Технология қарқыны бизнеске қысым түсіріп отыр.
Қазақстан өңірлеріндегі кәсіпкерлер жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, маркетинг, сату, сервис және серіктестік мәселелері бойынша сарапшылардан тегін жеке кеңес ала алады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бастама аясында кәсіпкер нақты бір мәселесін маманмен бір сағат бойы талқылайды. Кеңес тегін беріледі және өңірлердегі бизнеске бағытталған.
Бір сағатта нақты мәселені талқылайды
Кәсіпкерлер алты бағыттың бірін таңдай алады: маркетинг және ілгерілету, сату және бизнесті дамыту, сервис, серіктестік, киберқауіпсіздік немесе жасанды интеллект.
Мәселе тар аяда болуы мүмкін. Мысалы, бизнеске ЖИ енгізу, деректерді қорғау немесе процестерді автоматтандыру.
Сонымен қатар кәсіпкер сатылым неге өспей жатқанын, клиенттік сервисті қалай жақсартуға болатынын немесе цифрландыруды неден бастау керектігін талқылай алады.
Бастаманың негізгі қағидасы — кәсіпкерге жалпы кеңестер жиынтығын ұсыну емес, оның нақты жағдайын саралап, келесі қадамдарын анықтауға көмектесу.
Өтінімді «Цифрлық өңірлер» жобасының платформасында беруге болады.
Кәсіпкерден енді ЖИ-ді де түсіну талап етіледі
Бүгінде бизнес иесі сатумен, қаржымен және қызметкерлермен қатар жаңа цифрлық құралдарды, жасанды интеллектіні және ақпараттық қауіпсіздікті де назарда ұстауға мәжбүр.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев цифрлық трансформацияның ірі компаниялармен ғана шектелмеуі керектігін айтты.
«Цифрлық трансформация ірі компанияларға ғана емес, өңірлердегі кәсіпкерлерге де түсінікті әрі қолжетімді болуы тиіс. Мемлекет цифрлық инфрақұрылым мен құралдарды жүйелі түрде дамытып келеді, алайда бұл өзгерістердің тиімділігі азаматтар мен бизнестің оларды қаншалықты белсенді пайдалана алатынына байланысты. Сондықтан жергілікті жерде білім, кеңес және практикалық қолдау алуға мүмкіндік жасау маңызды», — деді Бахтияр Мұхаметқалиев.
Өңірлерді цифрландыру тәсілі де өзгеріп жатыр
Бастама Қазақстандағы өңірлерді цифрлық дамыту саясаты жаңарып жатқан кезеңде іске қосылып отыр.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Smart City / Smart Region құру әдістемесінің жаңа редакциясын бекітті. Құжатта жасанды интеллект, деректер және заманауи цифрлық технологиялар негізінде аумақтарды дамытудың бірыңғай тәсілдері қарастырылған.
Әдістемеде өңірлік IT-хабтар мен аудандық IT-орталықтарды дамыту, сондай-ақ өңір өмірінің түрлі салаларына интеллектуалды шешімдерді енгізу көзделген.
Бұл жерде бизнес үшін негізгі мәселе технологияның бар-жоғында емес, оның нақты кәсіпке қаншалықты қажет екенінде. Кәсіпкерге қай құралдың нәтиже беретінін, нені автоматтандыру керектігін және қай жерде цифрландыру артық шығынға айналуы мүмкін екенін түсіну қажет.
«Барлық саланың маманы болу мүмкін емес»
Heartland негізін қалаушы Евгений Питолин кәсіпкерлерге қойылатын талаптардың күрделене түскенін айтады.
«Бүгінде кәсіпкерден маркетингті, сатуды, цифрлық өнімдерді, жасанды интеллект пен киберқауіпсіздікті бірдей меңгеру күтіледі. Бірақ барлық саланың маманы болу мүмкін емес. Мұндай жағдайда “не істеуім керек, неден бастаймын, бизнесіме қандай технологиялар шынымен қажет?” деп сұрау — қалыпты нәрсе деп ойлаймын. Ең бастысы, осындай сұрақтарға күрделі терминдерсіз және бірдеңе сатуға тырыспай, түсінікті жауап алу мүмкіндігі болуы керек. Өйткені мықты бизнес — мықты экономиканың негізі, ал кәсіпкерлерді цифрлық трансформацияда қолдау бүгінде ортақ міндетке айналып отыр», — деді Евгений Питолин.
Кеңес тек технологиямен шектелмейді
Бағдарлама алты бағытты қамтиды:
- маркетинг және ілгерілету — клиент тарту және цифрлық арналарды дамыту;
- сату және бизнесті дамыту — сату тиімділігін арттыру, конверсиямен жұмыс және масштабтау;
- сервис — клиент тәжірибесін жақсарту және процестерді автоматтандыру;
- серіктестік — іскерлік серіктестер іздеу және бірлескен жобаларды дамыту;
- киберқауіпсіздік — бизнесті цифрлық қауіптерден қорғау және ақпараттық қауіпсіздіктің базалық шаралары;
- жасанды интеллект — ЖИ-ді бизнес-процестерде пайдалану, тиісті құралдарды таңдау және технологияларды қауіпсіз қолдану.
Өңір кәсіпкерлері үшін мұндай форматтың практикалық құндылығы — цифрландыру туралы жалпы әңгіме тыңдаудың орнына өз бизнесіндегі нақты мәселені сарапшымен талқылау мүмкіндігі.
Қатысу тегін. Өтінімді digital.heartland.kz платформасы арқылы беруге болады.