Астанада гуманоид роботтар шығарылмақ: жаңа хаб қандай болады

814
Фотосурет: UKIMET

Жасанды интеллект нақты экономикалық нәтиже бере бастады.

AI & Digital Bridge 2026 көрмесінде мұнай өндіруден бастап мемлекеттік қызметтер мен робототехникаға дейінгі салаларда қолданылатын қазақстандық технологиялық жобалар таныстырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ең елеулі нәтижелердің бірін «ҚазМұнайГаз» көрсетті. Компанияның цифрлық телнұсқасы бірнеше сағат ішінде кен орнын игерудің 600–700 сценариін есептей алады, ал соның негізінде қабылданған бір инженерлік шешім шамамен 600 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік берген.

ЖИ мұнай алу коэффициентін 14%-дан 30%-ға жеткізбек

«ҚазМұнайГаз» Шығыс Молдабек кен орнында жасанды интеллект технологияларына негізделген цифрлық телнұсқаны енгізді.

Компанияның басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің айтуынша, жүйе қабаттың, ұңғымалар мен инфрақұрылымның моделін жасап, бірнеше сағат ішінде 600–700 игеру сценариін есептейді. Соның нәтижесінде бұрғылау үшін оңтайлы нүктелер анықталады.

Компания цифрлық телнұсқаның көмегімен Шығыс Молдабектегі мұнай алу коэффициентін 14%-дан 30%-ға дейін көтеруді көздеп отыр.

«Бұған дейін есептеулерге бірнеше ай кететін. Қазір бұл жұмыс бірнеше сағатта атқарылады. Учаскелердің бірінде ЖИ алты тік ұңғыманың орнына екі тік және екі көлденең ұңғыма бұрғылау қажет екенін көрсетті. Осы шешімнің өзі шамамен 600 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік береді», — деді Асхат Хасенов.

Цифрлық телнұсқа 12 кен орнына енгізіледі

Келесі кезеңде технологияны жекелеген кен орнымен шектемей, кеңінен қолдану жоспарланып отыр.

Алдағы бес жылда цифрлық телнұсқаны 12 кен орнына енгізу көзделген. Бұл «ҚазМұнайГаз» өндірісінің 90%-ын қамтуға тиіс.

Компанияның есебі бойынша, технологияны масштабтау қосымша кемінде 2,9 млн тонна мұнай өндіруге мүмкіндік береді.

Демек, жоба тәжірибелік ЖИ құралынан өндірістік шешім қабылдаудың маңызды тетігіне айналуы мүмкін. Негізгі көрсеткіш енді технологияны басқа кен орындарына енгізген кезде 600 млн теңгелік жекелеген үнем мен мұнай алу коэффициентінің өсуін қаншалықты қайталауға болатынына байланысты.

1414-тегі ЖИ 27 мыңға жуық қоңырау қабылдады

Көрмеде азаматтардың күнделікті мемлекеттік қызметтерді алуына тікелей қатысты тағы бір ЖИ шешімі таныстырылды.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 1414 байланыс орталығына жүгінген азаматтарға кеңес беретін виртуалды көмекшіні іске қосты.

Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Арман Кенжегалиевтің айтуынша, қазір виртуалды көмекші:

  • жеке басты куәландыратын құжаттарды алу;
  • жылжымайтын мүлікті тіркеу;
  • заңды тұлғаларды тіркеу;
  • жүргізуші куәлігін алу;
  • әлеуметтік аударымдар бойынша кеңес береді.

Жүйе қазақ, орыс және аралас тілдерде жұмыс істейді.

Виртуалды көмекші осы уақытқа дейін 27 мыңға жуық қоңырау қабылдаған. Оның шамамен 40%-ын бірінші желідегі операторларға бағыттамай, өз бетінше өңдеген.

Яғни виртуалды көмекшіге түскен әр он қоңыраудың шамамен төртеуі оператордың қатысуынсыз аяқталған.

1414 арқылы анықтамалар беру жоспарланып отыр

Виртуалды көмекшінің мүмкіндіктерін кеңейту көзделген. Келесі кезеңде жүйеге динамикалық қызметтерді қосу жоспарланып отыр.

«Жақын арада динамикалық қызметтерді де қосуды жоспарлап отырмыз. Олардың қатарында психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулез диспансерлерінен анықтама алу, азаматтың сотты болуы, әкімшілік айыппұлдар мен Қазақстан аумағынан шығуға қойылған шектеулерді тексеру қызметтері бар», — деді Арман Кенжегалиев.

Бұл жоспар жүзеге асса, виртуалды көмекшінің міндеті қарапайым кеңес берумен шектелмей, азаматтың нақты сұранысына байланысты мемлекеттік қызметтермен жұмыс істеуге қарай кеңейеді.

Астанада гуманоид роботтар өндірілмек

AI & Digital Bridge 2026 көрмесінде таныстырылған тағы бір бағыт — Қазақстанда робототехника индустриясын қалыптастыру.

Qazbot компаниясының бас директоры Владислав Сафаровтың айтуынша, Мемлекет басшысының Шанхайға сапары аясында робототехника саласындағы Unitree компаниясымен стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім жасалған.

Алғашқы кезеңде Астанада жергілікті өңірлік хаб құру жоспарланып отыр.

«Біздің мақсатымыз – Қазақстанда робототехниканың жаңа индустриясын құру. Бірінші кезеңде Астана қаласында жергілікті өңірлік хаб салу жобасын жүзеге асырамыз. Біз өнімнің үш бағытын – гуманоид роботтарды, RobotDogs роботтарын және сауда орталықтары мен қонақүйлерге арналған сервистік роботтар шығарамыз», — деді Владислав Сафаров.

Хабта үш негізгі өнім желісін шығару көзделген:

  • гуманоид роботтар;
  • RobotDogs роботтары;
  • сауда орталықтары мен қонақүйлерге арналған сервистік роботтар.

Әзірге ұсынылған ақпаратта болашақ өндірістің қуаты, инвестиция көлемі және сериялық өндірісті бастау мерзімі көрсетілмеген.

Алғашқы роботтар Астана мен Алматыда сыналады

Пилоттық жоба Астана мен Алматыны қамтиды.

Роботтарды LRT нысандарында, әлеуметтік объектілерде және басқа да орындарда тұрғындарға ақпарат беру үшін пайдалану жоспарланып отыр.

Бұл ретте көрмеде көрсетілген үш технологиялық бағыттың даму кезеңдері әртүрлі. КМГ-ның цифрлық телнұсқасы мен 1414 виртуалды көмекшісінің алғашқы өлшенетін нәтижелері бар. Ал Астанадағы робототехника хабы әзірге өндірісті іске қосуға дайындық кезеңіндегі жоба ретінде ұсынылып отыр.

AI & Digital Bridge 2026-дағы жобалар Қазақстанның ЖИ бағытын тек бағдарламалық сервистермен шектемей, өнеркәсіп, мемлекеттік қызмет және физикалық робототехникаға қатар енгізуге ұмтылып отырғанын көрсетеді. Бұған дейін біз Қазақстанда ЖИ-ді жаппай енгізу кезеңі басталып, форум аясында 60-тан астам жаңа келісімге қол жеткізілгені туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -