Алғашқы ұландықтар жолға шықты.
Шымкенттен 40-қа жуық жас Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөліміне мерзімді әскери қызмет өтеуге аттанды. Ал 2026 жылғы күзгі шақыру аяқталғанша қаладан жалпы 1300-ден астам азаматты әскерге жіберу жоспарланған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан бойынша биылғы күзгі науқанда 18 бен 27 жас аралығындағы шамамен 23 мың азаматты мерзімді қызметке шақыру көзделген. Оның 7 мыңы Ұлттық ұлан қатарын толықтырады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметінде айтылған.

Шымкенттен алғашқы ұландықтар аттанды
Шымкент қаласының жинақтау пунктінде күзгі әскерге шақыру аясында Ұлттық ұланға жіберілетін алғашқы топты салтанатты шығарып салу рәсімі өтті.
40-қа жуық жас Алматы қаласында орналасқан, Бауыржан Момышұлының есімі берілген 5571 әскери бөлімінде қызмет етеді.
Алдымен олар жас жауынгер курсынан өтіп, әскери даярлықтан кейін негізгі қызметтік міндеттерін орындауға кіріседі.
Салтанатты шараға Шымкент қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев, қалалық мәслихат төрағасы Мұрат Жолдықожаев, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, 6506 әскери бөлімінің командирі полковник Кенжебек Түкешов, «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары комитетінің өкілі Шарифа Муминова және әскери қызметшілер қатысты.

«Алматы қаласының ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етесіздер»
Жас сарбаздарға сөз сөйлеген Әбдіғабит Шегебаев күзгі шақырудың алғашқы кезеңінде Шекара қызметі мен Ұлттық ұлан бөлімдері жасақталып жатқанын айтты.
«Бүгін барлығымыз тарихымыздың керемет кезеңдерінің біріне куәгер болып отырмыз. Қазіргі таңда бірінші кезекте Шекара қызметінің қатарын жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Ұлттық ұлан бөлімдеріне де алғашқы шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салып жатырмыз. Осы күнге дейін шекарашылар қатарын толықтыруға үш команда аттанды. Ал бүгін кешке Ұлттық ұлан қатарын толықтыру үшін қырыққа жуық жас сарбазымызды шығарып саламыз. Сіздер Алматы қаласындағы батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының есімімен аталатын 5571 әскери бөлімінде қызмет етесіздер. Бұл – үлкен абырой. Алдағы уақытта Алматы қаласының ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестеріңізді қосасыздар. Отан алдындағы борыштарыңызды аман-есен әрі абыроймен атқарып, он екі айдан кейін сіздерді салтанатты жағдайда қарсы алуға тілектеспіз», – деді полковник Әбдіғабит Шегебаев.
5571 әскери бөліміне күзгі шақырудың алғашқы топтары басқа өңірлерден де жіберіліп жатыр. Мәселен, бұған дейін Астанадан 35 жас дәл осы әскери бөлімге аттанған. Бұл туралы Ұлттық ұланның ресми хабарламасында айтылды.

Ұлттық ұланға 400-ге жуық шымкенттік жіберіледі
Шымкент үшін күзгі науқанның ауқымы бұдан әлдеқайда үлкен.
Жоспар бойынша қаладан:
- ҰҚК Шекара қызметіне — 200-ден астам азамат;
- Ұлттық ұланға — 400-ге жуық азамат;
- жалпы барлық әскери құрылымдарға — 1300-ден астам азамат шақырылады.
Шекара қызметін жасақтау қазірдің өзінде басталған. Шымкенттен шекара бөлімдеріне үш команда жөнелтілді.
Одан кейін шақырылушылар Қарулы күштер мен Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдеріне жіберіледі.
Ел бойынша бөлініс те осы кезектіліктің ауқымын көрсетеді. Қорғаныс министрлігінің дерегіне сәйкес, күзде 12 мыңнан астам азамат Қарулы күштерге, 7 мыңы Ұлттық ұланға, 3 мыңға жуығы Шекара қызметіне, 400-ден астамы ТЖМ бөлімдеріне, 300-ге жуығы Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылады.
«Әскери қызмет болашақтарыңызға үлкен тәжірибе береді»
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Мұрат Жолдықожаев жас сарбаздарды әскери қызметті өздерін шыңдайтын кезең ретінде қабылдауға шақырды.
«Қадірлі жас сарбаздар! Бүгін барлығымыз ерекше сәттің куәсі болып отырмыз. Сіздер азаматтық борыштарыңызды өтеуге аттанып барасыздар. Елдің намысын қорғап, Отанға қызмет ету – үлкен абырой. Елге қызмет ету жолында әрдайым білім алып, өздеріңізді шыңдап, алдарыңызға нақты мақсат қоя біліңіздер. Бүгінгі әскери қызметтеріңіз болашақтарыңызға үлкен тәжірибе береді. Атам қазақ «Мен жастарға сенемін» деген. Араларыңыздан ел тізгінін ұстайтын азаматтар шығатынына сенеміз. Қазақ елінің мақтанышы болатын азамат болыңыздар», – деді Мұрат Жолдықожаев.
Болашақ гвардияшыларды 6506 әскери бөлімінің әскери оркестрі шығарып салды. Сарбаздарға қолдау білдіруге Қорғаныс министрлігінің Сабыр Рахимов атындағы әскери колледжінің тәрбиеленушілері де келді.
Ұлттық ұланда күзгі шақыру қалай өтеді
Ұлттық ұланға биылғы күзгі шақыру 9 қыркүйекте басталды.
ІІМ Ұлттық ұланының мәліметінше, осы науқан барысында оның қатарына 7 мыңнан астам жас қабылданады. Әскери бөлімге келгеннен кейін шақырылушылар бастапқы даярлықтан өтіп, әскери ант қабылдайды, содан кейін ғана қызметтік міндеттерге тартылады.
Ұлттық ұлан сарбаздары қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, маңызды мемлекеттік объектілерді күзетуге және басқа да белгіленген міндеттерді орындауға қатысады.
Әскердегі мүмкіндіктер де кеңейіп келеді. Ұлттық ұланның дерегінше, қызметте жоғары нәтиже көрсеткен мерзімді әскери қызметшілер үшін жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігі қарастырылған, жыл сайын 1400-ден астам сарбазға білім гранты беріледі.

Шақыру 31 желтоқсанға дейін жалғасады
2026 жылғы күзгі әскерге шақыру Қазақстанда желтоқсан айының соңына дейін жүргізіледі.
Президент Жарлығына сәйкес, осы кезеңде кейінге қалдыруға немесе әскери қызметтен босатылуға заңды негізі жоқ 18–27 жас аралығындағы азаматтар шақырылады.
Шымкент үшін биылғы меженің 1300-ден астам адам болуы қаладағы күзгі шақыру көлемінің өткен көктеммен салыстырғанда жоғары екенін көрсетеді. Бұған дейін көктемгі науқанда Шымкенттен түрлі әскери құрылымдарға 1000-нан астам азамат жіберілген болатын.
Осылайша алғашқы 40-қа жуық ұландық — алдағы үш айда қаладан әскерге аттанатын үлкен топтың бір бөлігі ғана.
Бұған дейін біз Шымкенттегі 2026 жылғы күзгі әскерге шақыруға дайындық және көктемгі науқанның қорытындысы туралы жазған едік. Ал мерзімді қызметке шақыру алған азаматтарға арналған негізгі ережелерді арнайы түсіндірмеде жинақтадық