуді жалғастырамыз. Кеңестің жаңартылған құрамы осы жұмысты одан әрі күшейтіп, оны мүгедектігі бар адамдардың мүддесі үшін барынша практикалық әрі нәтижелі етуге мүмкіндік береді деп сенемін», — деді Аскарбек Ертаев.
Жаңа құрам қыркүйектің соңына дейін белгілі болады
Кеңесті жаңартудағы негізгі өлшем оның формалды құрамы емес, қабылданатын шешімдердің практикалық нәтижесі болмақ. Министрлік әлеуметтік қорғау саласындағы шешімдерді азаматтардың нақты қажеттіліктеріне сәйкестендіріп, олардың өңірлерде тиімді орындалуына басымдық беретінін мәлімдеді.
Ол үшін қоғам және сарапшылар қауымдастығымен ашық диалог жалғасады.
Жаңа Үйлестіру кеңесінің құрамы қыркүйек айының соңына дейін қалыптастырылады деп жоспарланып отыр. Оның кімдерден тұратыны жұмыс толық аяқталғаннан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсында жарияланады.