Қазақстандық өндірушілерге жүйелі мемлекеттік қолдау және ЕАЭО-да өз мүдделерін қорғау қажет — сарапшылар

1575
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: коллаж DKNews.kz/AI-generated

ЕАЭО-ның бірыңғай нарығы бастапқыда одаққа мүше елдер арасында тауарлардың еркін қозғалысы мен өзара сауда жасауына жағдай жасау үшін құрылған. ЕАЭО туралы шартта адал бәсекелестік қағидаттары және өнеркәсіп саласына мемлекеттік қолдау көрсетудің бірыңғай тәсілдері бекітілген. Алайда іс жүзінде одаққа мүше елдердің өндірушілері әртүрлі экономикалық жағдайда жұмыс істейді, өндіріс ауқымы да, мемлекеттік қолдау деңгейі де бірдей емес.

Бұл айырмашылық әсіресе азық-түлік өнеркәсібінде айқын байқалады. Мұндай жағдайда кәсіпорындар қалыптасу кезеңінде, яғни қажетті өндіріс көлеміне әлі жетпеген және ірі шетелдік бәсекелестер алдында осал болған кезде мемлекеттік реттеудің маңызы артады. Мемлекеттің міндеті – отандық компаниялардың өндірістік қуатын арттыруға, жұмыс қарқынын күшейтуге және өндірістің тұрақты экономикалық моделін қалыптастыруға көмектесу.

Қазақстандық кәсіпорындардың өндіріс көлемі көбіне Ресей мен Беларусьтегі бәсекелестерінен едәуір аз. Сала өкілдерінің бағалауынша, бұл елдерде мемлекеттік қолдау деңгейі де жоғары.

Осы жағдайда Қазақстан нарығына импорттық өнім жеткізу көлемінің өсуі ерекше назар аудартады. Беларусь Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Беларусьтің Қазақстанға азық-түлік экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-дан астам өскен. Жеткізілімнің негізгі бөлігін сүт және ет өнімдері, сондай-ақ қант құрайды. Соңғы бес жылда Ресейдің Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік тауарларының экспорты 77%-ға артқан. Ресейдің Қазақстандағы сауда өкілі Антон Логиновтың айтуынша, қазақстандық дүкен сөрелеріндегі азық-түлік өнімдерінің шамамен 50%-ы Ресейде өндіріледі немесе құрамында Ресейде шығарылған ингредиенттер бар.

Бұл ретте Беларусь тәжірибесі Қазақстан үшін ерекше назар аударуға тұрарлық. Беларусь аумағының көлемі бойынша әлемде 84-орында болса, Қазақстан 9-орында. Қазақстан халқының саны 20 миллионнан асады. Бұл шамамен 9 миллион тұрғыны бар Беларусь халқынан екі есе көп. Осы орайда заңды сұрақ туындайды: табиғи ресурстары мен мүмкіндіктері әлдеқайда шектеулі Беларусь азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, 117 елдің нарығына шыға алса, Қазақстанның әлдеқайда зор әлеуетін жүзеге асыруға не кедергі?

Беларусь ішкі нарықты қорғауға және отандық өндірісті дамытуға бағытталған жүйелі протекционистік саясат жүргізіп келеді. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі доктринаға қатысты ұсынымдарға сәйкес, бөлшек саудадағы отандық өнімнің үлесін 85%-ға дейін жеткізу межесі белгіленген. Сондай-ақ Сауда туралы заңда және Монополияға қарсы реттеу және сауда министрлігінің актілерінде тауарлардың жекелеген санаттары бойынша беларусь өнімдерінің міндетті ассортименті бекітілген.

Осы жағдайда «Қазақстанның сүт одағының» директоры Владимир Кожевников Қазақстанға басқа елдердің табысты тәжірибесін ескеріп, отандық өндірушілерді дамытуға арналған кешенді жағдай жасау маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сауда желілерімен өзара іс-қимыл жасаудан бастап, қазақстандық өнімге тұрақты сұраныс қалыптастыруға дейінгі шараларды қамтуы керек.

«Қазақстандық өндірушілер өндіріс көлемін арттырып, ішкі нарықтағы үлесін кеңейтуге қабілетті. Отандық өнімнің сапасы нарықтың жоғары талаптарына сай келеді. Қазақстандық өндірушілер шетелдік компаниялармен табысты бәсекелесіп, кейде сапасы жағынан олардан да асып түседі. Тарихи тұрғыдан Қазақстанда Беларусь, Ресей немесе Украинадағыдай ірі кәсіпорындар көптеп қалыптасқан жоқ. Алайда өндірісті ауқымды түрде дамыту үшін уақыт пен тиісті жағдай қажет. Бұл ретте сауда желілерінің рөлі маңызды. Ассортиментті қалыптастыру және дүкен сөрелеріне өнім орналастыру кезінде отандық өндірушілерге басымдық берілуі керек. Тұрақты сұраныс, қолжетімді қаржыландыру, шикізат базасын дамыту және мемлекеттік қолдау болған жағдайда кәсіпорындар өндіріс көлемін біртіндеп арттырып, ішкі нарықтағы орнын нығайта алады. Мемлекет, бизнес және сауда саласы арасында жүйелі үйлестіру қажет. Қазақстандық кәсіпорындардың нығайып, нарықта бәсекеге қабілетті болуы үшін осындай тәсіл ғана мүмкіндік береді», – деп атап өтті Владимир Кожевников.

Қазақстан нарығында импорттық өнім үлесінің артуы отандық өндірушілерге түсетін бәсекелік қысымды күшейтіп отыр. Олар тұтынушы үшін күресіп қана қоймай, өнімнің өзіндік құнына қатысты айырмашылықтарға да тап болады.

Саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков мұндай жағдайда мемлекет бизнестің мүддесін қорғауда маңызды рөл атқаруы керек деп есептейді.

«Қалай болғанда да, мемлекет ұлттық бизнестің мүддесін қорғауы керек. Барлық ел осылай әрекет етеді. Бұл – мемлекеттің бизнес мүддесін жүйелі түрде ілгерілетуі. Мұндай жұмыс оңай емес, бірақ аса қажет. ЕАЭО аясында шешім қабылдаудың түрлі деңгейлері, көптеген фактор мен күрделі экономикалық байланыстар бар. Мысалы, азық-түлік сатылатын ірі сауда желілеріне қол жеткізу де маңызды факторлардың бірі. Ресейлік және беларусьтік өндірушілердің айқын артықшылықтары бар. Бұл тек мемлекеттік қолдаудың жоғары деңгейіне ғана емес, компаниялардың ауқымына да байланысты. Олар – ірі кәсіпорындар. Сондықтан сауда желілеріне өнім көлемі, бағасы және басқа да шарттар бойынша тиімді ұсыныстар жасауға мүмкіндіктері мол. Ал салыстырмалы түрде шағын қазақстандық өндірушілер, әсіресе азық-түлік саласындағы кәсіпорындар, олармен әрдайым тең дәрежеде бәсекелесе алмайды. Сондықтан мемлекет бұл жағдайға белсендірек араласып, сауда желілеріндегі отандық өнімнің үлесін реттеуі қажет. Мысалы, қазақстандық тауарлардың белгілі бір үлесін қамтамасыз етуге болады», – деді Сұлтан Әкімбеков.

Оның айтуынша, мемлекет басшылары деңгейінде келісімге келу жеткіліксіз. Шешімдердің едәуір бөлігі салалық және бюрократиялық деңгейде қабылданады. Сондықтан Қазақстан бұл жұмысқа әлдеқайда белсенді қатысуы қажет. Сұлтан Әкімбековтің пікірінше, бизнес өкілдері де осы үдеріске толыққанды қатысуы керек.

Бұл ретте мәселе нарықты жабу немесе интеграциядан бас тарту туралы емес. Керісінше, Қазақстанның ЕАЭО ішіндегі ұстанымы неғұрлым берік болса, ортақ нарық отандық бизнес үшін де соғұрлым тиімді бола алады.

Сарапшылардың пікірінше, қазір басты міндет – осындай тәжірибені жүйелі жұмысқа айналдыру. Мемлекет отандық бизнестің жағдайын үнемі назарда ұстап, өндірушілерді тұрақты қолдауы және олардың импорттық өнімдермен тиімді шарттарда бәсекелесуіне мүмкіндік беретін жағдай жасауы қажет. Сонымен қатар салалық бірлестіктер Еуразиялық күн тәртібін қалыптастыруға толыққанды қатысуы керек. Бұл бизнес ұстанымын уақтылы жеткізуге және отандық өндіріске тікелей әсер ететін шешімдерді талқылауға мүмкіндік береді.

Мұнда мәселе жекелеген кәсіпорындардың коммерциялық мүддесімен ғана шектелмейді. Отандық азық-түлік өнеркәсібінің дамуы – жаңа жұмыс орындары, салық түсімдері, өңірлердің өркендеуі және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -