- Бірнеше несиені бір тәртіппен реттеуге болады. Қазақстанда банктер мен микроқаржы ұйымдарына бір мезгілде қарызы бар азаматтарға арналған жаңа жүйе іске қосылды. Алайда оны кез келген борышкер пайдалана алмайды. Ал келісілген құжаттарға қол қою үшін небәрі 72 сағат беріледі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде Finkelisim.kz бірыңғай цифрлық платформасы жұмыс істейді. Жүйе бірнеше кредитор алдында кепілсіз тұтынушылық несиелері бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға арналған.
6,9 млн теңгеге дейінгі қарызды бір өтінішпен реттеуге болады
Бұған дейін бірнеше несиесін төлей алмай жүрген азамат әр банкпен немесе микроқаржы ұйымымен жеке келіссөз жүргізуге мәжбүр болатын. Енді белгіленген талаптарға сай келетін қарыздарды бір рәсім аясында реттеуге мүмкіндік бар.
Finkelisim.kz платформасы «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейді. Азамат бір өтініш береді, ал берешек туралы ақпарат тиісті кредиторларға жолданады.
Келіссөз нәтижесінде қарыз алушыға барлық берешекті өтеудің бес жылға дейінгі бірыңғай кестесі ұсынылуы мүмкін. Әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін бұл мерзім жеті жылға дейін ұзартылуы мүмкін.
Алайда платформаға қатысу үшін үш талаптың барлығы орындалуы тиіс:
- Кемінде екі кредитор алдындағы қарыздың төлем мерзімі 90 күнтізбелік күннен артық кешіктірілген болуы керек.
- Жалпы берешек 150-ден 1600 АЕК-ке дейін болуы тиіс. 2026 жылғы мөлшермен есептегенде, бұл 648 750 теңгеден 6 920 000 теңгеге дейін.
- Қарыз бойынша соттың өндіріп алу туралы шешімі, нотариустың атқарушылық жазбасы немесе мәжбүрлеп өндіріп алудың басқа шаралары болмауы қажет.
Осы талаптардың бірі орындалмаса, борышкер ұжымдық реттеу рәсіміне қатыса алмайды.
Құжаттарға қол қоюға небәрі 72 сағат беріледі
Қарыз туралы мәліметтер тексеріліп, кредиторлармен шарттар келісілгеннен кейін азаматқа құжаттар пакеті ұсынылады. Оның ішінде бірыңғай төлем кестесі мен медиациялық келісімдер болады.
Құжаттарға 72 сағат ішінде қол қою қажет.
Белгіленген мерзімде қол қойылмаса, бұл рәсімге қатысудан бас тарту ретінде есептеледі.
Келісімдер рәсімделгеннен кейін кредиторлар реттеуге енгізілген қарыздар бойынша өндіріп алу әрекеттерін тоқтата тұрады.
Одан әрі азамат бірыңғай кестеге сәйкес төлем жасайды. Платформа түскен қаражатты кредиторлар арасында берешек мөлшеріне қарай пропорционалды түрде бөледі.
Дегенмен жаңа кестені де бұзуға болмайды. Егер төлем 40 күннен артық кешіктірілсе, кредитор заңда белгіленген тәртіппен қарызды өндіріп алуды қайта бастауға құқылы.
Ұжымдық реттеу рәсімінен қайта өтуге мүмкіндік берілмейді.
2027 жылға дейін қарызды реттеу рәсімі тегін
Платформа арқылы өтініш беру және ұжымдық реттеу рәсіміне қатысу қарыз алушы үшін тегін.
Рәсімге медиатор қатысады. 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін оның қызметіне байланысты шығындарды банк және микроқаржы омбудсмандары өтейді.
Сондықтан азаматтарға банктермен келісіп береміз немесе қарыздан құтқарамыз деп ақы сұрайтын делдалдарға жүгінудің қажеті жоқ.
Дегенмен жаңа механизм барлық несиеге қолданылмайды.
Оған ипотекалық және автокредиттер, кәсіпкерлік қызметке байланысты алынған қарыздар, сондай-ақ алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер кірмейді.
Бұдан бөлек, мерзімді әскери қызметке байланысты төлемі кейінге қалдырылған жекелеген несиелер, медиациялық келісімі бұрыннан бар берешектер және банкроттық немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері қолданылып жатқан қарыздар да бұл жүйе арқылы реттелмейді.
Банк қарыз алушының өтінішіне 15 күн ішінде жауап беруі тиіс
Егер азамат Finkelisim.kz платформасының талаптарына сәйкес келмесе, берешекті реттеудің қолданыстағы тәртібін пайдалана алады.
Қаржылық қиындыққа тап болған қарыз алушы банкке, микроқаржы ұйымына немесе коллекторлық агенттікке несие шарттарын өзгерту туралы өтініш беруге құқылы.
Өтінішке төлем қабілетінің төмендегенін растайтын құжаттар қоса тіркеледі.
Мысалы, жұмыстан босатылғаны туралы құжат, уақытша еңбекке жарамсыздық анықтамасы, мүгедектікті растайтын мәліметтер, жақын туысының сырқаттанғаны немесе материалдық шығынға ұшырағаны жөніндегі құжаттар ұсынылуы мүмкін.
Кредитор өтінішті 15 күнтізбелік күн ішінде қарап, шешім қабылдауы керек.
Егер банк ұсынған талаптар қарыз алушыны қанағаттандырмаса немесе өтініш қабылданбаса, омбудсманға жүгінуге болады.
Банк несиелері бойынша банк омбудсманының сайты, ал микрокредиттер бойынша микроқаржы омбудсманының сайты арқылы өтініш қабылданады.
Екі омбудсманның да қызметі тегін. Олардың шешімдері банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін міндетті.
Бірақ омбудсманға жүгінер алдында азамат кредиторға ресми өтініш беріп, оның жауабын алуы қажет.
Банкроттық қарыздан құтқаруы мүмкін, бірақ бес жыл несие алуға шектеу қойылады
Егер азаматтың табысы қарызын өтеуге мүлдем жетпесе, соттан тыс банкроттық рәсімін қарастыруға болады.
Алайда несие төлемін кешіктірудің өзі банкрот деп танылуға жеткіліксіз. Заңда берешек сомасына, төлем жасалмаған мерзімге және борышкердің мүліктік жағдайына қатысты нақты талаптар белгіленген.
Банкроттықтың салдары да бар.
Рәсім аяқталғаннан кейін азамат бес жыл бойы жаңа банктік кредиттер мен микрокредиттер ала алмайды. Заңда жекелеген ерекшеліктер көзделген.
Одан кейінгі үш жылда оның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі. Қайта банкрот болуға тек жеті жылдан кейін рұқсат етіледі.
Соттан тыс банкроттыққа өтінішті eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы беруге болады.
Қаржылық қиындыққа тап болған азаматтар үшін қарызды қайта құрылымдау мен банкроттықтың айырмашылығы елеулі. Біріншісінде берешек келісілген жаңа кестемен өтеледі, ал екіншісінде заңда көзделген негіздер болған жағдайда қарыз міндеттемелері тоқтатылуы мүмкін, бірақ азаматқа бірнеше жылға шектеулер қойылады.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстанда бірнеше кредитор алдындағы берешекті бір өтінішпен реттеу мүмкіндігі туралы түсіндірген болатын.
Ал қарызын банкроттыққа жеткізбей реттегісі келетін азаматтар үшін уақыттың маңызы зор. Өйткені берешек бойынша мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылғаннан кейін Finkelisim.kz платформасындағы ұжымдық реттеу рәсіміне қатысу мүмкін болмайды.