Орталықта 130 мыңнан астам операция жасалды.
Астанадағы UMC Жүрек орталығы 15 жыл ішінде 110 мыңнан астам пациентке медициналық көмек көрсетіп, 109 жүрек және 26 өкпе трансплантациясын орындады. Мерейтойға әлемнің 20-дан астам елінің кардиология және кардиохирургия мамандары жиналды, деп хабарлайды DKNews.kz.
17–18 қыркүйекте Астанада өткен «XV – Excellence and Value in Heart Care» халықаралық конференциясы орталықтың өткен жолын қорытындылап қана қоймай, жүрек-қан тамырлары медицинасындағы жаңа технологиялар мен емдеу тәсілдерін талқылайтын алаңға айналды. Конференцияның ресми бағдарламасында кардиохирургиядан бастап кардиорадиологияға дейінгі бірнеше бағыт қамтылған.

2012 жылғы алғашқы трансплантациядан 109 операцияға дейін
UMC Жүрек орталығы 2011 жылы мамандандырылған кардиологиялық бөлімше ретінде жұмысын бастады. Кейін интервенциялық кардиология, күрделі хирургия, заманауи диагностика, резидентура және зерттеу бағдарламалары кезең-кезеңімен дамыды.
Орталық тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі 2012 жылмен байланысты. Сол кезде Юрий Пя бастаған мамандар Қазақстандағы алғашқы жүрек трансплантациясын жасады. Операцияға чехиялық кардиохирург Ян Пирк те қатысты. 15 жылдық конференцияда ол арнайы қонақтардың бірі болды.
Содан бері орталықтағы трансплантология жеке бағытқа айналды. 15 жыл ішінде:
- 130 мыңнан астам операция жасалды;
- 110 мыңнан астам пациент медициналық көмек алды;
- 109 жүрек трансплантациясы орындалды;
- 26 өкпе трансплантациясы жасалды.
Бұл сандар орталықтың мерейтойын бір мекеменің тарихынан гөрі Қазақстандағы жоғары технологиялық кардиохирургияның қалыптасу кезеңімен байланыстырады.

Астанаға 20-дан астам елдің мамандары келді
Мерейтойлық конференцияға Қазақстанмен бірге Еуропа, Америка, Таяу Шығыс және Азия елдерінің мамандары қатысты. Ресми бағдарламада Чехия, Франция, БАӘ, Ливан, Литва, Үндістан, Қытай және басқа елдерден келген сарапшылар көрсетілген.
Талқылаудың негізгі бағыттары жүрек жеткіліксіздігін емдеу, трансплантация, қан айналымын механикалық қолдау, атеросклероз, құрылымдық жүрек аурулары, интервенциялық кардиология, кардиохирургия, аритмология және кардиорадиология болды.
«Біз үшін бұл конференция – жай ғана мерейтойлық шара емес. Бұл – жүріп өткен жолымызға көз жүгіртіп, алдағы мақсаттарымызды айқындайтын мүмкіндік. Бүгінде Астанаға әлемнің әр түкпірінен мамандар жиналып, тәжірибе алмасып, жүрек-қан тамырлары медицинасының болашағын талқылады. 15 жыл – маңызды белес, бірақ біз үшін бұл жаңа кезеңнің бастауы. Алда әлі атқаратын жұмысымыз көп», – деді UMC Басқарма төрағасы Юрий Пя.
Мейіргерлерден аурухана менеджментіне дейін
Биыл конференцияның мазмұны клиникалық медицинамен шектелмеді. Мейіргер ісіне жеке сессия арналып, медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мейіргерлердің рөлі және олардың кәсіби дамуы талқыланды.
Бағдарламаға алғаш рет клиникалық емес бағыттар бойынша арнайы блок та енгізілді. UMC мамандары сапаны басқару, ауруханадағы қызмет көрсету және персоналды басқару тәжірибесін ұсынды.
Бұл өзгеріс жоғары технологиялық медицинаның тек хирургтің шеберлігіне тәуелді емес екенін көрсетеді. Күрделі операцияның нәтижесіне диагностика, реанимация, мейіргерлік күтім, аурухана ішіндегі процестер мен мамандардың бірлескен жұмысы тікелей әсер етеді.

Жас дәрігерлер халықаралық сарапшылар алдына шықты
Мерейтойлық конференция жас мамандар үшін де кәсіби алаң болды. Резиденттер мен жас зерттеушілер клиникалық кейстерін халықаралық сарапшыларға ұсынды.
Байқаудың ресми шарттарына сәйкес жұмыстар балалар және ересектер кардиологиясы мен кардиохирургиясы, интервенциялық кардиология, кардиоанестезиология және қарқынды терапия, аритмология мен кардиорадиология бағыттары бойынша қабылданған.
Шетелдік спикерлер үшін UMC Жүрек орталығы мен NU кампусына арнайы тур ұйымдастырылды. Олар клиникалық, ғылыми және білім беру инфрақұрылымымен және болашақтағы бірлескен жобалардың мүмкіндіктерімен танысты.
Қазақстандағы жүрек трансплантациясы қазір Астанамен ғана шектелмейді. Бұған дейін біз Алматыда UMC командасының қатысуымен және Юрий Пяның жетекшілігімен алты сағатқа созылған жүрек трансплантациясы сәтті жасалғаны туралы жазған едік. Донорлық органдар сол кезде төрт қазақстандықтың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген.
