Семей қаласындағы Балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Кітап Time-2026» жалпы республикалық кітап фестивалі аясында «Өмірімді өзгерткен кітап!» атты Bookdating ұйымдастырылды.
Әдеби-танымдық шараға «Абай жастары» облыстық жастар ресурстық орталығының маманы Ботагөз Мұратқызы, кітапханашылар Рымбосынова Оралбибі Мәмиқызы, Омарғалиев Ерік Қайратбекұлының жетекшілігімен «Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназиясының» 8-сынып оқушылары және кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жас оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқылған шығармалар туралы еркін пікір алмасуға мүмкіндік жасау және кітаптың адам өміріндегі рухани, танымдық маңызын кеңінен насихаттау.
Шара барысында кітапхана қызметкері кітаптың білім көзі ғана емес, тұлғаның зияткерлік және рухани дамуына ықпал ететін маңызды құрал екенін атап өтті. Сонымен қатар кітапхананың әдебиетке қолжетімділікті қамтамасыз ететін, оқырмандардың білімін жетілдіруіне, дүниетанымын кеңейтуіне және жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасайтын мәдени-ағартушылық орта ретіндегі маңызына тоқталды.
Bookdating форматының басты ерекшелігі – қатысушылардың өздері оқыған кітаптарын таныстырып, шығармадан алған әсері мен түйген ойын өзгелермен бөлісуі. Осы бағытта «Абай жастары» облыстық жастар ресурстық орталығының маманы Ботагөз Мұратқызы оқырмандарға өзі оқыған С. Керімбайдың «Бейсен және болмыс» кітабы туралы айтып, шығарманың мазмұны мен тәрбиелік мәніне тоқталды. Кітаптың адам болмысы, өмірлік ұстаным және рухани құндылықтар тұрғысындағы маңызын атап өтіп, туындыны өзге қатысушыларға оқуға ұсынды.
Кездесуге қатысушы Ерік Қайратбекұлы да өзі оқыған О. Бөкейдің «Аспирант қыздың тракторшы жігіті» атты шығармасының мазмұнымен таныстырып, кітап оқудың адам ой-өрісін кеңейтіп, өмірге деген көзқарасын қалыптастырудағы рөлі жөнінде пікір білдірді. Осылайша қатысушылар бір-біріне өздері оқыған кітаптарды ұсынып, жаңа шығармаларды оқуға деген қызығушылықтарын арттыра түсті.
Шара барысында жас оқырмандар С. Мырзабайдың «Балалықтан даналыққа», Р. Кийосакидің «Бай әке, кедей әке», Н. Вуйчичтің «Өмірде шектеу жоқ» және басқа да өздері оқыған кітаптары жөнінде ой бөлісті. Әрқайсысы өзіне ерекше әсер еткен шығарманың мазмұны мен тағылымын айтып, қатарластарына оқуға ұсынды.
Кездесудің мазмұнын толықтыра түскен бөлімнің бірі – «Бір шығарма – төрт кескін» интерактивті ойыны болды. Ойын барысында қатысушыларға белгілі бір әдеби шығармаға қатысты төрт сурет ұсынылып, олардың арасындағы байланысты анықтау арқылы жасырылған шығарманың атауын табу тапсырылды. Қызықты әрі танымдық форматта өткен ойын оқырмандардың әдеби шығармаларды есте сақтау, логикалық байланыс орнату, жылдам ойлау және тапқырлық қабілеттерін дамытуға бағытталды. Белсенділік танытқан қатысушыларға түрлі сыйлықтар табысталды.
Кездесуде кітапхана қызметкерлері мен мемлекеттік ұйым маманы да сөз сөйлеп, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыру және сапалы кітап таңдаудың маңызы жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды.
Bookdating соңында «Жүрекке жол тапқан кітап» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге қойылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды. Кітапхана меңгерушісі Шынар Советқызы қорытынды сөз сөйлеп, жас оқырмандарды кітаппен тұрақты дос болуға, ізденуге және оқыған шығармаларынан өмірлік сабақ алуға шақырды.
Шара соңында қатысушылар естелікке жиынтық фотосуретке түсіп, мазмұнды кездесуді қорытындылады.
«Өмірімді өзгерткен кітап!» Bookdating-і – оқырмандардың әдеби талғамын қалыптастырып қана қоймай, кітапты оқу, түсіну, бағалау және өзгенің оқуына себеп болу мәдениетін дәріптеген тағылымды кездесу болды. Себебі кейде бір адамның өміріне әсер еткен кітап екінші бір оқырманның да рухани ізденісіне жол ашуы мүмкін.
Журналист – Асқар Бектұрған