ЖИ университеттерді өзгертеді: Астанада жаңа декларация әзірленді

781
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: Gov

Университеттердің моделі өзгермек. Астанада өткен Rectors’ Club: Central Asia+ отырысында жоғары білімнің жасанды интеллект дәуіріне қалай бейімделетіні талқыланып, нәтижесінде Astana AI Declaration 2026 – университеттердің жасанды интеллект жөніндегі Астана декларациясы әзірленді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Сегізінші отырыс «ЖИ-дан кейінгі университеттер: жаңа көшбасшылық, адамдық өлшем және Орталық Азия+ университеттерінің болашағы» тақырыбына арналды. Іс-шараны Almaty Management University (AlmaU) және Qazaq AI Research University ұйымдастырды.

Кездесу Астанада өтіп жатқан AI & Digital Bridge 2026 технологиялық форумының аясында ұйымдастырылды. Биыл Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту білім беру жүйесіндегі негізгі технологиялық бағыттардың біріне айналды.  

Rectors’ Club: Central Asia+ аясында ЖИ дәуіріндегі университеттердің болашағы талқыланды

Университеттер «AI + X» моделіне бет бұрады

QAIRU ректоры Сапар Тоқсанов жасанды интеллектінің дамуы жекелеген жоғары оқу орындарының ғана емес, бүкіл өңір университеттерінің алдына ортақ міндеттер қойып отырғанын атап өтті.

«Бүгінде университеттердің алдында, соның ішінде жасанды интеллектіні дамытуға байланысты елеулі сын-қатерлер тұр. Сондықтан осы сын-қатерлерге ортақ жауап қалыптастыру үшін тәжірибе мен пікір алмасудың маңызы зор. Мемлекет басшысы алдымызға жасанды интеллектіні түрлі бағыттар мен салаларға интеграциялауды көздейтін «AI + X» моделін дамыту міндетін қойды», – деді ректор.

Rectors’ Club: Central Asia+ аясында ЖИ дәуіріндегі университеттердің болашағы талқыланды

Бұл тәсіл ЖИ-ды жеке IT-мамандықпен шектемей, оны басқа білім беру және зерттеу бағыттарымен ұштастыруды көздейді.

QAIRU-дың өзі де осы модельге негізделген. Бұған дейін университеттің алғашқы оқу жылы қалай басталғаны және ЖИ-ды бүкіл оқу процесіне енгізу жоспары жарияланған болатын. Мұнда академиялық бағдарламалар, зерттеу, бизнес және ұлттық AI-платформа бір экожүйеге біріктіріледі.  

«Болашақтың университеті қандай болады?»

AlmaU президенті әрі Rectors’ Club: Central Asia+ негізін қалаушы Асылбек Қожахметов университеттердің міндеті технологияларды оқу процесіне енгізумен аяқталмайтынын айтты.

«Орталық Азия университеттері тек өзара байланыс орнатып, тәжірибе алмасумен шектелмеуі керек. Біз жоғары білім берудің болашағын қалыптастыруға және өңір университеттерінің дамуына бірлесіп үлес қосуымыз қажет. Әр университеттің өзіндік стратегиясы мен даму бағыты бар. Дегенмен бәрімізге ортақ маңызды сұрақ бар: болашақтың университеті қандай болады? Rectors’ Club: Central Asia+ бастамасын құруымыздың негізгі мақсаттарының бірі де осы. Біз тек өз университеттеріміздің дамуына ғана емес, келесі ұрпақтың болашағына да ортақ жауапкершілік арқалаймыз», – деп атап өтті ол.

Жасанды интеллектінің таралуы университеттерге бірнеше мәселені қайта қарауды талап етеді:

  • оқытушының рөлі;
  • студент білімін бағалау тәсілдері;
  • сыни ойлауды дамыту;
  • жаңа кәсіби құзыреттер;
  • академиялық этика;
  • Орталық Азия университеттерінің мәдени бірегейлігі.

Бұл мәселелер «ЖИ жағдайындағы адам және университет» панельдік пікірталасының негізгі тақырыбына айналды.

ЖИ күшейген сайын адамның қандай дағдылары бағаланады

Отырыстың негізгі баяндамашысы – Сакраментодағы Калифорния университетінің білім беру факультетінің профессоры, университеттің бұрынғы Chief AI Officer-ы және «Universities After AI» кітабы авторларының бірі Александр Сидоркин болды.

Оның пікірінше, жасанды интеллект күнделікті және операциялық міндеттердің бір бөлігін орындаған сайын технологияны толықтыратын адами қабілеттердің маңызы артады.

«ЖИ күнделікті және операциялық міндеттердің бір бөлігін өз мойнына алған сайын, адам үшін технологияны толықтыратын дағдыларды дамыту маңызды бола түседі. Олардың қатарында сыни ойлау, басқару, көшбасшылық, шешім қабылдау, шығармашылық және ЖИ құралдарымен тиімді жұмыс істей білу бар», – деді Александр Сидоркин.

Яғни университеттер үшін мәселе студентке ЖИ құралын пайдалануды үйретумен шектелмейді. Негізгі міндеттердің бірі – технология орындай алмайтын немесе адам бақылауын қажет ететін дағдыларды күшейту.

Astana AI Declaration 2026 не үшін қажет

Отырыстың маңызды нәтижелерінің бірі – Astana AI Declaration 2026 құжатын әзірлеу.

Астана декларациясы Орталық Азия университеттерінің жасанды интеллектіні дамыту және жоғары білімді трансформациялау саласындағы ынтымақтастығының ортақ басымдықтарын айқындайды.

Бұл университеттердің ЖИ-ға қатысты жұмысты жеке-жеке жүргізумен шектелмей, өңірлік деңгейде тәжірибе және тәсіл алмасуға ұмтылатынын көрсетеді.

Сонымен бірге AlmaU мен QAIRU ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжат:

  • бірлескен білім беру бастамаларын;
  • ғылыми-зерттеу жобаларын;
  • сараптамамен алмасуды;
  • жасанды интеллект саласындағы жобаларды;
  • кәсіпкерлік бағытындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

ЖИ жоғары білімнің құрылымын өзгертіп жатыр

Қазақстандағы қазіргі AI-күн тәртібінде университеттерге кадр даярлау орталығы ретінде ғана емес, технологияны зерттеу, сынақтан өткізу және нақты өнімге айналдыру алаңы ретінде де мән беріліп отыр.

Бұл бағыт AI & Digital Bridge 2026 аясында ұсынылған Қазақстанның жаңа технологиялық моделінен де көрінеді. Онда AI-Enabled University, есептеу инфрақұрылымы, өнеркәсіптік ЖИ және цифрлық сервистер бір экожүйенің элементтері ретінде қарастырылған.  

Сондықтан университеттер алдындағы негізгі сұрақ енді «ЖИ-ды оқу процесінде қолдануға бола ма?» деген деңгейден шығып барады. Келесі мәселе – оқытушының, студенттің және университеттің өзінің рөлі ЖИ күнделікті құралға айналғанда қалай өзгереді?

Бұған дейін біз AI & Digital Bridge 2026 аясында Қазақстанның қандай технологияларға басымдық беріп отырғанын және QAIRU-дың жаңа білім беру моделіндегі орнын егжей-тегжейлі жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -