Жерасты суының әлеуеті төрт есе жоғары. Қазақстанда оның болжамды ресурстары тәулігіне 176,1 млн текше метрге жетеді, ал барланған әрі пайдалануға жарамды бекітілген қор 43,2 млн текше метрді құрайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Осы ресурсты жүйелі игеру үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі 2027–2040 жылдарға арналған жерасты суын кешенді пайдалану және басқару тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Құжат қазір мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр және оны 2026 жылдың соңына дейін қабылдау жоспарланған.
Қазақстанда 4 803 жерасты су кен орны барланған
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанның жерасты су қорының қазіргі әлеуетін атады.
Елде 4 803 кен орны мен учаске барланған. Олардың пайдалануға жарамды бекітілген қоры тәулігіне 43,2 млн текше метр немесе жылына шамамен 15,7 текше шақырымды құрайды.
Сонымен бірге болжамды ресурс бұдан әлдеқайда көп — тәулігіне 176,1 млн текше метр.
Бұл қордың барлығы қазір пайдалануға дайын дегенді білдірмейді. Болжамды ресурстарды нақты игеру үшін гидрогеологиялық зерттеу, қорды бағалау және барлау қажет. Бұған дейін министрлік бекітілген қордың тәулігіне шамамен 1,5 млн текше метрі ғана нақты пайдаланылып отырғанын хабарлаған.
Үш жылда 126 гидрогеологиялық жоба жоспарланған
Жерасты суының нақты мүмкіндігін анықтау үшін іздестіру-бағалау жұмыстары кеңейтіледі.
2026 жылдың соңына дейін «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі 38 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.
Ал 2027–2029 жылдары тағы 88 жоба қарастырылған. Осылайша, аталған кезеңдерде жалпы 126 іздестіру-бағалау жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр.
Бұл жұмыстардың нәтижесі болжамды су қорларының қай бөлігін елді мекендерді, ауыл шаруашылығын және экономиканың басқа салаларын сумен қамтамасыз етуге қауіпсіз әрі тұрақты пайдалануға болатынын нақтылауға мүмкіндік береді.
698 қараусыз ұңғыма тексеріледі
Жаңа саясат тек қосымша су қорларын іздеумен шектелмейді. Қолданыстағы және иесіз қалған гидрогеологиялық ұңғымаларды ретке келтіру де жоспарланған.
2026 жылдың соңына дейін 10 жоба аясында:
- 54 иесіз және өздігінен атқылайтын ұңғыманы жою;
- Атырау облысындағы ұңғымаларды тексеру;
- Маңғыстау облысындағы нысандарды зерттеу;
- Павлодар облысындағы ұңғымаларды тексеру;
- Ұлытау облысындағы нысандарды зерттеу жоспарланған.
Жалпы 698 ұңғыма тексерілуі тиіс.
Бұл бағыт жаңа Су кодексіндегі талаптармен де байланысты. Қолданыстағы ережелер бойынша жерасты суын пайдаланатын ұңғыма иелері судың деңгейі мен сапасын бақылауға, ал пайдаланылмайтын нысандарды консервациялауға немесе жоюға міндетті.
Жамбыл облысында 586 бұлақ тексерілді
Жерасты суын басқарудың тағы бір бөлігі — гидрогеологиялық мәліметтерді цифрландыру.
Министрлік бірыңғай цифрлық гидрогеологиялық деректер базасын қалыптастырып жатыр. Оның аясында бұлақтар зерттеліп, бұрын жинақталған қор материалдары цифрлық форматқа көшіріледі.
Алғашқы жұмыстар Жамбыл облысында басталды. Қазірдің өзінде 586 бұлақ тексерілген.
«Сонымен қатар бірыңғай цифрлық гидрогеологиялық деректер базасы қалыптастырылып жатыр. Оның аясында бұлақтарды тексеру және қор материалдарын цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыс Жамбыл облысында басталды. Қазірдің өзінде 586 бұлақ тексерілді. Алдағы уақытта тексеру жұмыстары кезең-кезеңімен еліміздің барлық өңірін қамтиды. Жиналған мәліметтер жерасты суының жай-күйін есепке алу, мониторинг жүргізу және талдау үшін бірыңғай база қалыптастыру мақсатында Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне енгізіледі», – деді Талғат Момышев.
Бұл жұмыс бұрын басталған цифрландырумен сабақтас. Қазақстанда жерасты сулары туралы негізгі мәліметтерді біріктіретін алғашқы цифрлық гидрогеологиялық атлас 2025 жылы таныстырылған болатын.
Су үнемдеу технологиялары 702,3 мың гектарға жетті
Жаңа су қорын іздеумен қатар, қолда бар суды аз жұмсау бағыты да күшейтіліп жатыр.
2026 жылдың басынан бері мемлекеттік қолдау нәтижесінде су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап тағы 158,8 мың гектарға ұлғайды.
Нәтижесінде 1 қыркүйектегі жағдай бойынша олардың жалпы көлемі 702,3 мың гектарға жетті. Бұл Қазақстандағы 1,9 млн гектар суармалы жердің шамамен 36%-ын құрайды.
Салыстыру үшін, 2023 жылы заманауи суару жүйелері 237,1 мың гектарда қолданылған. Демек, үш жылға жетпейтін уақытта қамтылған аумақ шамамен үш есе кеңейді.
Өнеркәсіпке суды қайта пайдалану талабы қойылды
Су тұтынуды азайтудың жеке бағыты өнеркәсіпке қатысты.
Су кодексінде кәсіпорындардың жеті жыл ішінде айналымды және қайта сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшуі қарастырылған.
Министрлік мәліметіне сәйкес:
- 191 көшу жоспары әзірленген;
- 91 жоспар келісу сатысында;
- тағы 278 жоспар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бұл механизм өндірісте бір рет пайдаланылған судың бір бөлігін технологиялық циклге қайта қосуға бағытталған.
3,3 миллионнан астам оқушы мен студент қамтылды
Министрлік су үнемдеуді тек инфрақұрылым немесе технология мәселесі ретінде қарастырмайды.
2025–2026 оқу жылында «Суды үнемде – болашақты сақта!» жобасы аясында мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында экосағаттар өткізілді. Оларға 3,3 миллионнан астам білім алушы қатысты.
Бағдарлама 2026–2027 оқу жылында да жалғасады.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы да 2024 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде 94 бұлақ пен 62 су нысаны қамтылып, тазарту және абаттандыру жұмыстарына 24 мыңнан астам адам қатысқан.
Қазақстан үшін келесі кезеңдегі негізгі мәселе жерасты суының болжамды 176,1 млн текше метрлік тәуліктік әлеуетін жай статистикалық көрсеткіш ретінде қалдырмай, нақты зерттелген және қауіпсіз пайдаланылатын қорға айналдыру болмақ. Бұған дейін біз Қазақстанда 42 су қоймасын салу, 14,5 мың шақырым каналды жаңғырту және жерасты суы бойынша бірыңғай база қалыптастыру жоспары туралы жазған едік. Енді 2027–2040 жылдарға арналған жаңа тұжырымдама осы жұмысты жерасты суын басқарудың жеке ұзақмерзімді жүйесіне біріктіруге тиіс.