Семей бір апта тойлады. Қала күніне арналған жеті күндік бағдарлама Қарағайлы ықшам ауданындағы Республика алаңында өткен ауқымды Open Air гала-концертімен қорытындыланды. Биыл мереке алғаш рет осындай кең форматта ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, мерекелік апталық «Семейді сүю – тарихқа бас ию» тақырыбымен өтті. Бағдарламаға 20-дан астам мәдени және спорттық іс-шара кірді.

Берік Уәли: Семейде 700-ге жуық үйге жазда ыстық су берілді
Гала-концерттің ашылуында Абай облысының әкімі Берік Уәли семейліктерді Қала күнімен құттықтады. Өңір басшысы сөзінде мерекемен қатар қаладағы инфрақұрылымдық өзгерістерге де тоқталды.
«Баршаңызды Семей қаласының туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Семей – тарихы терең, тағылымы мол, Алаштың астанасы болған ерекше қала. Семейді сүю – тарихқа бас ию. Қазақ мемлекеттігінің тарихы Семей қаласымен тығыз байланысты. Алаш қайраткерлері осы қалада қызмет етті. Семей – тұңғыштар мекені. Тұңғыштардың барлығы Семей топырағында дүниеге келген. Біз осымен мақтанамыз. Бүгінде Семей қаласы Мемлекет басшысының тікелей қолдауының арқасында күннен күнге көркейіп келеді. Биыл облыс орталығындағы 700-ге жуық тұрғын үйге алғаш рет жазда ыстық су берілді. Жүзге жуық көшелер жаңартылып, аулалар абаттандырылып, жолдар жөнделіп, жаңа кейіпке еніп жатыр. «Абайға құрмет» акциясы аясында көптеген мәдениет, спорт нысандары салынуда. Биыл Қала күні алғаш рет кең ауқымда, бір апта көлемінде, жоғары деңгейде атап өтілді. Туған қаламыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, әрбір игі іске қолдау білдіріп жүрген барша азаматтарға алғыс білдіремін», — деді Берік Уәли.
Мұндағы негізгі көрсеткіштердің бірі — 700-ге жуық тұрғын үйдің алғаш рет жаз мезгілінде ыстық сумен қамтылуы. Әкімнің айтуынша, қалада жүзге жуық көше жаңартылып, жолдар жөнделіп, аулалар абаттандырылып жатыр.

Семейдегі инфрақұрылымдық жұмыстар мұнымен шектелмейді. Бұған дейін қаладағы жаңа автомобиль көпірінің құрылыс-монтаж жұмыстары 70 пайызға орындалғаны, ал жылу желілерінің тозуын 58,2 пайыздан 54,1 пайызға дейін төмендету көзделіп отырғаны хабарланған.
Жеті күнде 20-дан астам іс-шара өтті
Қала күні биыл бір кештік концертпен шектелген жоқ. Жеті күнге созылған бағдарламаға ұлттық спорт, балалар шығармашылығы, көрмелер мен концерттер енгізілді.

Семейліктер:
- бәйге;
- аударыспақ;
- арқан тартыс;
- қол күресі;
- гір көтеру;
- жекпе-жек;
- «Семей батыры» сайыстарын тамашалады.
Бағдарламада «TUNGI RUN – SEMEY» түнгі жүгіруі де ұйымдастырылды. Әкімдік мәліметінше, іс-шаралар барысында ұлттық ойындар мен дәстүрлі спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлінген.

Республика алаңына шетелдік әншілер шықты
Мерекелік аптаның ең ірі шарасы Қарағайлы ықшам ауданындағы Республика алаңында ұйымдастырылды.

Open Air гала-концертінде Тұрар Ыдырыс, Айдана Меденова, AYREE және Ернар Амандық өнер көрсетті. Бағдарламаға шетелдік орындаушылар да шақырылды: Қырғызстаннан AMIRCHIK, Германиядан NANA DARKMAN және Молдовадан ARSENIUM FROM O-ZONE.
Жеті күндік Қала күні мерекесі отшашумен түйінделді.
Семейдегі мерекелік аптаның ауқымы қаланың соңғы жылдары алған жаңа мәртебесімен де үндеседі. Семей 2022 жылы құрылған Абай облысының әкімшілік орталығы болды. Қазір мұнда тұрғын үй, жылу жүйесі, көлік инфрақұрылымы және қоғамдық нысандар қатар жаңартылып жатыр.
Бұған дейін біз Семейдегі ірі жобалар мен қаланың инфрақұрылымдық дамуы туралы жазған едік. Сол материалда жаңа көпір құрылысының 70 пайызға жеткені, Қарағайлыда 13 көпқабатты тұрғын үй салынып жатқаны және теміржол вокзалының ауқымды реконструкциясы туралы айтылған.