Алпыс жыл бұрын Алматыда құрылған 5449 әскери бөлімнің тарихы еліміздің қоғамдық өміріндегі маңызды оқиғалармен астасып жатыр. Әр жылдары оның әскери қызметшілері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, мемлекеттік маңызы бар міндеттерді орындауға қатысты. Бүгінде сол жауынгерлік дәстүр Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы құрамында жалғасып келеді.
Әскери бөлім тарихынан сыр шерткенде, алпыс жылдың жай ғана жылдар тізбегі емес екенін аңғаруға болады. Бұл – бірнеше буын әскери қызметшілерінің ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбегі, күрделі кезеңдерде қабылдаған шешімдері, қызметтік міндетті орындау барысындағы табандылығы мен жауапкершілігі.
Оның тарихы 1966 жылдан басталады. Сол жылы Алматы қаласында жеке арнайы моторландырылған милиция батальонын құру туралы шешім қабылданып, әскери бөлімді жасақтау жұмыстары басталды. Кейін бөлімнің ұйымдық құрылымы бірнеше рет өзгеріп, атауы да уақыт талабына сай жаңарып отырды. Алғашқы командирі болып майор И.Ф. Чеканов тағайындалды. 1966 жылғы 30 қыркүйек әскери бөлімнің құрылған күні ретінде белгіленді.
Бөлімнің алғашқы жылдарындағы қызметтік тәжірибе оның кейінгі қалыптасуына үлкен ықпал етті. 1967 жылдың жазында әскери қызметшілер Шымкент қаласына іссапарға жіберіліп, қоғамдық тәртіпті қорғау және қылмыспен күресті күшейту жөніндегі міндеттерді орындады. Сол кезеңде олар 42 қылмыскер мен қоғамдық тәртіпті бұзған 1498 адамды ұстауға қатысты.
Уақыт өте келе әскери құрылымның атауы мен ұйымдық жүйесі жаңарды. 1987 жылы бөлім КСРО ІІМ-нің 7 арнайы моторландырылған милиция полкі болып қайта аталды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін құрылым Ішкі әскерлер құрамында қызметін жалғастырды.
2013 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Алматы құрамасы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы болып қайта аталды. Ал 2014 жылғы 21 сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері Ұлттық ұлан болып қайта құрылды.
Бүгінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамында 11 әскери бөлім бар. Олар Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Алатау және Түркістан қалаларында орналасқан.
Атауы мен құрылымы өзгергенімен, әскери қызметтің негізгі мәні өзгерген жоқ. Қоғамдық тәртіпті қорғау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлар кезінде халыққа көмек көрсету – бүгін де ұландықтардың басты міндеттерінің қатарында.
Тағылымы терең әскери бөлімнің әскери қызметшілері жаңа міндеттерді орындаумен қатар, халықаралық оқу-жаттығулар мен ауқымды іс-шараларда кәсіби даярлығын шыңдай түсті.
Атап айтсақ, 2006 жылы Алматыда өткен халықаралық саммит кезінде 5571 әскери бөлімінің жеке құрамы форумға қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарында 5571 және 5572 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері жарыстар өткен нысандарда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті. 2017 жылы Алматыда өткен Дүниежүзілік қысқы Универсиада кезінде де жеке құрамға ауқымды міндеттер жүктелді.
Сонымен бірге табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде әскери қызметшілер халыққа көмек көрсетіп келеді. 2019 жылы Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймаларындағы жарылыстан кейін 6506 әскери бөлімінің 500-ден астам әскери қызметшісі мен ондаған техникасы эвакуациялау, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың мүлкін күзету жұмыстарына жұмылдырылды. 2020 жылы Мақтаарал ауданындағы су тасқынының салдарын жоюға 500-ден астам әскери қызметші қатысты.
Сол жылы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары арасында бірінші орынға ие болды. Бұл нәтиже жеке құрамның жауынгерлік әзірлігі мен кәсіби даярлығының деңгейін көрсетті.
2022 жылғы қаңтар оқиғалары «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірі болды. 4 қаңтардан бастап жеке құрам оңтүстік өңірдегі қалаларда конституциялық тәртіпті қамтамасыз ету және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жөніндегі міндеттерді орындады.
Әскери қызметшілер тәулік уақытына қарамастан, күрделі жағдайда қызмет атқарды. Олардың бірқатары ордендермен және медальдармен марапатталды. Қатардағы жауынгерлер Айбат Аманов пен Мадияр Қайсаров III дәрежелі «Айбын» орденімен қаза болғаннан кейін марапатталып, әскери бөлімдердің жеке құрамы тізіміне мәңгілікке енгізілді.
Осылайша әскери бөлімнің тарихы талай өзгерісті бастан өткерді. Қоғам өзгерді, елдің мемлекеттік жүйесі жаңарды, әскери құрылым қайта ұйымдастырылды. Бірақ бір құндылық өзгеріссіз қалды. Ол – халықтың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау және әскери антқа адал болу.

Бүгінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері алдыңғы буын қалыптастырған дәстүрді жалғастырып келеді. Олар қоғамдық тәртіпті қорғау, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың салдарын жою және жауынгерлік даярлықты жетілдіру бағытындағы міндеттерін атқаруда. 2025 жылы өңірлік қолбасшылықтың бөлімшелері ҰҚШҰ-ның «Кобальт-2025» халықаралық арнайы оқу-жаттығуына қатысып, жоғары даярлық пен өзара іс-қимылдың тиімділігін көрсетті.
Сонау жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында алғашқы арнайы моторландырылған милиция батальонынан бүгінгі заманауи әскери құрылымға дейін үлкен жол жүрілді.Сол жолда талай жауынгерлік тапсырма орындалды, талай әскери қызметші Отан алдындағы борышын абыроймен атқарды.
Әскери тарихтың құндылығы да осында. Өткенді білу келешек ұрпаққа қалыптасқан жауынгерлік дәстүрдің мәнін түсіндіру. Бүгін сапта тұрған жас сарбаздар мен офицерлер кешегі буынның тәжірибесін жалғастырып, оны жаңа заманның талаптарымен ұштастыруы тиіс.
Подполковник Бақыт Әліпбаев, Алматы қаласы