Гарретт Пилон: «Барыстың» биылғы мақсаты — плей-оффқа шығу

858
Маржан Әбішева Журналист
Фотосурет: «Барыс» ХҚ

«Барыс» өз мұзында «Амурға» есе жіберді. ҚХЛ-дың жаңа маусымындағы үшінші кездесуінде астаналық команда хабаровскілік клубтан 1:3 есебімен жеңілді.

Маусымды қатарынан үш жеңіліспен бастаған «Амур» Астанаға алғашқы жеңісін іздеп келген еді. Қонақтар дегеніне жетті: үшінші шайбаны матч аяқталар тұста бос қақпаға соғып, есеп айырмасын ұлғайтты.

«Барыс» сапынан жалғыз голды Гарретт Пилон соқты. Канадалық шабуылшының жаңа маусымдағы көрсеткіші — үш матчта екі гол, үш нәтижелі пас және бес ұпай.

Ойыннан кейін Пилон сан басымдығын пайдалана алмаған сәттер, бірінші үштіктегі жауапкершілігі және жаңа командаға бейімделуі туралы әңгімеледі.

«Олар сан басымдығын пайдаланды, біз пайдалана алмадық»

Пилонның пікірінше, кездесудің нәтижесіне әсер еткен басты жайттардың бірі — сан басымдығы кезіндегі ойын.

«Ойын жоғары қарқында өтті. Бірінші кезеңде бірде сан басымдығымен, бірде кем құраммен жиі ойнадық. Матчты қазір сараласақ, сол мүмкіндіктердің тым болмаса бірін голға айналдырғанымыз жақсы болар еді. Меніңше, бүгін екі команданың арасындағы негізгі айырмашылықтың бірі осы болды: олар сан басымдығымен гол соқты, ал біз соға алмадық», — деді Пилон.

«Амур» ойыншылары бірнеше рет айдыннан уақытша қуылғанымен, «Барыс» бұл мүмкіндіктерді есепке айналдыра алмады. Шабуылшының айтуынша, кездесудің басында астаналықтар сан басымдығының арқасында жақсы мүмкіндіктер жасаған. Ал командалар толық құрамда ойнағанда қарсылас ойын тәсілін өзгерте білген.

«Беске бес ойнаған кезде “Амур” жылдам қимылдап, шабуыл аймағында кеңінен ойнады. Олармен келесі кездесуге дейін осыған назар аударуымыз керек».

Үш матчта бес ұпай жинаған Пилон асығыс баға бермейді

Команда жеңілгенімен, Пилонның маусым басындағы жеке көрсеткіші нәтижелі. Дегенмен шабуылшы алғашқы үш матчқа қарап қорытынды жасауға асықпайды.

«Бәрі жақсы деп ойлаймын. Әрине, ұпай жинап, нәтижеге қол жеткізген қуантады. Бірақ маусым енді ғана басталды. Сондықтан өз ойыныңды да, жекелеген матчты да асыра бағалаудың қажеті жоқ. Әлі де пысықтайтын ұсақ-түйек бар, өзім де көп нәрсені түсініп, үйреніп жүрмін», — деді канадалық хоккейші.

Қазір Пилон бірінші үштіктің орталық шабуылшысы ретінде ойнайды. Қос қапталда оған Джастин Бэйли мен Мэйсон Морелли көмектеседі. Солтүстік Америкада бірге өнер көрсеткен хоккейшілер бір-бірінің ойын мәнерін жақсы біледі.

«Гол соғатын мүмкіндіктер жасап, командаға шабуылда көмектесу — үлкен жауапкершілік. Екі қапталымда да мықты серіктестерім бар. Сондықтан олардың артықшылықтарын пайдаланып, өздерін көрсетуіне көмектесуге тырысамын. Олармен бірге ойнаған ұнайды. Әзірге жақсы үйлесіп жүрміз. Маусым бойы осы қарқынды сақтаймыз деп үміттенемін».

Бұрыннан таныс әріптестерінің болуы Пилонның жаңа ортаға бейімделуін де жеңілдеткен.

«Біз бұған дейін бірге чемпион атанғанбыз. Солтүстік Америкада өткізген бірнеше жылда бір-бірімізді жақсы танып үлгердік. Бұл мұз айдынынан тыс қарым-қатынасты да, ойын үстіндегі өзара түсіністікті де жеңілдетеді», — деп түсіндірді Пилон.

Орыс тілді бапкермен алғаш рет жұмыс істеп жүр

«Барыста» Пилон кәсіби мансабында алғаш рет орыс тілді бас бапкердің жетекшілігімен ойнап жүр. Оның айтуынша, тіл айырмашылығы әзірге айтарлықтай қиындық туғызбаған. Команда жиналыстар мен жаттығулар кезінде аударманы қамтамасыз етеді.

«Кейде қызық жағдайлар болып тұрады. Бірақ команда жиналыстарда да, басқа да командалық іс-шараларда аударма жұмысын өте жақсы ұйымдастырған. Сондықтан не болып жатқанын түсініп отырамыз. Ең бастысы да — осы».

Хоккейші бұл тәжірибесін Солтүстік Америкаға алғаш келген еуропалық ойыншылардың жағдайымен салыстырады.

«Мен үшін бұл — басқа мәдени ортаға ауысу. Солтүстік Америкаға келгенде айналасының бәрі ағылшынша сөйлейтін еуропалық легионерлер де өзін шамамен осылай сезінетін шығар».

Алда — төрт матчтық сырт алаң сапары

Үйдегі кездесуден кейін «Барыс» қатарынан төрт ойынды сырт алаңда өткізеді. Бұл Пилонның астаналық командамен бірге шығатын алғашқы сапары болғанымен, кәсіби хоккейдегі мұндай кесте оған таныс.

«Бұл — “Барыспен” бірге шығатын алғашқы сапарым. Бірақ кәсіби хоккейдегі алғашқы сапарым емес. Сырт алаңда жеңу қашанда қиын. Қарсыластың айдынында ойнайсың, оның өз қиындығы бар. Сондықтан әр матчқа жеке-жеке көңіл бөліп, келесі ойында жеңіске жеткім келеді».

Маусымның алғашқы екі кездесуінде нәтижелі ойнаған «Барыс» «Амурға» қарсы матчта жасаған мүмкіндіктерін голға айналдыра алмады. Пилон мұндай сәтте команда өзіне деген сенімін жоғалтпауы керек деп есептейді.

«Бүгінгі ойынның өзінде көп мүмкіндік жасадық. Тек шайбаны қақпаға кіргізе алмадық. Қазір біз үшін ең бастысы — сенімді сақтап, пас беруді жалғастырып, осы ойынымыздан айнымау. Құрамда гол соға алатын, қауіпті сәттер жасайтын талантты хоккейшілер көп. Осы ұстанымды сақтай беруіміз керек», — деді шабуылшы.

«Қысым бізді жақсырақ ойнауға жетелейді»

Өткен маусымда «Барыс» плей-оффқа өте алмады. Жаңа маусымда жанкүйерлер командадан жақсы нәтиже күтеді. Пилон мұны артық жүк деп қабылдамайды: оның ойынша, жоғары талап спортшының барын салуына көмектеседі.

«Мен талабы жоғары командаларда да, жанкүйері үлкен нәтиже күтетін қалаларда да ойнадым. Мұны жақсы нәрсе деп санаймын. Оның көмегі бар. Қысым болғаны жақсы деп ойлаймын. Ол бізді жақсырақ ойнауға жетелейді және әр матчта жеңу үшін бар күшімізді салуға итермелейді. Биылғы мақсатымыз айқын — плей-оффқа шығып, маусымды сәтті өткізу».

Әңгіме соңында Пилон хоккейден музыкаға ауысты. Матч алдында бойын жинап, ойынға көңіл бөлуге көмектесетін бес әнді атау ұсынылғанда, ол алдымен 50 Cent-тің Hustler’s Ambition композициясын, одан кейін Kodak Black-тің Already әнін таңдады.

 

Электронды музыкадан Fred again-нің бірнеше туындысын еске алды. Ал тізімін AC/DC тобының Back in Black әнімен аяқтады.

Енді «Барысты» күнара өтетін төрт сырт алаң матчы күтіп тұр. Алғашқы үш кездесуде команда жылдам ойын көрсетіп, қауіпті сәттер жасап, чемпионаттағы алғашқы ұпайларын жинады. Алдағы сапарда сол мүмкіндіктерді голға айналдыру міндеті тұр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -