Михаил Кравец бастаған астаналық «Барыс» ҚХЛ-дағы маусымды қызық бастап отыр. Тұрақты чемпионат басталғалы бір ай өтті: қазақстандық клуб 12 матч өткізіп, оның бесеуін өз алаңында, жетеуін сыртта ойнады.
Әрине, 12 кездесу бүкіл маусымға баға беруге жеткіліксіз. Бірақ «Барыстың» қазіргі ойынында қай үрдістер орныға бастағанын көруге бұл аралықтың өзі жетеді. Оның үстіне астаналықтар маусымды соншалық қарқынды бастады, кейбір көрсеткіштер бірден назар аудартады.
«Барыс» ХК
12 матчтан кейін «Барыстың» еншісінде 14 ұпай бар. Команда Шығыс конференциясында төртінші, жалпы лигада сегізінші орында келеді.
Астаналықтар негізгі уақытта бес рет жеңіске жетті. «Нефтехимикті» овертаймда ұтса, мәскеулік «Спартактан» буллит сериясында басым түсті. Тағы бес кездесу жеңіліспен аяқталды.
Ал шабуыл жағынан «Барыстың» көрсеткіші әзірге лигада үздік: команда 47 шайба соқты. Бір матчқа шаққанда бұл орта есеппен 3,92 гол деген сөз.
«Барыс» ХК
Плей-офф аймағындағы берік негіз
«Барыстың» маусым басындағы басты артықшылықтарының бірі — команда бір ғана ойын сценарийіне тәуелді емес.
«Барыс» ХК
Мұны соңғы сырт алаңдағы кездесулер анық көрсетті. Екінші сапарға дейін астаналықтар барлық жеңісін негізгі уақытта алған еді. Яғни команда ойынды 60 минуттың ішінде шешуге қабілетті екенін көрсетті.
Кейін «Нефтехимикті» овертаймда, «Спартакты» буллитпен жеңуі тағы бір қырын ашты: «Барыс» тең ойынның өзінде соңына дейін ұпай үшін таласа алады.
«Барыс» ХК
Команда екі матчта қақпасына мүлде шайба жібермеді. Тольяттидегі «Ладаға» қарсы ойында қақпашы Шепард ҚХЛ-дағы алғашқы «құрғақ» матчын өткізді, ал кездесу 0:6 есебімен аяқталды.
Екінші шатаут әлдеқайда әсерлі болды. «Барыс» сырт алаңда ҚХЛ-дың қазіргі чемпионы «Локомотивті» 0:5 есебімен ойсырата жеңді. Бұл ярославльдік клубтың маусымдағы алғашқы жеңілісі еді.
Шабуылдағы тұрақтылық та байқалады. «Барыс» осы 12 матчтың тек біреуінде ғана гол соға алмады — Магнитогорскідегі кездесуде.
«Барыс» ХК
Кезеңдер бойынша статистикада да үлкен құлдырау жоқ. Бірінші және үшінші кезеңдердегі көрсеткіш бойынша «Барыс» лигада бесінші орында, екінші кезеңде — сегізінші. Яғни команданың ең әлсіз кезеңінің өзі турнирлік кестенің жоғарғы бөлігіне сәйкес келеді.
«Барыс» ХК
Үйдегі мұз әзірге басты мәселе болып тұр
Маусым басындағы «Барыстың» ең мықты қаруы — сырт алаңдағы ойын.
Қонақта өткізген жеті кездесудің бесеуінде команда жеңіске жетіп, 10 ұпай жинады. Бұл — ҚХЛ-дағы үшінші нәтиже.
«Барыс» ХК
Тәртіп жағынан сұрақтар бар: сырт алаңда «Барыс» 51 минут айып уақытын жинаған. Бірақ қарсыластары астаналықтарға қарсы ойында 72 минут айып алған. Бұл «Барыстың» қарсыласқа қысым жасап, оны ереже бұзуға мәжбүрлей алатынын көрсетеді.
Үйдегі көрініс мүлде бөлек.
Екінші үй сериясында «Нефтехимик» пен СКА-ға қарсы қатар өткен екі матчта «Барыс» жалпы 11 шайба өткізіп алды.
Өз мұзындағы бес кездесуде команда небәрі төрт ұпай жинаған. Маусым басындағы басты парадокс та осында.
«Барыс» ХК
Мәселе шабуылда емес. «Барыс-Аренада» команда 22 гол соқты, бірақ 21 шайба өткізіп алды. Үйде бір матчқа шаққандағы орташа нәтиже — 4,2 шайба.
Салыстыру үшін, шайба айырмасы үйде небәрі +1, ал сырт алаңда +10.
Яғни шабуыл екі жағдайда да жұмыс істеп тұр. Айырмашылық қорғаныстың сенімділігінде.
«Барыс» ХК
Тәртіп те шешуші проблемаға айналған жоқ: үйде «Барыс» 48 минут айып алса, қарсыластары 62 минут айыпта отырды. Сондықтан жағдайды түбегейлі өзгерту үшін бүкіл ойын жүйесін қайта құру қажет емес. Ең алдымен өз алаңындағы қорғаныс пен тұрақтылықты реттеу керек.
Сырт алаңдағы мықты негіз қазірдің өзінде бар. Егер соған үйдегі тұрақты ұпай қосылса, «Барыстың» турнирлік жағдайы айтарлықтай өзгеруі мүмкін.
«Барыс» ХК
Көпшілік құрамда ойнағанда төрт гол жіберген
Команданың жалпы жақсы көрсеткіштерінің арасында бір мәселе бірден көзге түседі — сан басымдығын пайдалану.
«Барыс» көпшілік құрамдағы мүмкіндіктерінің 18,6 пайызын голға айналдырған. Бұл көрсеткіш бойынша команда лигада 13-орында.
«Барыс» ХК
Азшылықта қарсыластың шабуылын бейтараптандыру деңгейі — 78,9 пайыз, яғни ҚХЛ бойынша 11-орын.
Екі көрсеткіш те шамамен лиганың орта тұсына сай келеді. Бірақ үйдегі жеңілістерде көпшіліктің тиімділігі жетіспегені анық байқалды.
Одан да қызық статистика бар: бір айдың ішінде «Барыс» өзі көпшілік құрамда ойнап жатып төрт шайба өткізіп алған.
Алғашқы жағдай «Амурмен» кездесуде болды — қарсылас шайбаны бос қақпаға түсірді. Қалған үш голда қарсылас бір ойыншысы кем күйде ойнап жатқан.
Мұндай эпизодтар «Нефтехимик» пен СКА-ға қарсы екі үй матчында және «Спартакпен» сырт алаңдағы кездесуде тіркелді.
«Барыс» ХК
Жалпы «Барыс» 36 шайба өткізіп алған болса, соның төртеуі — қарсылас азшылықта ойнап тұрғанда соққан голдар. Бұл барлық жіберілген шайбаның шамамен 11 пайызы.
Тағы бір назар аударарлық жайт: үйдегі үш жеңілістің әрқайсысында осындай эпизод болған.
Шабуыл бір ғана лидерге байланған жоқ
«Барыс» қарсылас қақпасына барлығы 383 дәл соққы жасап, оның 47-сін голға айналдырған. Соққыларды жүзеге асыру көрсеткіші шамамен 12,3 пайыз.
Команданың тағы бір артықшылығы — нәтижелілік бір хоккейшіге немесе бір ғана үштікке тәуелді емес.
Маусым басындағы ең жарқын ойыншы — Джастин Бэйли. Америкалық шабуылшы 12 матчта 14 ұпай жинады: сегіз гол және алты нәтижелі пас. Ол команданың әрі үздік сұрмергені, әрі үздік бомбардирі.
Бірақ оның артында да бірден бірнеше нәтижелі хоккейші тұр.
«Барыс» ХК
Гарретт Пилон мен Семен Симоновтың еншісінде 11 ұпайдан бар: екеуі де алты гол соғып, бес нәтижелі пас берген.
Всеволод Логвин де 11 ұпай жинады — төрт гол және жеті пас.
Қорғаушы Логан Дэйдің еншісінде тоғыз ұпай: екі гол және жеті нәтижелі пас.
Тайс Томпсон бес шайба соқты. Мэйсон Морелли сегіз нәтижелі паспен ерекшеленсе, Чейз Прискидің еншісінде жеті ассист бар.
Бірнеше хоккейшінің бірден он және одан да көп ұпайға жақындауы ұзақ маусым үшін бағалы белгі. Нәтиже әр буынға бөлінген сайын команда бір лидерге азырақ тәуелді болады.
Логвин және жас үштік
Маусым басындағы ең қызық ойыншылардың бірі — Всеволод Логвин.
12 кездесуде 11 ұпай. Бір матчқа шаққанда бір ұпайға жуық көрсеткіш.
«Барыс» ХК
Орталық шабуылшы төрт шайба соғып, жеті нәтижелі пас берді. Демек оның пайдасы тек шабуылды аяқтауда емес, комбинацияны бастау мен жалғастыруда да көрінеді.
Логвин, Семен Симонов және Кирилл Ляпунов жеткілікті ойын уақытын алып жүр. Бұл жас үштік кей матчтарда нәтижеге тікелей әсер ете бастады.
Симонов пен Логвин «Барыстың» үздік бес бомбардирінің қатарына кіреді. Симонов сұрмергендер арасында алғашқы үштікте, Логвин гол саны бойынша бесінші орында.
Қорғаныстағы жұмыс та назар аудартады. Симонов алты рет шайба тартып алған, Логвинде — төрт, Ляпуновта — екі.
Симонов пен Логвин әзірге бірде-бір рет айып алаңына барған жоқ. Ляпуновтың еншісінде небәрі екі минут айып уақыты бар.
Логвин мұз айдынында орта есеппен 15 минут 15 секунд өткізеді. Ол бетпе-бет тастаулардың 52,2 пайызын жеңіп, командада осы көрсеткіш бойынша көш бастап тұр — 81 жеңіс.
Симоновтың орташа ойын уақыты — 14:45, Ляпуновтікі — 11:07. Соған қарамастан Ляпунов қазірдің өзінде команданың үздік он бомбардирінің қатарына кірді.
Үшеуінің ойын мәнері әртүрлі қалыптасып келеді. Бірі шайбаны қайтарып алады, екіншісі шабуылды жалғастырады, үшіншісі қауіпті сәт жасайды. Олардың пайдасы тек гол мен нәтижелі пастан тұрмайды.
«Барыс» ХК
«Барыстың» әзірге екі бет-бейнесі бар
12 матч, 14 ұпай, Шығыс конференциясындағы төртінші орын, лигадағы сегізінші нәтиже және шайба айырмасындағы +11.
Сырт алаңдағы көрсеткіш бойынша «Барыс» ҚХЛ-да үшінші орында. Өткен маусымда жүйесін қайта құруға кіріскен команда үшін бұл — жаман бастама емес.
Бірақ қазір «Барыстың» екі түрлі бейнесі бар.
«Барыс» ХК
Сырт алаңда команда ұпай жинайды, қысымға төтеп береді және матч соңын өз пайдасына шеше алады. Үйде сол тұрақтылық жетіспейді.
Алдағы міндеттер де анық: өз мұзындағы сенімділікті қайтару, көпшілік құрамда қарсы шабуылдан гол жібермеу және сан басымдығын тиімдірек пайдалану.
Бұл үшін команданың ойын моделін төңкеріп тастау қажет емес. Өйткені шабуыл жұмыс істеп тұр, гол соғатын ойыншылар жеткілікті, бірнеше буын бірдей нәтиже бере алады.
Ендігі сынақ — осының бәрін тұрақты нәтижеге айналдыру.
«Барыс» ХК
«Барыс» алдағы үш кездесуін өз алаңында «Авангард», «Сибирь» және «Автомобилистке» қарсы өткізеді.
Одан кейін команданы ұзақ әрі ауыр сапар күтеді. Астаналықтар қатарынан тоғыз сырт алаңдағы матчқа шығады: «Сибирь», «Амур», «Адмирал», «Автомобилист», Минскінің «Динамосы», «Шанхайские драконы», «Трактор», одан кейін Қиыр Шығыста тағы «Адмирал» мен «Амурға» қарсы ойнайды.