Қазақстанда сақтандыру нарығына арналған жаңа заң әзірленеді

682
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: Gov

Сақтандыру ережелері өзгереді. Қазақстан 2030 жылға дейін саланы жаңғыртып, міндетті және ерікті сақтандырудан бастап цифрлық қызметтер мен төлемдерге кепілдік беру жүйесіне дейінгі реттеуді қайта қарауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл бағыттар Алматыда өткен Kazakhstan Insurance Forum 2026 алаңында талқыланды. Жыл сайынғы форумды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ ұйымдастырды.

Форумға қазақстандық мемлекеттік органдар мен сақтандыру нарығының өкілдері, сондай-ақ IAIS, IAA, Chartered Insurance Institute, ACTEX Learning, Oliver Wyman және Әзербайжан Орталық банкінің сарапшылары қатысты.

Сақтандыру нарығын дамытудың өзекті мәселелері туралы жыл сайынғы форумда айтылды

Жаңа заң бүкіл сақтандыру жүйесін қайта қарамақ

Негізгі өзгерістер Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының жобасында жинақталған. Бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық сараптаманы тарта отырып әзірленіп жатыр.

Құжатта 6 стратегиялық бағыт пен 18 бастама қарастырылған.

Сақтандыру нарығын дамытудың өзекті мәселелері туралы жыл сайынғы форумда айтылды

Бағдарламаның маңызды бөлігінің бірі — сақтандыру заңнамасын кешенді қайта қарау және «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң әзірлеу.

Жаңа реттеу аясында:

  • міндетті сақтандыру моделін жетілдіру;
  • ерікті сақтандыруды дамыту;
  • тәуекелге бағдарланған қадағалауға көшу;
  • сақтандыру қызметтерін цифрландыру;
  • нарық инфрақұрылымын жаңарту;
  • сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесін жетілдіру;
  • қайталанатын және ескірген нормаларды алып тастау көзделген.

Бағдарламадағы бірқатар бастама бұған дейін де кәсіби қоғамдастықпен талқыланған. Соның ішінде электрондық сақтандыру шарттарын кеңейту, міндетті сақтандырудың бірыңғай моделін қалыптастыру және шетелдік сақтандырушылар үшін нарыққа қолжетімділікті ырықтандыру ұсынылған.

Сақтандыру компанияларының активтері 4,1 трлн теңгеге жетті

Реформа нарықтың қарқынды өсуі аясында жүргізілмек.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша, соңғы үш жылда сақтандыру ұйымдарының активтері екі есеге жуық өскен.

2026 жылғы 1 шілдедегі көрсеткіштер бойынша:

  • сақтандыру ұйымдарының активтері — 4,1 трлн теңге;
  • сақтандыру сыйлықақылары — 1,8 трлн теңге;
  • сақтандыру төлемдері — 413,6 млрд теңге;
  • төлемдер көлемі үш жылда 1,8 есе өскен.

Нарықтағы ең жоғары өсім зейнетақы аннуитетін сақтандыру мен жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру сегменттерінде байқалған.

Сектор активтерінің 4 трлн теңгеден асуы биыл бұған дейін де тіркелген. Мәселен, сәуір қорытындысында сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының активтері 4,1 трлн теңгеге жеткен еді.

Ұзақ мерзімді жинақтарға басымдық беріледі

Нарықты өзгертудің тағы бір бағыты сақтандыруды азаматтардың ұзақ мерзімді жинақтарының құралы ретінде дамытуға байланысты.

Форумда банк, зейнетақы және сақтандыру өнімдерінің өзара байланысы, өмірді сақтандыру және жаңа жинақтаушы өнімдерді дамыту мәселелері қаралды.

Бұл бағыттың практикалық мәні — сақтандыру компанияларының рөлін тек сақтандыру жағдайы болған кезде төлем жасайтын ұйым шеңберінен кеңейту.

2030 жылға дейінгі бағдарлама жобасында инвестициялық стратегияны таңдау мүмкіндігі бар жаңа зейнетақы аннуитеттерін енгізу де қарастырылған. Мұндай модель өмір бойғы төлемдерді сақтай отырып, инвестициялық кіріс арқылы болашақ төлем көлемін арттыруға бағытталған.

Табиғи апаттар тәуекелі де жаңа модельге енеді

Форумда апатты тәуекелдерді — NatCat — басқаруға жеке назар аударылды.

Қазақстан үшін бұл мәселе сақтандыру реформасының азаматтарға тікелей әсер етуі ықтимал бағыттарының бірі саналады.

Сақтандыру нарығын дамытудың өзекті мәселелері туралы жыл сайынғы форумда айтылды

2030 жылға дейінгі бағдарлама жобасында тұрғын үйді жер сілкінісі, су тасқыны, су басу және орман өрттері секілді табиғи апаттардан міндетті сақтандыруды енгізу ұсынылған. Әзірге бұл қолданыстағы міндет емес — бастама заңнамалық өзгерістерді қажет етеді, ал нақты тарифтер бекітілмеген.

Яғни жаңа заңның мазмұны тек сақтандыру компанияларының қызметіне қатысты болмайды. Оның жекелеген нормалары қабылданған жағдайда азаматтардың мүлкін сақтандыру тәртібіне де тікелей әсер етуі мүмкін.

Кепілдік беру қорының рөлі күшеюі мүмкін

Нарықтағы тағы бір өзгеріс сақтандыру компаниясы қаржылық қиындыққа тап болған жағдайда клиенттердің мүддесін қорғауға қатысты.

2030 жылға дейінгі бағдарлама жобасында Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының өкілеттігін кеңейту ұсынылған. Соның ішінде қорға проблемалы сақтандырушы лицензиясынан айырылғанға дейін оның жағдайына мониторинг жүргізіп, ықтимал міндеттемелерді алдын ала бағалауға мүмкіндік беру қарастырылып отыр.

Бұл сақтандыру компаниясындағы проблеманы тек лицензия қайтарылғаннан кейін шешетін тәсілден тәуекелді ертерек анықтауға бағытталған модельге көшуді көздейді.

«Ұсынылып отырған шаралар заманауи реттеу жүйесін қалыптастыруға, халық пен бизнесті сақтандырумен қорғауды кеңейтуге және сақтандыру нарығының ұзақ мерзімді орнықты дамуы үшін жағдайлар жасауға бағытталған», – деді Нұржан Тұрсынханов.

Қазақстан сақтандыруды халықаралық нарыққа жақындатпақ

Kazakhstan Insurance Forum 2026 күн тәртібі ішкі реформалармен шектелген жоқ.

Қатысушылар Turkic World Insurance Union аясындағы ынтымақтастықты, халықаралық жүк тасымалдарын сақтандыруды, инфрақұрылымдық инвестицияларды және апатты тәуекелдерді басқаруды талқылады.

Бұл бағыттар ірі тәуекелдерді халықаралық қайта сақтандыру нарығына шығару және Қазақстанда қабылдауға болатын тәуекелдерді ел ішінде ұстап қалу мәселесімен байланысты. 2030 жылға дейінгі бағдарламада қайта сақтандырудың елдік саясатын әзірлеу де ұсынылған.

Kazakhstan Insurance Forum биыл төртінші рет өтіп отыр. Бірақ нарық үшін негізгі өзгеріс форумның өзінде емес: активтері 4,1 трлн теңгеге жеткен сектор енді 2030 жылға дейінгі жаңа реттеу моделіне дайындалып жатыр.

Бұған дейін DKNews.kz Қазақстанда сақтандырудың жаңа моделінің азаматтарға тікелей әсер етуі мүмкін тұстарының бірі — тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру бастамасы туралы жазған еді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -