Жапонияда V Азия Пара ойындары басталды. 18 қазанда Нагоя қаласындағы «Мидзухо» жеңіл атлетика стадионында жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ресми ақпаратқа сәйкес, биыл құрлықтық додаға 45 елден 4 мыңға жуық спортшы қатысады. Қазақстан намысын 12 спорт түрінен 150 атлет қорғайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ашылу салтанатында қатысушы мемлекеттердің ұлттық құрамалары стадионға сап түзеп шықты. Қазақстанның Мемлекеттік туын алып жүру құрметі Дастан Мұқашбеков пен Аяла Мерекеге берілді.

Қазақстан туын кімдер алып шықты?
Дастан Мұқашбеков – Парижде өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері және 2023 жылғы Ханчжоу Азия Пара ойындарының чемпионы.
Ал Аяла Мереке – пара дзюдодан әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері.
Дастан Мұқашбеков Қазақстан туын халықаралық аренада алып шығудың өзі үшін ерекше мәні бар екенін айтты.
«Осындай ауқымды халықаралық аренада Қазақстанның Мемлекеттік туын алып шығу — мен үшін үлкен мәртебе. Кезінде мен де теледидардан өзім сияқты спортшылардың өнер көрсеткенін көріп, спортқа келген едім. Олардың жетістіктері мені жігерлендіріп, спорттағы жолымды бастауға шабыт берді. Бүгінде біз өз еліміздің намысын халықаралық аренада қорғап жүрміз. Біздің өнерімізді көрген өзге де жандар паралимпиадалық спортпен айналысуға ынталанып, өз күшіне сеніп, жаңа биіктерді бағындыруға ұмтылады деп үміттенемін», — деді Дастан Мұқашбеков.
Қазақстан құрамасы 150 спортшыға дейін ұлғайды
Биылғы Азия Пара ойындарына Қазақстаннан 150 спортшы қатысады. Бұл 2023 жылы Ханчжоуда өткен IV Азия Пара ойындарымен салыстырғанда 19 атлетке көп.
Ол кезде Қазақстан құрамасында 131 спортшы болған.
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басқарма басшысы Марат Қасқырбаев ұлттық құраманың кеңеюін паралимпиадалық спортқа көрсетіліп жатқан қолдаумен байланыстырды.
«Қазақстан Азия Пара ойындары өз бастауын алғалы тұрақты қатысып келеді. Әр төрт жыл сайын ұлттық құрамамыздың қатары көбейіп келе жатқандығы ерекше қуантады. Мәселен, Ханчжоуда өткен IV Азия Пара ойындарында Қазақстан атынан 131 спортшы сынға түссе, биыл еліміздің намысын 150 спортшы қорғайды. Бұл Қазақстанда паралимпиадалық спорттың жүйелі түрде дамып, мүгедектігі бар спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктердің кеңейіп келе жатқанын айқын белгісі. Бұл бағытта мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың маңызы зор. Соның бірі — 2025 жылы заңнамалық деңгейде I топтағы мүгедектігі бар спортшыларды сүйемелдейтін тұлғалардың мәртебесі бекітіліп, оларды мемлекет есебінен сүйемелдеу мүмкіндігінің қарастырылуы. Аталған қолдау шараларын жүзеге асыруға 2025–2027 жылдарға тиісті қаржы бөлінген. Биылғы Азия Пара ойындарына ұлттық құрамамен бірге 38 сүйемелдеуші тұлға келді. Мұндай шаралар спортшылардың халықаралық жарыстарға толыққанды қатысуына қажетті жағдай жасап, олардың жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізуіне қосымша мүмкіндік береді», — деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басқарма басшысы Қасқырбаев Марат Дайырұлы.
Осылайша, биыл Қазақстан құрамасымен бірге 38 сүйемелдеуші тұлға Жапонияға барған. Олардың қатысуы спортшылардың жарысқа дайындалуына және күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан спортшылары қандай жарыстарға қатысады?
V Азия Пара ойындарында Қазақстан өкілдері 12 спорт түрінен сынға түседі:
- Пара жеңіл атлетика.
- Пара жүзу.
- Пара дзюдо.
- Пара таеквондо.
- Пара пауэрлифтинг.
- Пара үстел теннисі.
- Пара оқ ату.
- Пара садақ ату.
- Пара велоспорт.
- Отырып ойнайтын волейбол.
- Бочча.
- Арбадағы теннис.
Бұл тізімдегі ерекше жаңалық – Қазақстан құрамасының арбадағы теннистен Азия Пара ойындарына алғаш рет қатысуы.

Қазақстан арбадағы теннистен алғаш рет бақ сынайды
Арбадағы теннис Қазақстанда дамып келе жатқан паралимпиадалық спорт түрлерінің бірі. Биыл қазақстандық спортшылар осы дисциплина бойынша Азия Пара ойындарында алғаш рет өнер көрсетеді.
Ұлттық құрама спортшысы Айжан Бутимбаева бұл оқиғаны команда үшін тарихи кезең деп атады.
«Биыл Қазақстан Азия Пара ойындарында арбадағы теннистен алғаш рет бақ сынап отыр. Бұл — біздің команда үшін тарихи сәт. Елімізде арбадағы теннис енді ғана қарқын алып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Дегенмен осы қысқа уақыт ішінде спортшыларымыз халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізді. Енді міне, Азия Пара ойындарында алғаш рет өнер көрсеткелі отырмыз. Бұл — біз үшін үлкен жетістік әрі жаңа белес. Алдағы уақытта Паралимпиада ойындарына да қатысып, Қазақстанның намысын абыроймен қорғаймыз деп сенеміз», — деді арбадағы теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы Айжан Бутимбаева.
Жаңа спорт түрінің бағдарламаға қосылуы Қазақстан құрамасының халықаралық жарыстардағы қатысу аясын кеңейтіп отыр. Алдағы нәтижелер бұл бағыттың даму деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.
Ашылу салтанатының басты идеясы қандай болды?
Нагоядағы салтанатты рәсімнің шығармашылық тұжырымдамасы WABI — We Are Beautiful Individuals деп аталды. Оның мағынасы – «Әрқайсымыз өз даралығымызбен әдеміміз».
Ұйымдастырушылар бұл идеяны Аичи өңіріндегі дәстүрлі шай рәсімімен байланысты жапон халқының «ваби» философиясымен ұштастырған.
Тұжырымдаманың негізгі мәні – адамның даралығын құрметтеу және баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам идеясын дәріптеу.
Бұл ұстаным Азия Пара ойындарының спорттық бәсекемен қатар қоғамдағы тең мүмкіндік пен өзара құрмет құндылықтарын насихаттайтын халықаралық алаң екенін көрсетеді.
502 медаль жиынтығы сарапқа салынады
V Азия Пара ойындарының бағдарламасына барлығы 18 спорт түрі енгізілген. Жарыс барысында 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Бәсекелер 24 қазанға дейін Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласындағы спорт нысандарында өтеді.
Қазақстандық спортшылар қатысатын жарыстарды Qazsport телеарнасынан көруге болады.

Қазақстан өткен Азия Пара ойындарында қандай нәтиже көрсетті?
2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы 41 медаль жеңіп алған болатын.
Оның ішінде сегіз алтын, 12 күміс және 21 қола жүлде бар. Қазақстан командалық есепте 11-орынға тұрақтады.
Сол жарыста Дастан Мұқашбеков пара жеңіл атлетикадан алтын медаль жеңіп алып, Азия Пара ойындарының рекордын жаңартқан еді. Енді ол Жапониядағы жарыстың ашылу салтанатында Қазақстан туын алып шықты.
Бұған дейін біз Қазақстан құрамасының Ханчжоудағы IV Азия Пара ойындарын 41 медальмен аяқтағаны туралы жазған едік. Биыл ұлттық құраманың қатары 150 спортшыға дейін ұлғайып, ел атлеттері жаңа спорт түрінен де бақ сынауға кірісті.
