«Қан мен тер» балетке айналды: «Ақбала» несімен ерекше?

781

«Ақбала» көрерменге балет тілінде жол тартты. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-ші маусымын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы желісімен қойылған ұлттық балеттің премьерасымен ашты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Театрдың ресми хабарламасына сәйкес, премьералық көрсетілімдер 12–13 қыркүйекке белгіленген. Қазақ әдебиетінің әйгілі туындысы алғаш рет балет қойылымына арқау болып, кейіпкерлердің тағдыры музыка, қимыл және сахналық бейнелер арқылы өріледі.

Оқиғаның өзегінде — әйел тағдыры мен таңдауы

Қойылым тарихи өзгерістер кезеңіндегі әйелдің ішкі әлеміне үңіледі. Ақбаланың махаббаты, үміті, аналық сезімі мен жан күйзелісі арқылы адам мен заман арасындағы күрделі байланыс ашылады.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры Айнұр Көпбасарова шығармашылық ұжымның ұлттық болмысты сақтай отырып, бүгінгі көрерменге жақын сахналық тіл іздегенін айтады.

«Бұл – әйел тағдыры мен әйел таңдауы туралы өте драмалық балет оқиғасы. Осы қойылым арқылы біз ұлттық болмысымызды сақтай отырып, заманауи көрерменмен қазіргі тілде сөйлесетін заманауи классиканы ұсынғымыз келеді. Әрине, бұл біздің театр үшін ерекше жаңалық. Театрдың 93 жылдық тарихында алғаш рет пластикалық заманауи балет сахналанып отыр. Балеттің музыкасын жас композитор Аружан Октябрь жазды. Қоюшы-хореографы – Аршак Галумян. Ең алдымен, бұл спектакльден режиссер Аршак Галумянның өзіндік қолтаңбасы айқын байқалады», — дейді Айнұр Көпбасарова.

Хореограф көрерменнің оқиғаға еркін енуін көздеген

Қойылымның хореограф-қоюшысы, Германиядан келген Аршак Галумян Қазақстан театрларының классикалық репертуары бай екенін атап өтті. Оның айтуынша, заманауи биді көрерменге түсінікті әрі табиғи жеткізу шығармашылық топтың басты міндеттерінің бірі болған.

«Классикалық қойылымдардың барлығы дерлік бар, бұл жағынан Қазақстанның мәдени мұрасы ерекше. Алайда заманауи би өнері әлі де болса көрерменге толықтай жақындай қойған жоқ. Сондықтан біздің басты мақсатымыздың бірі – осы оқиғаны көрерменге барынша түсінікті әрі табиғи түрде жеткізу болды. Олар спектакльді тамашалау кезінде ешқандай жайсыздық сезінбей, оқиға әлеміне еркін еніп кетсе дедік», — дейді Аршак Галумян.

Сахнада кейіпкерлердің сезімін сөздің орнына пластика, ишара мен музыка жеткізеді. Галумян осы әсерге жету үшін дайындық барысында музыкалық шешімдер мен декорациялар қайта қаралғанын айтады.

«Яғни, тарихтан туындайтын эмоциялар мен жан күйзелісін ашып көрсету. Бұл сезімдерді ойнап шығу емес, дене қимылы арқылы беру маңызды болды, өйткені балет – дене тілі. Осыған байланысты атмосфераға, музыкалық шешімдерге көп көңіл бөлдік. Музыканы бірнеше рет қайта қарап, декорацияларды өзгерттік. Бірақ негізгі мақсат өзгерген жоқ – адамдардың сол кезеңде бастан кешкен сезімдерін, сол оқиғаның эмоциялық әсерін көрерменнің жүрегіне жеткізу. Біздің алдымыздағы басты міндет осы болды», — дейді хореограф.

Арал бейнесі адам тағдырымен астасады

Балетте Арал өңірінің қасіреті де көрініс табады. Теңіз, қираған шаңырақ, ана болу және біртіндеп жоғалып бара жатқан өмір бейнелері кейіпкерлердің жеке драмасын тұтас дәуірдің тағдырымен байланыстырады.

Қойылымның музыкасын композитор Аружан Октябрь жазған, либретто авторы — Шынар Омарова. Сценографияны италиялық Элеонора Перонетти әзірлеген. Спектакльдің бас демеушісі — Тимур Құлыбаевтың «HALYK» қайырымдылық қоры.

Премьера Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртістері, отандық балет өнерінің көрнекті өкілдері Людмила Рудакова мен Эдуард Мальбековтің рухына арналған.

Бұған дейін «Ақбала» премьерасы мен театрдың жаңа маусымының ашылуы туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -