Әйелдер еңбек нарығының жартысына жуық бөлігін құрайды. Қазақстанда 4,5 млн әйел жұмыспен қамтылған, енді мемлекет жұмыс пен отбасылық міндеттерді қатар алып жүруге мүмкіндік беретін күтім жүйесін дамытуға басымдық бермек, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл мәселе ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен кездесуде талқыланды. Бірінші вице-министр Ербол Тұяқбаев «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Белен Санс Лукемен әйелдердің жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік қорғалуы және гендерлік теңдік мәселелерін қарастырды.
3,6 млн әйел жалдамалы жұмыста
Ербол Тұяқбаев келтірген дерек бойынша, Қазақстандағы жұмыспен қамтылған 4,5 млн әйелдің 3,6 миллионы жалдамалы қызметкер.
Әйелдердің кәсіпкерліктегі үлесі де жоғары. 2025 жылдың қорытындысында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48%-дан астамын әйелдер басқарған. Ал елдегі барлық кәсіпкерлердің 54%-ын әйелдер құраған.
Бұл көрсеткіштер әйелдердің жұмыспен қамтылуы мен кәсіпкерлікке қатысуына қатысты әлеуметтік саясаттың еңбек нарығының елеулі бөлігіне тікелей әсер ететінін көрсетеді.
Жұмыс пен бала күтімін қатар алып жүруге жағдай жасалмақ
Кездесудегі негізгі тақырыптардың бірі ата-аналық міндеттерді кәсіби қызметпен ұштастыру болды.
Қазақстанда қазірдің өзінде әйелдерге арналған бірнеше еңбек және әлеуметтік қолдау тетігі бар:
- бала күтіміне байланысты демалыс кезінде жұмыс орнын сақтау;
- негізсіз жұмыстан шығарудан қорғау;
- жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер;
- оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;
- кәсіпкерлік бастамаларды қолдау;
- цифрлық мемлекеттік қызметтер.
Келесі кезеңде балаларға күтім көрсету қызметтерін дамытуға, жұмыстың икемді нысандарын енгізуге, біліктілікті арттыру мүмкіндіктерін кеңейтуге және еңбек кепілдіктерін сақтауға назар аударылмақ.
Тараптар 2026–2030 жылдарға арналған күтім көрсету саласындағы өңірлік іс-қимыл тәсілдерін де талқылады.
«БҰҰ-Әйелдер» Қазақстандағы өзгерістерді бағалады
Белен Санс Луке Қазақстанның әйелдердің еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмысын оң бағалады. Оның сөзінше, жұмыс пен отбасылық міндеттерді қатар алып жүру жағдайын жасау, еңбекақы айырмашылығын қысқарту және еңбек құқықтарын сақтау маңызды бағыттардың қатарында.
«Қазақстанның әлеуметтік саясатты дамытуға және әйелдердің еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдар жасап жатқанын көріп отырмыз. Атап айтқанда, әйелдерге кәсіби қызметі мен отбасылық міндеттерін қатар атқаруға жағдай жасалуда. Ерлер мен әйелдердің еңбекақысындағы айырмашылықты азайту, еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында да шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмыстың маңызы зор. Себебі Қазақстан әйелдері елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қоса алады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстың жалғасып, әйелдердің Қазақстанның дамуына қосатын үлесі арта түседі деп үміттенеміз», — деді Белен Санс Луке.
Қазақстан мен БҰҰ жобасы бес жыл жұмыс істеді
Қазақстан БҰҰ жүйесіндегі ұйымдармен отбасы және гендерлік саясат, әлеуметтік қорғау және әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту бағытында бұрыннан жұмыс істеп келеді.
2019–2024 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «БҰҰ-Әйелдер» құрылымымен бірлескен жобаны жүзеге асырды. Оған ЮНИСЕФ, ЮНФПА және БҰҰДБ да серіктес болды.
Кездесу қорытындысында тараптар әйелдердің жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік қорғау және гендерлік теңдік бойынша ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды жалғастыруға мүдделі екенін растады.
Бұған дейін біз Қазақстандағы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктеріне Дүниежүзілік банк қандай баға бергенін жазған едік. Women, Business and the Law 2026 зерттеуінде Қазақстанның әйелдердің экономикалық теңдігіне қатысты заңнамалық жағдайы 100 балдың 73-іне бағаланған.