Әлеуметтік құрылысқа басымдық берілді. Алматының нақтыланған бюджеті аясында жаңа мектептер мен медициналық нысандарға қаражат бағытталып, бірқатар жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы мәслихат отырысында Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов мәлімдеді. Қала билігі білім беру саласындағы негізгі міндеттердің бірі ретінде оқушы орындарының тапшылығын қысқартуды көздеп отыр.

Әуезов ауданында 1 200 орындық мектеп ашылады
Әуезов ауданында бірден бірнеше білім беру жобасы жалғасады.
11-шағынауданда салынып жатқан 1 200 орындық мектепті 2026 жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар №158 мектептің қазіргі ғимаратын бұзып, орнына 900 орындық жаңа мектеп салу көзделіп отыр.
Ақсай-2 шағынауданындағы №42 мектеп те қайта жаңғыртылады. Бұл екі жобаға қаражат бөлінгенін Алматы мәслихатының 2026–2028 жылдарға арналған бюджетті нақтылау жөніндегі материалдары да растайды.

Алатау ауданындағы Дарабоз шағынауданында 900 орындық мектеп ашу үшін дайын ғимарат сатып алу жоспарланған.
Алмалы ауданында тағы бір әлеуметтік нысан — 240 орындық балабақшаның құрылысы биыл аяқталуға тиіс.
Оқушы орындарының тапшылығы 11,7 мыңға дейін төмендемек
Алматы үшін жаңа мектептер салудың басты себебі — оқушы орындарының жетіспеушілігі.
Биыл «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген сегіз жаңа мектептің толыққанды жұмыс істеуіне де бюджеттен қажетті қаражат қарастырылған.

Нәтижесінде қаладағы оқушы орындарының тапшылығын 11,7 мың орынға дейін азайту көзделіп отыр.
Жекелеген аудандарда жаңа мектептердің әсері қазірдің өзінде байқалады. Мәселен, Наурызбай ауданында 2025 жылы жалпы 5,5 мың орындық үш мектеп пайдалануға берілген, ал 2026 жылы Alem City тұрғын үй кешенінде тағы 1 200 орындық мектеп ашылды.
Яғни бюджеттегі қазіргі жобалар жекелеген мектептерді жаңартумен ғана шектелмейді. Негізгі міндет — халық саны мен жаңа тұрғын үй құрылысы жылдам өсіп жатқан аудандардағы орын тапшылығын кезең-кезеңімен төмендету.
Шұғылада жаңа дәрігерлік амбулатория ашылады
Қосымша қаражат денсаулық сақтау инфрақұрылымына да бағытталады.
Шұғыла шағынауданында бір ауысымда 200 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жалғасады. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен бірге Абай даңғылы, 69 мекенжайындағы оқу-клиникалық орталықтың апатты жағдайдағы ғимаратын балаларды оңалту жөніндегі қалалық орталыққа бейімдеп қайта жаңғырту жұмыстары басталады.
Кадр мәселесі де бюджеттен тыс қалмайды. Сұраныс жоғары медициналық мамандықтар бойынша 120 резидент даярлауға қаражат қарастырылған.
Жаңа аудандар әлеуметтік нысандарға сұранысты арттырып отыр
Алматыдағы құрылыс географиясы әлеуметтік инфрақұрылымға сұраныстың қай аудандарда жоғары екенін де көрсетеді.
Мәселен, Наурызбай ауданында халық санының өсуіне байланысты мектептермен қатар медициналық инфрақұрылым кеңейіп келеді. Қазір Шұғыла мен Құрамыс шағынаудандарында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын екі емхана салынып жатыр, ал Ақжарда 200 адамға арналған отбасылық амбулатория жобасы қарастырылған.
Қала бойынша білім беру, медицина және спорт нысандарын қатар дамыту осы себептен маңызды: жаңа тұрғын үй аудандары пайда болған сайын мектепке, балабақшаға және медициналық қызметке сұраныс та бірге өседі.
Спорт саласында Түрксіб ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасады.
2026 жылдың соңына дейінгі нақты межелердің бірі — Әуезов ауданындағы 1 200 орындық мектеп пен Шұғыладағы 200 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияны пайдалануға беру.