Ерте есепке тұру көрсеткіші 71%-ға жетті.
Қазақстанда 1 млн-нан астам әйел әйелдер консультациясының қызметін алды, ал мемлекет есебінен көрсетілетін медициналық көмек отбасын жоспарлаудан бастап босанғаннан кейінгі қалпына келуге дейінгі кезеңдерді қамтиды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Министрлік дерегінше, әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау үшін медициналық көмектің бірнеше деңгейін біріктіретін жүйе жұмыс істейді.
425 ұйым базасында әйелдер консультациясы жұмыс істейді
Еліміздегі 425 алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымы мен 24 облыстық перинаталдық орталық базасында әйелдер консультациялары ашылған.
Оларда жеке тіркеу орындары, процедуралық кабинеттер және отбасын жоспарлау орталықтары ұйымдастырылған.
Қазірдің өзінде 1 млн-нан астам әйел әйелдер консультациясының қызметін пайдаланған.
Сонымен бірге жүктіліктің алғашқы кезеңінде дәрігерге жүгінетін әйелдер үлесі артқан. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жүктіліктің 10 аптасына дейін есепке тұрған әйелдердің үлесі 18%-ға өсіп, 71%-ға жетті.
Ерте есепке тұру дәрігерлерге жүктіліктің алғашқы кезеңінен бастап ана мен баланың денсаулығын бақылауға және ықтимал қауіптерді уақытылы анықтауға мүмкіндік береді.
100 мыңнан астам жүкті әйел диагностикадан өтті
Ұрықтың туа біткен даму ақауларын ерте анықтау үшін барлық өңірдегі перинаталдық орталықтар базасында «Бір күндік клиникалар» ұйымдастырылған.
Мұнда жүкті әйелдер мемлекет кепілдік берген медициналық көмек аясында бес түрлі зерттеуден өтіп, нәтижесін келесі күні ала алады.
2026 жылы мұндай диагностикамен 100 мыңнан астам жүкті әйел қамтылып, 500 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді.
Министрлік ұсынған дерек бойынша, соның нәтижесінде ұрықтың даму ақауларын анықтау көрсеткіші 13%-ға артқан. Нәресте өлімі көрсеткіші 15%-ға төмендеген.
Бұл модельдің негізгі ерекшелігі — бірнеше тексеруді бір жерде өткізіп, нәтижені қысқа мерзім ішінде алу мүмкіндігі.
«Аналар саулығы» 12 тегін тексеруді қамтиды
Әйел денсаулығын жүктілік басталғанға дейін бақылауға да басымдық беріліп отыр.
2025 жылдан бастап Қазақстанда «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама әйелді дені сау жүктілікке дайындауға арналған 12 түрлі тегін тексеруді қарастырады.
Мұндағы мақсат — денсаулықтағы ықтимал қауіптерді жүктілікке дейін анықтап, әйелді алдын ала медициналық тексеруден өткізу.
Осылайша, мемлекеттік медициналық көмектің бір бөлігі жүктілік басталғаннан кейінгі бақылаумен шектелмей, оны жоспарлау кезеңінен басталады.
Қазақстанда жыл сайын 300 мыңнан астам босану қабылданады
Қазақстанда жыл сайын 300 мыңнан астам босану қабылданады.
Мемлекет әйелдерге көрсетілетін медициналық көмекті бірнеше кезең бойынша ұйымдастырып отыр: отбасын жоспарлау, жүктілікке дайындық, ерте есепке тұру, пренаталдық диагностика, босандыру және босанғаннан кейінгі қалпына келу.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл көмектің негізгі қағидаты — әйелдің тұрғылықты жеріне немесе қаржылық мүмкіндігіне қарамастан медициналық қызметтердің қолжетімді болуы.
Бұған дейін біз Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесі қалай өзгеріп жатқаны туралы жазған едік. Елде «Бір күндік клиникалар» жұмыс істеп, жүкті әйелдерді пренаталдық тексерумен қамту кеңейіп келеді, сондай-ақ «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы негізгі көрсеткіштер туралы бұған дейінгі материалымыздан оқуға болады.