Межe — 1,5 трлн теңге. Алматы облысы 2026 жылы салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден мемлекеттік бюджетке өңір тарихындағы ең жоғары соманы түсіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Былтыр облыс алғаш рет 1,1 трлн теңгеден астам түсім қамтамасыз еткен. Оның 490,5 млрд теңгесі республикалық, 628,6 млрд теңгесі жергілікті бюджетке түсті. Биылғы жоспар орындалса, жалпы түсім былтырғы деңгейден шамамен 34 пайызға жоғары болады.
Донор аумақтар саны 2-ден 7-ге өсті
Өңір экономикасындағы өзгерістің тағы бір көрсеткіші — облыстық бюджетке қаржы аударатын донор аудандар мен қалалардың көбеюі.
Алматы облысы қайта құрылғанға дейін мұндай аумақ екеу ғана еді — Іле және Қарасай аудандары.
Қазір олардың қатарына:
- Талғар ауданы;
- Еңбекшіқазақ ауданы;
- Жамбыл ауданы;
- Қонаев қаласы;
- Алатау қаласы қосылды.
Осылайша донор аумақтар саны екіден жетіге жеткен.
Бұл өзгеріс салық базасының бұрынғыдай бірнеше ірі ауданға ғана шоғырланбай, облыстың басқа аумақтарына да тарала бастағанын көрсетеді.
Донорлардан 542,6 млрд теңге алу жоспарланған
Облыстық бюджетке донор аумақтардан түсетін қаржы көлемі де айтарлықтай өсіп жатыр.
2024 жылы бұл көрсеткіш 276,5 млрд теңге болса, 2025 жылы 292,5 млрд теңгеге жетті.
Ал 2026 жылдың алғашқы алты айының өзінде 241,9 млрд теңге түскен. Жылдық жоспар — 542,6 млрд теңге.
«Донор аудандардың саны ғана емес, облыстық бюджетке аударатын қаржы көлемі де артып келеді. 2024 жылы донор аудандардан облыстық бюджетке 276,5 млрд теңге түсті. 2025 жылы бұл көрсеткіш 292,5 млрд теңгеге жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында 241,9 млрд теңге түсті. Биылғы жылдық жоспар – 542,6 млрд теңге. Ең көп түсім түсіретін аудан – Іле ауданы. Былтыр аудан облыстық бюджетке 249,3 млрд теңге аударса, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында – 165,2 млрд теңге түсті. Бұл облыстық бюджет кірістерінің 42,4 пайызын құрайды», – деді Алматы облысының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораз.
Іле ауданы негізгі салық орталығы болып қалды
Өңірдегі ең ірі донор — Іле ауданы.
Оның экономикалық салмағын 2026 жылғы аудандық бюджеттен де көруге болады. Жаңартылған бюджет бойынша ауданның салықтық түсімдері 371,6 млрд теңгеге жоспарланған. Ал облыстық бюджетке бюджеттік алып қою көлемі 362,9 млрд теңге болып белгіленген.
Іле ауданында жаңа инвестициялық жобалар да көбейіп келеді. 2026–2027 жылдарға ауданда жалпы құны 235,4 млрд теңге болатын 47 инвестициялық жобаны іске асыру қарастырылған. Олар 2,5 мыңнан астам жұмыс орнын құруға тиіс.
Яғни донорлық мәртебенің негізінде тек бұрыннан жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар емес, жаңа өндірістік қуаттар да тұр.
Жаңа зауыттар салық базасын кеңейтті
Әкімдік донор аумақтардың көбеюін жаңа өндірістердің іске қосылуы, инвестиция көлемінің артуы және кәсіпкерліктің дамуымен байланыстырады.
Соңғы жылдары облыста KT&G, PepsiCo, ТехноНИКОЛЬ және «Жетісу Вольфрамдары» жобалары іске асырылды. Іле ауданында ФМК мен JTI кәсіпорындары өндірістік қуаттарын кеңейтті.
Мәселен, KT&G-дің Алматы облысындағы жаңа өндірістік кешені 2025 жылы іске қосылған. Оның жалпы аумағы 52 мың шаршы метр, үш өндірістік желінің жылдық қуаты 4,5 млрд өнім бірлігіне дейін жетеді. Компания Қазақстандағы зауытты Еуропа мен ТМД нарықтарына жұмыс істейтін еуразиялық өндірістік база ретінде қарастырады.
Мұндай жобалардың өңір үшін әсері инвестицияның бастапқы көлемімен шектелмейді. Өндіріс іске қосылғаннан кейін жұмыс орындары, жалақы қоры, жеткізушілер мен сервистік компаниялар арқылы жергілікті экономикалық белсенділік кеңейіп, салық базасы қалыптасады.
Экономика да өсіп келеді
Салық түсімдерінің ұлғаюы өңір экономикасының жалпы динамикасымен қатар жүріп отыр.
Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Алматы облысының жалпы өңірлік өнімі 1,62 трлн теңгеге жетті. Нақты ЖӨӨ бір жылда 6,8 пайызға өсті.
Өңір экономикасында тауар өндірісінің үлесі 41,9 пайызды құрайды. Бұл Алматы облысының бюджет кірістеріндегі өндірістік кәсіпорындардың маңызын да көрсетеді.
Салық түсімінің 1,1 трлн теңгеден 1,5 трлн теңгеге қарай өсуі осы өндірістік және инвестициялық базаның бюджетке нақты кіріс түрінде айналып жатқанын көрсетеді.
Келесі меже — республикалық бюджет доноры болу
Қазір Алматы облысының өз ішінде донор аудандар мен қалалар саны жетіге жетті. Келесі деңгей — облыстың өзінің республикалық бюджетке донор болуы.
Әкімдік қазіргі салық түсімдерінің өсу қарқыны сақталған жағдайда Алматы облысы 2029 жылға қарай республикалық бюджетке қаржы аударатын донор өңір мәртебесіне ие болуы мүмкін деп болжап отыр.
Бұл әзірге болжам. Оның орындалуы алдағы үш жылдағы өндіріс көлеміне, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуына, инвестициялардың нақты экономикаға айналуына және салық базасының өсу қарқынына байланысты болады.
Бірақ 2026 жылғы аралық көрсеткіштердің өзі облыс ішіндегі бюджеттік картаның өзгергенін көрсетеді: бірнеше жыл бұрын екі ғана донор аумақ болса, қазір олардың саны жетіге жетті, ал биыл олардан облыстық бюджетке 542,6 млрд теңге алу жоспарланған.