Әскери қызметшілер аға буын өкілдерін мерекемен құттықтады.
Қарттар күніне орай Шығыс Қазақстан мен Абай облысында әскерилер еңбек ардагерлері және қарттармен кездесіп, оларға сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараларға Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері мен өңірлік әскери басқару органдарының өкілдері қатысты.
Әскери қызметшілер «Қамқор» орталығына барды
Өскемен гарнизонындағы 27943 әскери бөлімінің жеке құрамы «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды.
Әскери қызметшілер аға буын өкілдерімен кездесіп, еңбек ардагерлері мен қарттарды Халықаралық қарттар күнімен құттықтап, сыйлықтар табыстады.
27943 әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник Самат Айдарбаев мұндай кездесулердің әскери қызметшілер үшін тек мерекелік шара ғана емес, аға буынның өмірлік тәжірибесі мен еңбегіне құрмет білдіру мүмкіндігі екенін айтты.
«Қарттар күнінде біз аға буынға құрмет көрсетіп, олардың еңбегі мен еліміздің дамуына қосқан үлесіне тағзым етеміз. Біз үшін үлкендердің батасын алып, олардың даналыққа толы кеңесіне құлақ асу — үлкен мәртебе», — деді 27943 әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник Самат Айдарбаев.
Қарттар әскери қызметшілерге бейбіт аспан тіледі
Кездесу жылы жағдайда өтті. Әскери қызметшілер үлкендерге құрмет көрсету, олардың білімі мен өмірлік тәжірибесін бағалау ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Орталық тұрғындары өз кезегінде ел тыныштығын күзетіп жүрген әскери қызметшілерге қызметте табыс, зор денсаулық, отбасы амандығын және бейбіт аспан тіледі.
Мұндай кездесулер әскери қызметшілерге аға буын өкілдерімен тікелей жүздесуге мүмкіндік берсе, әлеуметтік мекеме тұрғындары үшін мерекелік көңіл күй мен ерекше назардың белгісі болды.

Абай облысында ардагерлерге алғыс хаттар табысталды
Қарттар күніне арналған құттықтау шаралары Абай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде де өтті.
Департамент бастығы полковник Руслан Омаров өңір ардагерлерін мерекемен құттықтап, оларға алғыс хаттар табыстады және ұзақ ғұмыр тіледі.

Халықаралық қарттар күні әскери бөлімдерде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, еңбек ардагерлеріне және әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттарға құрмет көрсетуге тағы бір мүмкіндік болды.

