Өскеменде Ұлан ауданындағы заңсыз алтын өндіру ісі бойынша үкім шықты. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалы директорының бұрынғы орынбасары А.А. Рахымжанов пен Д.М. Нұртазин төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс Шыбынды учаскесіне қатысты. Тергеу материалдарына сәйкес, алтын өндіру үшін олардың бақылауындағы «EastGoldStone» ЖШС пайдаланылған. Компанияның қатты пайдалы қазбаларды тек барлауға арналған лицензиясы болған.
Ал учаскеде іс жүзінде ауыр техника қолданылып, толыққанды өндіру жұмыстары жүргізілген. Жұмысқа экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар және алтын жууға арналған жабдық тартылған.
844 млн теңгеден астам алтын өндірілген
Заңсыз өндірілген алтынның көлемі 15 келіден асқан. Оның құны 844 млн теңгеден жоғары деп бағаланған.
Тергеу барысында 6,7 келі алтын және 579 грамм күміс тәркіленді. Олардың жалпы құны 382 млн теңге болған.
18,2 гектар жер бүлінген
Істің салдары өндірілген алтынның құнымен ғана шектелмейді.
Заңсыз жұмыстар нәтижесінде 18,2 гектар жер зақымдалған. Сонымен бірге мемлекеттік орман қорына жататын ағаштар мен бұталар жойылып, бүлінген.
Экологиялық залалды жою үшін қажет қалпына келтіру жұмыстарының құны 300 млн теңгеден асты.
372 млн теңгенің мүлкі тәркіленді
Сот шешімімен жалпы құны 372 млн теңге болатын мүлік тәркіленді.
Оның ішінде төрт жүк көлігі, екі экскаватор, екі тиегіш және гидрожуу құрылғысы бар.
Бұдан бөлек, 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша тәркіленген.
А.А. Рахымжанов пен Д.М. Нұртазинге төрт жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Біз бұл істің қалай басталғанын бұған дейін де жазған едік. 2025 жылғы қазанда Қаржы мониторингі агенттігі Шыбынды учаскесіндегі заңсыз алтын өндіру схемасы, «EastGoldStone» ЖШС және тергеу кезінде тәркіленген 6,7 келі алтын туралы хабарлаған. Ол кезде күдіктілер қамауға алынып, тергеу жалғасып жатқан. Енді іс сот үкіміне дейін жетті.