Қазақстандық тәжірибе FIDE деңгейінде мойындалды. Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова әлемде әйелдер шахматын қолдау мен насихаттауға қосқан үлесі үшін FIDE-нің арнайы алғыс хатына ие болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Марапат 22 қыркүйекте Самарқандтағы 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы кезінде өткен FIDE Әйелдер шахматы комиссиясының жылдық отырысында табысталды. FIDE ресми бағдарламасында жиынның тақырыбы «Beyond the Board: Women, Innovation and the Business of Chess» деп белгіленген.

FIDE әйелдердің шахматтағы мүмкіндігін тақтамен шектемек емес
Биылғы жиынның мазмұны тек кәсіби спорттағы нәтижелерге арналмаған. FIDE әйелдердің шахматтағы кәсіпкерлік, ұйымдастырушылық, контент жасау, инвестиция және басқа кәсіби бағыттардағы мүмкіндіктерін кеңейту мәселесін көтерді.
Отырыстың соңында WOM Commission Member Recognition Awards және арнайы марапаттарды тапсыру рәсімі бағдарламаның жеке бөлігі ретінде қарастырылған.

Сол марапаттардың бірі Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры әрі FIDE Әйелдер шахматы комиссиясының мүшесі Гүлмира Дәулетоваға берілді.
«Сіздің бүкіл әлемде әйелдер шахматын қолдау мен ілгерілетуге сіңірген еңбегіңізді құрметтей отырып тапсырылады», — делінген марапат мәтінінде.
Оған Дана Рейзниеце мен FIDE Әйелдер шахматы комиссиясының төрайымы Трис-Энн Ричардс қол қойған.
FIDE-нің 2026 жылғы 22 қыркүйектегі отырысқа арналған ресми бағдарламасында Дана Рейзниеце FIDE Management Acting Chair ретінде көрсетілген, ал Трис-Энн Ричардс 2026 жылы Әйелдер шахматы комиссиясының төрайымы қызметіне кірісті.
Дәулетова федерацияда 2015 жылдан бері жұмыс істейді
Гүлмира Дәулетова Қазақстан шахмат федерациясында 2015 жылдан бері қызмет етеді. 2022 жылдың қарашасында ол федерацияның атқарушы директоры болып тағайындалған.
Оның спорттық жолында әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер атағы, Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының қола жүлдесі, Қазақстан чемпионаттарындағы үш жеңіс және Азия деңгейіндегі нәтижелер бар.
Дәулетова жеті Олимпиада мен үш әлем чемпионатына қатысқан. Кейін кәсіби спорттағы тәжірибесін ұйымдастырушылық және білім беру бағыттарымен ұштастырды.

Ол 2–4 сыныптарға арналған «Шахмат» оқу-әдістемелік құралының авторы және мұғалімдер мен балаларды оқытуға арналған онлайн-курстарды әзірлеуге қатысқан. Бұған дейін оның FIDE International Organizer мәртебесіне ие екені де хабарланған.
Қазақстанда ерлер мен әйелдердің жүлде қоры теңестірілген
Марапаттың Қазақстан үшін маңызды тұсы бір адамның кәсіби жетістігімен шектелмейді.
Қазақстан шахмат федерациясы әйелдер шахматын дамыту бағытында ел чемпионаттарындағы ерлер мен әйелдердің жүлде қорын теңестіріп, ұлттық құрама мүшелері мен жас шахматшыларға гранттық қолдау көрсетіп келеді.
Гүлмира Дәулетова бұл саясаттың бірнеше бағыттан тұратынын айтты.

«Қазақстанда әйелдер шахматын дамытуға баса мән беріледі. Ел чемпионатында ерлер мен әйелдердің жүлде қоры теңестірілген. Бұл, сөзсіз, біз үшін үлкен мақтаныш. Сонымен қатар әйелдерге арналған ауқымды іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз. Әлемдік деңгейдегі әйелдер Бас жүлде кезеңін өткізуіміз де осы стратегиялық бағытымызды айқындайды. Ұлттық құрамаға, дарынды жастарымызға гранттар бөліп, бойжеткендерді қолдаудың озық жүйесін қалыптастырдық. Еңбегімді жоғары бағалағаны үшін Халықаралық шахмат федерациясына шын жүректен алғыс айтамын. Сондай-ақ осы бастамалардың барлығына қолдау білдіріп отырған ҚШФ президенті Тимур Турловқа ризашылығымды білдіремін», — деді Гүлмира Дәулетова.
Федерация Qazaq Queens Chess Fest фестивалін өткізіп, FIDE Әйелдер шахматы комиссиясының Queen’s Gambit Challenge, Queens and Princesses Festival, Chess Mom, Chess for Protection, Chess Marathon және Chess4All секілді жобаларына қатысып келеді. FIDE 2026 жылғы бағдарламасында бұл бастамалардың бірқатары Әйелдер шахматы комиссиясының негізгі жобалары ретінде аталған.
Қазақстан әйелдер құрамасының екі күмісі жүйенің нәтижесін көрсетті
Соңғы жылдардағы нәтижелер Қазақстан әйелдер шахматының халықаралық позициясын күшейтті.
2023 жылғы әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатында Қазақстан күміс жүлде алды. FIDE сол кездегі құраманың орташа жасы небәрі 18 болғанын атап өткен.
Бір жылдан кейін Қазақстан әйелдер құрамасы Будапешттегі 45-ші Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында да күміс медаль жеңіп алды. FIDE қорытындысында Қазақстан құрамасының алтын үшін соңғы кезеңге дейін күрескені көрсетілген.
Қазір Самарқандта өтіп жатқан 46-шы Олимпиадада Қазақстан әйелдер құрамасы бастапқы рейтинг бойынша алғашқы бестікке кіреді. Турнирдің әйелдер секциясына рекордтық 189 команда қатысып жатыр.
Яғни FIDE берген марапат Қазақстан әйелдер құрамасы әлемдік деңгейде екі ірі күміс алған кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр.
Марапат FIDE президентін сайлауға үш күн қалғанда берілді
Оқиғаның тағы бір контексті бар. Самарқандтағы FIDE Конгресі аясында 26 қыркүйекте ұйым президентінің сайлауы өтеді.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов FIDE президенттігіне кандидат ретінде тіркелген. Ол бес дүркін әлем чемпионы Вишванатан Анандпен бір тізімде түсіп отыр: Турлов — президенттікке, Ананд — президент орынбасары қызметіне кандидат. FIDE сайлауға үш президенттік тізім ұсынылғанын ресми хабарлады.
Сайлауда FIDE Бас Ассамблеясына қатысатын әр ұлттық федерация бір дауысқа ие болады.
Ал Дәулетова алған марапат нақты бір сайлау нәтижесін білдірмейді: ол FIDE Әйелдер шахматы комиссиясының әйелдер шахматын дамытудағы еңбекті мойындау бағдарламасы аясында табысталды.
Бұған дейін біз Қазақстандағы шахмат ренессансы, халықаралық нәтижелер және әйелдер құрамасының тарихи жетістіктері туралы жазған едік. Сол материалда 2024 жылы қазақстандық шахматшылардың халықаралық жарыстардан 123 медаль алғаны және Будапешт Олимпиадасындағы әйелдер құрамасының күмісі айтылған.