13 қылмыстық іс, бес қамау: Қорғаныс министрлігін тексеру не көрсетті

770
Арман Қоржымбаев Бас редактор

Қорғаныс министрлігін тексеру қылмыстық істерге ұласты. Алғашқы кезеңнің өзінде 13 қылмыстық іс қозғалып, Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға қатысты бес лауазымды тұлға қамауға алынды, деп хабарлайды DKNews.kz.

5 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеріп жатқан комиссия мүшелерімен кеңес өткізді. Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева Мемлекет басшысына алғашқы қорытындыларды баяндады.

13 іс тек Маңғыстаудағы оқиғамен шектелмейді

Тексерістің бірінші кезеңінен кейін қылмыстық қудалау органдары мемлекет мүлкін ықтимал талан-таражға салу, қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану және басқа да заң бұзушылықтар бойынша 13 қылмыстық іс қозғады.

Әңгіме Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелердің қызметі туралы болып отыр. Бұл істер бойынша түпкілікті құқықтық бағаны тергеу мен сот береді.

Комиссия әскердегі тәртіп мәселесін де бөлек қараған. Тексеру барысында жарғыға қайшы қарым-қатынас пен әскери қызметшілерге күш қолданудың жекелеген фактілері анықталып, олар бойынша да қылмыстық істер қозғалған.

Тексеру ауқымы бір оқиғаның себептерін анықтаудан әлдеқайда кең. Әскери қызметшілердің қауіпсіздігі, қызмет өткеру жағдайы, тылдық қамтамасыз ету, тәрбие жұмысы мен бөлімдердегі тәртіп те қаралып жатыр.

Маңғыстаудағы трагедия бойынша бес адам қамауда

Комиссия Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаға алып келген дайындық пен басқару тізбегін де зерттеген.

Алдын ала қорытынды бойынша оқу-жаттығуды дайындау және жоспарлау кезінде тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында елеулі кемшіліктер болған.

Қолбасшылық құрамның ықтимал қылмыстық салғырттығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Бес лауазымды тұлға қамауға алынды. Олардың әрекетіне соңғы құқықтық баға тергеу аяқталғаннан кейін беріледі.

Ақорда жариялаған мәліметте трагедия Қарулы күштерде жылдар бойы жиналған жүйелік проблемаларды ашып көрсеткені айтылады. Алдын ала қорытынды әскери іс-шараларды жоспарлауда елеулі қателіктер болғанын және бұрынғы басшылық тарапынан тиісті бақылау жетіспегенін көрсеткен.

Тоқаев жауапкершілікті заң аясында анықтауды тапсырды

Президент алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанын айтты. Сонымен бірге әскери қызметшілердің қазасына кінәсі заңмен дәлелденген барлық лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылуға тиіс екенін мәлімдеді.

Бұл мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауында.

Қорғаныс ведомствосындағы кадрлық өзгерістер тексеріс қорытындысы жарияланғанға дейін басталған еді. 3 қазанда Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі бірқатар жоғары лауазымды басшыларды қызметтен босатты. Біз бұған дейін Бас штаб, Қорғаныс министрлігі басшылығы және Әскери-теңіз күштеріндегі осы өзгерістер туралы жазған едік.

Тексеру нәтижесі әскери реформа жоспарына кіреді

Қасым-Жомарт Тоқаев комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірге анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Бұл ұсыныстар Қарулы күштерді реформалау жоспарына енгізілуге тиіс.

Жоспардағы негізгі талаптардың бірі — әскери тәртіпті күшейту, әскери қызметшілердің қауіпсіздігін арттыру және қызмет өткеру жағдайын жақсарту. Сонымен бірге тексеру армияның күнделікті жауынгерлік әзірлігіне кедергі келтірмеуі керек.

Президент Маңғыстаудағы оқиғадан кейін-ақ армияға түбегейлі реформа қажет екенін айтқан болатын. Сол кезде Мемлекет басшысы жаңа қорғаныс министріне әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын қорғауды басым міндет ретінде қойған. Бұған дейін біз Қарулы күштерді түбегейлі реформалау жөніндегі президент тапсырмалары туралы да жазғанбыз.

Комиссия жұмысы әлі аяқталған жоқ. Бірақ алғашқы кезеңнің өзінде 13 қылмыстық іс, бес қамау және болашақ әскери реформаның негізіне айналатын жүйелік кемшіліктер тізімі пайда болды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -