Turkic Chess Academy: Түркі елдері ортақ шахмат академиясын ашпақ

1419
Фотосурет: KazChess

Шахматтағы ынтымақтастық жаңа деңгейге шықпақ. Turkic Chess Association (TCA) ұйымына мүше елдер ортақ шахмат академиясын құрып, халықаралық турнирлер санын көбейтуді және жаттықтырушылар мен төрешілерді бірлесіп даярлауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл бастамалар Самарқандта өткен TCA Бас Ассамблеясында талқыланған қауымдастықтың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясына енгізілді. Жоспар жекелеген жарыстар өткізумен шектелмей, түркі елдерінің шахмат мектептерін тұрақты жұмыс істейтін ортақ жүйеге біріктіруді көздейді.

Turkic Chess Academy бірнеше елдің тәжірибесін біріктіреді

Стратегиядағы негізгі жобалардың бірі — Turkic Chess Academy.

Жаңа құрылым TCA құрамындағы елдердің шахмат мектептерінде жинақталған тәжірибені ортақ алаңға шығаруға тиіс.

Академия аясында:

  • жаттықтырушылар мен төрешілерді бірлесіп даярлау;
  • мамандар арасында әдістемелік тәжірибе алмасу;
  • семинарлар мен білім беру бағдарламаларын өткізу;
  • жаттықтырушылар мен төрешілер ротациясын дамыту;
  • шахматты цифрландыру саласындағы әзірлемелермен бөлісу жоспарланған.

Ортақ онлайн шахмат академиясын іске қосу да қарастырылып отыр.

TCA президенті әрі Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов қауымдастық елдерінің әрқайсысында қалыптасқан шахмат мектептерінің мықты тұстарын біріктіру маңызды екенін айтты.

«Біз елімізде шахматтың қаншалықты қарқынды дамып келе жатқанын және оның маңызы жоғары екенін көріп отырмыз. Мүмкіндіктерімізді одан әрі кеңейтіп, шахмат мектептерін өркендету және өңірде ашық турнирлерді көбірек өткізу маңызды. Бізде әлемдегі ең дамыған шахмат экожүйелерінің бірі қалыптасқан, мұны біз мақтанышпен айта аламыз», — деді Тимур Турлов.

Түркістанда жаңа халықаралық чемпионаттар өткізу жоспарланған

Өзгеріс тек білім беру жүйесіне қатысты емес. TCA халықаралық жарыстар күнтізбесін де кеңейтпек.

Қауымдастық командалық және жекелей турнирлерді, оқу-жаттығу жиындары мен спаррингтерді жиі өткізуді жоспарлап отыр. Жас шахматшылар мен ардагерлер үшін жеке жарыстар ұйымдастыру да қарастырылған.

Түркістанда:

  • ерлер арасындағы жекелей чемпионат;
  • әйелдер арасындағы жекелей чемпионат;
  • ардагерлер турнирін өткізу жоспарланып отыр.

TCA штаб-пәтерінің де Түркістанда орналасуы қаланың қауымдастық жарыстарын ұйымдастырудағы рөлін арттыра алады.

Жаттықтырушылар мен төрешілер арасында ротация жүргізілмек

TCA елдері арасындағы ынтымақтастықтың тағы бір бағыты — мамандарды тұрақты алмастыру.

«Біз білім, пікір мен тәжірибе бөлісудің, жаттықтырушылар мен төрешілерді ротациялаудың, сондай-ақ цифрлық әзірлемелермен бөлісудің барлық мүмкіндігін толық пайдалануымыз керек. Біз үшін өзара сенім мен үйлесімді әрекет ету өте маңызды», — деді Тимур Турлов.

Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов та қауымдастық құрамындағы мемлекеттердің халықаралық шахматтағы тәжірибесін бір жүйеге біріктіруге мүмкіндік бар екенін атап өтті.

«Ұйымға кіретін мемлекеттер бүгінде шахматты дамыту тұрғысынан көшбасшылар қатарында. Олимпиаданы қабылдап жатқан Өзбекстанның, Әзербайжанның мықты құрамасының және басқа да елдердің елеулі табыстарына куә болып отырмыз. Сондықтан бiздiң бiр-бiрiмiзбен бөлiсер тәжiрибемiз мол. Атап айтқанда, өзара әзірлемелерді бөлісу жүзеге асады, сондай-ақ бірлескен онлайн шахмат академиясын ашу жоспарланған. Қауымдастықтың даму бағытын айқындайтын арнайы стратегия мен күнтізбелік жоспар әзірледік», — деді Дәрмен Сәдуақасов.

Алғашқы командалық чемпионат Астанада өтті

Стратегиядағы кейбір бағыттар қазірдің өзінде тәжірибеде сыналып жатыр.

2026 жылғы мамырда Астанада алғашқы TCA командалық чемпионаты өтті. Жарыстың жалпы жүлде қоры 60 мың долларды құрады.

Командалар үш санатта сынға түсті:

  • ашық турнир;
  • әйелдер жарысы;
  • U16 санаты.

Ашық турнирде Қазақстан-2 командасы кубокты жеңіп алды, ал Қазақстан-1 екінші орынға тұрақтады.

Әйелдер арасында Қазақстан-1 күміс жүлде иеленді. U16 санатында қазақстандық командалар күміс пен қола алды.

Тамызда Ашхабадта өткен Kids Expo Chess Cup 2026 турниріне сегіз елден 94 жас шахматшы қатысты. Қазақстан құрамасы бір алтын және үш қола — барлығы төрт медаль жеңіп алды.

Бұл жарыстар TCA-ның жаңа турнирлік жүйесі нөлден басталмайтынын көрсетеді. Қауымдастықта командалық және балалар жарыстарын өткізу тәжірибесі қалыптасып келеді.

TCA 2030 жылға дейін тұрақты жүйе құрмақ

Turkic Chess Association құру идеясын 2024 жылғы қыркүйекте FIDE Бас Ассамблеясы қолдаған. 2025 жылғы қазанда Астанада алты елдің өкілдері тиісті меморандумға қол қойды.

Қауымдастықтың штаб-пәтері Түркістанда орналасқан.

2026 жылы TCA басшылығына Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов сайланды.

«Ұзақ мерзімді жетістіктер — бұл кездейсоқ сәттіліктің нәтижесі емес. Бұл — әрдайым алысты көздейтін пайымның және жылдан жылға атқарылатын жүйелі жұмыстың нәтижесі. Бұған мамандарсыз, қаржы мен ресурссыз, мемлекет пен түрлі буын өкілдерінің өзара ықпалдастығынсыз, сондай-ақ тұрақтылық пен ынтымақтастықсыз қол жеткізу мүмкін емес. Бірге әрекет ету арқылы біз әлдеқайда жоғары белестерді бағындыра аламыз», — деді Тимур Турлов.

Самарқандта талқыланған стратегияның негізгі айырмашылығы да осында: TCA бір реттік турнирлер өткізетін ұйым болып қалмай, шахматшыларды, жаттықтырушыларды, төрешілерді және ұлттық федерацияларды байланыстыратын тұрақты экожүйе құруды көздеп отыр. 2030 жылға дейінгі жоспардың өзегінде ортақ академия, жаңа халықаралық жарыстар, мамандар даярлау және цифрлық әзірлемелермен тұрақты алмасу тұр. Бұған дейін біз Қазақстан әйелдер құрамасының шахмат Олимпиадасында Қытаймен 2:2 есебімен тең түсіп, көшбасшылар қатарында қалғаны туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -