Қазақстан қоржыны тағы бір жүлдемен толықты. Кристина Овчинникова Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында биіктікке секіруден күміс медаль иеленді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жеңіл атлетика бәсекелері Нагоя қаласындағы «Мидзухо» стадионында өтіп жатыр. Әйелдер арасындағы финалда Овчинникова 1,87 метр биіктікті бағындырып, екінші орын алды.
Овчинниковаға алтынға үш сантиметр жетпеді
Финалда Өзбекстан өкілі Барнохон Сайфуллаева 1,90 метр нәтиже көрсетіп, Азия ойындарының чемпионы атанды.
Жүлдегерлер үштігі:
- Барнохон Сайфуллаева, Өзбекстан — 1,90 метр;
- Кристина Овчинникова, Қазақстан — 1,87 метр;
- Пуджа, Үндістан — 1,84 метр.
Осылайша, қазақстандық спортшы чемпионнан үш сантиметр төмен нәтиже көрсетті.
Ұлттық құраманың тағы бір мүшесі Надежда Дубовицкая финалды бесінші орынмен аяқтады. Ол да 1,84 метр биіктікті бағындырғанымен, қосымша көрсеткіштер бойынша жүлделі үштікке кіре алмады.
Фроловский 5000 метрде жетінші болды
Бұған дейін ерлер арасында 5000 метрге жүгіруден финалдық жарыс өткен еді.
Қазақстан атынан сынға түскен Максим Фроловский жетінші орыннан көрінді.
Бұл бәсекеде Бахрейн атынан өнер көрсеткен Бирхану Балеу жеңіске жетті. Жапониялық Томонори Ямагучи күміс медаль иеленсе, үндістандық Гульвир Сингх қола жүлдеге қол жеткізді.
Овчинникованың күмісі Қазақстанның жеңіл атлетикадағы жүлде қорын толықтырды. Бұған дейін біз Қазақстан құрамасының Жапониядағы Азия ойындарында жеңіп алған жүлделері туралы жазған едік.