Әскери есеп автоматтандырылып жатыр. Қазақстанда 17 жастағы азаматтарды тіркеуден бастап әскерге шақыруды кейінге қалдыруға дейінгі бірқатар рәсім енді азаматтың әскери басқару органына жеке баруынсыз орындалады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл өзгерістер 12 қыркүйекте кәсіби мерекесін атап өтетін жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын жаңғыртудың бір бөлігі. Қорғаныс министрлігінің дерегінше, дәл осы күні 1991 жылы Әскери комиссариатқа республикалық орган мәртебесін берген Президент Жарлығы күшіне еніп, облыстық әскери комиссариаттар оның қарамағына берілген.
«Smart военкомат» 20-дан астам ақпараттық ресурсты біріктірді
Жергілікті әскери басқару органдары бұрынғыдай әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың есебін жүргізіп, мерзімді әскери қызметке шақыруды және жұмылдыру резервін дайындауды ұйымдастырады.

Алайда бұл жұмыстың едәуір бөлігі цифрлық форматқа ауысып келеді.
«Smart военкомат» жобасының негізгі элементі — мемлекеттік органдардың 20-дан астам ақпараттық ресурсымен ықпалдастырылған әскери есептің бірыңғай цифрлық жүйесі.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы мамырға дейін электрондық сервистер арқылы 76 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Жүйе әскерге шақырылуы мүмкін азаматтарды жасына, денсаулық жағдайына, біліміне, антропометриялық деректеріне, жүргізуші куәлігінің болуына және әскерден босату немесе кейінге қалдыру негіздеріне қарай іріктей алады.
17 жастағы азаматтарды тіркеу автоматтандырылды
Цифрландырудың азаматқа тікелей әсер ететін бөлігі — бұрын жеке өтініш пен әскери басқару органына баруды қажет еткен рәсімдердің қысқаруы.

17 жастағы ер азаматтарды әскери есепке проактивті тіркеу жүйесі енгізілген. Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату да автоматты түрде жүзеге асырылады. Азамат тұрғылықты жерін ауыстырған жағдайда жаңа мекенжай бойынша әскери есепке тіркелу процесі де автоматтандырылған.
Әскери қызметке қатысты мәліметтер eGov пен mGov-тағы жеке кабинет арқылы қолжетімді. Қорғаныс министрлігі eGov жүйесінде азаматтың әскери есепте тұруы мен әскери қызмет өткерген кезеңдері туралы мәліметтерді алуға мүмкіндік беретін сервисті де іске қосты.
Бастапқы мәліметке сәйкес, ақпарат Kaspi Bank қосымшасында да көрсетіледі.

Медициналық куәландыру да цифрландырылып келеді
Әскерге шақырудағы ең маңызды кезеңдердің бірі — медициналық куәландыру. Бұл рәсім де электрондық форматқа көшіріліп жатыр.
Қорғаныс министрлігі бұған дейін «е-Медосмотр» жүйесі Астана, Шымкент, Жетісу және Батыс Қазақстан облысында енгізілгенін, Ақмола облысын қосу жұмыстары басталғанын хабарлаған.

Цифрлық модель медициналық мәліметтерді әскери есеп пен шақыру жүйесімен байланыстыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде шешім қабылдау кезінде мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер пайдаланылуы мүмкін.
Әскери қызмет өткерген азаматтар үшін де бір рәсім қысқарды. Олардың қызметі туралы мәліметтердің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілуі әлеуметтік төлемдар мен зейнетақы рәсімдеу үшін жеке анықтама сұрату қажеттілігін жойды.

Резервтегі әскери міндеттілер оқу-жаттығуға шақырылды
Цифрландыру жергілікті әскери басқару органдарының жұмылдыру міндеттерін алып тастамайды.
Қазір бұл органдар запастағы әскери қызметшілерді хабардар ету, жинау және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдеріне жөнелту жұмыстарын ұйымдастырып жатыр.
25 тамыз бен 25 қыркүйек аралығында әскери міндеттілердің қатысуымен командалық-штабтық жұмылдыру оқу-жаттығулары өтуде.

Жаттығулар бұрын әскери даярлықтан өткен резервті қайта даярлауға, білімін жаңартуға және әскери-есептік мамандығы бойынша дағдыларын жетілдіруге бағытталған.
Бұл жергілікті әскери басқару органдарының цифрлық сервистермен қатар қорғаныс жүйесіндегі дәстүрлі міндетін де сақтап отырғанын көрсетеді: соғыс немесе жұмылдыру жағдайында қажет болатын дайын резервтің есебін жүргізу және оны белгіленген бөлімдерге жинауды ұйымдастыру.
Sarbaz+ әр сарбазға жеке цифрлық профиль береді
Биыл күзде әскери қызметшілерді ынталандыру жүйесіне қатысты тағы бір цифрлық жоба іске қосылмақ. Бастапқы мәлімет бойынша, Sarbaz+ пилоттық жобасы аясында әр әскери қызметшінің жеке цифрлық профилі болады.
Онда сарбаздың қызмет нәтижелері, жетістіктері және жеке рейтингі көрсетіледі.
Sarbaz+ бұған дейін Қарулы күштерде пилоттық форматта сынала бастаған. Жоба әскери даярлықты заманауи технологиялармен, азаматтық мамандықтармен және жаңа инфрақұрылыммен байланыстырады. Қорғаныс министрлігі оның аясында IT, телекоммуникация және ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару бағыттарында азаматтық дағдылар алу мүмкіндігін де қарастырған.
Мерзімді қызметтің әлеуметтік тетіктері де кеңейген. Әскери қызмет өткерген азаматтарға білім алу бойынша жеңілдіктер қарастырылған, ал мерзімді қызметке шақырылған сарбаздарға кредиттік демалыс автоматты түрде беріледі.
35 жыл бұрын жергілікті әскери басқару органдарының республикалық жүйесі қалыптаса бастаса, қазір оның ең елеулі өзгерісі азамат пен әскери есеп жүйесінің арасындағы байланысты цифрландыру болып отыр. 17 жастағы азаматты тіркеу, кейінге қалдыру, тұрғылықты жері өзгерген кезде есепке қою және бірқатар анықтаманы алу үшін бұрынғыдай жеке рәсімдердің бәрінен өту талап етілмейді.
Осы тақырыпты бұған дейін де қозғаған едік: Sarbaz+ жобасы арқылы Қазақстандағы мерзімді әскери қызметтің цифрлық моделі қалай енгізіліп жатқаны туралы материалда жаңа форматтың алғашқы кезеңдерін егжей-тегжейлі жаздық.