Ұңғыма енді тұрақты бақылауды талап етеді.
Иесі тек су алумен шектелмейді: заң жерасты суының деңгейі мен сапасын бақылауды, су алу нысанын өлшеу құралдарымен жабдықтауды, ал пайдаланылмайтын ұңғыманы консервациялауды немесе жоюды міндеттейді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл талаптар Қазақстан Республикасының қолданыстағы Су кодексінде бекітілген. Жаңа кодекс 2025 жылғы 10 маусымда күшіне еніп, жерасты суларын қорғау мен пайдалануға қойылатын талаптарды күшейтті.
Су деңгейі мен сапасын бақылау міндетті
Су алу құрылыстарын пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың негізгі міндеттерінің бірі — жерасты суларына мониторинг жүргізу.
Су кодексінің 92-бабына сәйкес, мұндай нысандарды пайдаланушылар судың деңгейі мен сапасын бақылауы тиіс. Егер шаруашылық қызмет жерасты суларына кері әсер етуі мүмкін болса, олардың ластануына және сарқылуына жол бермеу шаралары да қабылдануы керек.
Ұңғыманың өзіне де техникалық бақылау талап етіледі. Жерасты суын алу кезінде су деңгейін өлшейтін құрылғылар, ал өздігінен ағатын ұңғымаларда манометрлер болуы тиіс.
Ауызсу мақсатындағы көздерге талап қатаңырақ. Егер кен орнының немесе учаскенің жерасты су қоры ауызсумен жабдықтау үшін бекітілген болса, санитариялық қорғау аймақтарының режимі сақталуы қажет.
Тәулігіне 1 000 текше метрден асса, арнайы бағдарлама қажет
Ірі су алу нысандары үшін Су кодексі қосымша талап енгізеді.
Егер жерасты көздерінен тәулігіне 1 000 текше метрден астам су алынса, арнайы су пайдалану рұқсатын алу және оның қолданысын сақтау үшін жерасты сулары мониторингінің бағдарламасы болуы керек.
Бағдарламада:
- бақылау желісінің құрамы мен құрылымы;
- бақылаудың кезеңділігі мен тәртібі;
- жерасты суының шығыны;
- динамикалық деңгей;
- статикалық деңгей;
- судың химиялық құрамы көрсетіледі.
Мұндай көлемде су алу үшін жерасты суын алу жобасы да келісілген болуы тиіс.
Тағы бір маңызды шек бар. Минералды емес жерасты сулары бойынша учаскенің бекітілген су қоры тәулігіне 50 текше метрден астам су алынған жағдайда қажет. Ал минералды жерасты сулары үшін бұл талап алынатын су көлеміне қарамастан қолданылады.
Пайдаланылмай қалған ұңғыма да иесінің жауапкершілігінде
Ұңғыманы пайдалануды тоқтату иесін одан әрі жауапкершіліктен босатпайды.
Пайдаланылмайтын немесе пайдалануға жарамсыз деп танылған гидрогеологиялық ұңғымалар консервацияға арналған құрылғылармен жабдықталуы немесе толығымен жойылуы тиіс. Бұл жұмыстарды орындау міндеті ұңғыма иесіне жүктеледі.
Иесіз қалған өздігінен ағатын гидрогеологиялық ұңғымалар үшін бөлек тәртіп қарастырылған. Оларды жою немесе консервациялау жұмыстарын Ұлттық гидрогеологиялық қызмет жүргізеді.
Яғни ескі ұңғыманы ашық күйінде қалдырып, оны пайдалануды тоқтата салу заң талаптарына сәйкес келмейді.
Ауызсу маңында қоқыс полигоны мен қорым орналастыруға болмайды
Заң тек су алу нысанын емес, жерасты суы орналасқан аумақтың өзін де қорғайды.
Ауызсумен жабдықтау үшін пайдаланылатын немесе болашақта пайдаланылуы мүмкін жерасты су кен орындары мен учаскелерінің шегінде жерасты суларының жағдайына кері әсер етуі ықтимал нысандарды орналастыруға және белгілі бір жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізуге тыйым салынады.
Кодексте мұндай нысандардың қатарына радиоактивті және химиялық қалдықтарды көму орындары, қоқыс полигондары, зираттар мен мал қорымдары енгізілген.
Сондай-ақ тазартылмаған ағын сулармен жер суаруға да тыйым салынады, егер ол жерасты суларының жағдайына әсер етсе немесе әсер етуі мүмкін болса.
Жаңа ұңғыманы бақылау құралдарынсыз пайдалануға беруге болмайды
Бақылау ұңғыманы пайдалану басталғанға дейін енгізіледі.
Су кодексі гидрогеологиялық ұңғымаларды су реттейтін құрылғыларсыз және су тұтынуды есепке алу аспаптарынсыз пайдалануға беруге жол бермейді.
Жерасты суларын пайдалануға байланысты нысандарды орналастыру, жобалау, салу және пайдалануға беру кезінде олардың жерүсті су объектілері мен қоршаған ортаға зиянды әсерін болдырмайтын шаралар қарастырылуы тиіс.
Бизнес үшін бұл ұңғыманы бақылау бір реттік рәсім емес, нысанды бүкіл пайдалану кезеңінде орындауға тиіс тұрақты міндетке айналғанын білдіреді.
Ауызсуға жарамды жерасты суын басқа мақсатқа еркін жұмсауға болмайды
Жерасты суының сапасы мен оны пайдалану мақсатына қатысты жеке шектеу бар.
Су кодексінің 93-бабына сәйкес, ауызсумен жабдықтауға жарамды жерасты суларын өзге мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді.
Ерекше жағдай басқа су көздері болмаған кезде ғана қарастырылуы мүмкін. Оның өзінде бұл жерасты суы халықты ауызсумен қамтамасыз ететін баламасыз жалғыз көз болмауға тиіс.
Бұл талап әсіресе жерасты су көзі бір мезгілде халықты ауызсумен қамтамасыз ететін ауыл шаруашылықтары мен кәсіпорындар үшін маңызды. Жеке ұңғыманың болуы оның су қорын шектеусіз пайдалануға құқық бермейді.
Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа Су кодексінде су объектілерінің сарқылуына жол бермеу және жерүсті мен жерасты суларын кешенді пайдалану қағидаттары күшейтілгенін хабарлаған еді.
Енді ұңғыма иесі үшін бұл талаптар нақты міндеттерге айналды: суды өлшеу, оның деңгейі мен сапасын бақылау, су көзін қорғау, ал пайдалану тоқтатылған жағдайда ұңғыманы консервациялау немесе жою.